ӘЖЕМНІҢ БАҚИЛЫҚ БОЛҒАНЫНА ШҮКІР ДЕДІМ
Бастуышты енді тәмамдап, бесінші сыныпқа аяқ басқан шақ еді. Теледидар алдында отырған әжем түңіліп кетіпті. Негізінен ол кісі көгілдір экранға көп көңіл бөлмейтін. (Қазір ойлап қарасам, ол да жөн шығар.) Қасына барып себебін сұрағым келді. Бірақ, сұраулы көзден бірнәрсе сезді ме білмеймін, апам ішіндегісін өзі-ақ ақтара бастады. Байыбына барсам, тәртіп сақшылары жеңіл жүрісті қыздардың мекен-жайын анықтап, қылмысын әшкерелепті. Біздің үйдегі көк жәшік осы жайтты жаңалықтан беріп жатыр екен. «Мұның кімге керегі бар екен? Мақсат тәртіп сақшыларының ерлігін дәріптеу болса, басқа да жұмыстар көп қой» дейді әжем.
Кеше әлеуметтік желіні ақтарып отырып, осыдан 15 жыл бұрынғы әжемнің айтқаны есіме түсті. Бір жағынан телеарна бой түзейтін халықтың айнасы емес, әркім ойына келгенін жасап кететін арзан дүние ме деп қалдым. Қазақтың киелі санымен айдар таққан 7 арнада «Өз ойым» деген бағдарлама шықты. (Қазір ұлттық тәрбиенің тамырына балта шабатын мұндай бағдарламалар біздегі көп арнада бар). Көрерменге жол тартқалы әлгі бағдарламаға келгендердің көбісі ойына келгенін айтты. Онысымен қоймай, жұрттың да жүрегін айнытты. Олардың ішінде жасы сексенге келсе де әлі төсек қатынасына ширақ екенін айтатындар, көгілдірлердің бұл жолға қалай түскенін, ақыр соңы арын сататын қыздар, қысқасы «Өз ойымда» өз ойын айтатындардың қатары қалыңдады.
Мұндай арзан бағдарламалар басында қажетті дүниелерді қаузап, аяғында арзан тақырыптарды талғажау етеді. Мақсат – алдымен көрерменді көтеріп алмай, ақырындап көзін үйрету. Бастала салысымен анайы әңгімені тақырыпқа арқау етсе, жұрттың жаппай наразылығы туатыны заңдылық қой. Бұл бәлкім продюсер сымақтардың идея есебіндегі басты ұстанымы болуы керек.
Не керек, «Өз ойымда» кеше бір қонақ қарындасымыз (қарындастан садақа кет) арын саудаға шығаратынын айтып, 18 миллион халыққа паш етті. Ойладым, қазір кезекті шығарылым аяғына жетпей, эфирден қиып тастай ма деп. Жоқ, бүтін бір телеарна үшін айтыскер ақындардың сүбелі сөзіне қарағанда аруларымыздың арын саудаға салғаны маңызды екен. Үйде жалғыз өзім (кімнен қысылып отырғанымды өзім де білмейм) жаңағы тексіздің теріс әрекетін қарап отырып, кірерге тесік таппадым. Ойлаңызшы, 18 миллион қазақстандықтың ішінде құрығанда 10-15 отбасында жастар бұл бағдарламаны қарады ғой. Біз сонда кейінгі буынға не беріп жатырмыз? Бір жағынан бұрынғы жайт есіме түсіп, әжемнің бақилық болғанына шүкір дедім. Ұяттан өлгенше, арсыз қоғамнан ажалдың арашалап алғаны мың есе артық емес пе? Арсыз қоғам демей не дейміз? Жұртты жақсылыққа баулиды деп елдің айнасы қылған арналарымыз анайы тақырыптан әрі аспаса, мұны бір тыйса, аузы дуалы ақсақалдар тияды деп үміт артсаң, қазына көрген қарттарың эфирде олардан асып түсіп жатыр. Қарап отырсақ, Шерағам айтқан бір кем дүниені біз қолдан жасап отырмыз. Бұрын ел болып назын айтса, кез келген қазақ сөзге тоқтайтын. Қазір ше, бірбеткейлік бәріміз де бар. Кейде ібілістің «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген теріс тәлімін бұлар өмірлік ұстаным етіп алған ба деп қалам. Болмаса, көпекөрнеу нәрсені көппен бөлісу кімнің ойына келеді дейсің?
Енді тақырыпқа оралайық. Теңгеге тәнін сататындарды жеңіл жүрісті қыздар дейді. Ал, арын сататындарды не дейміз? Жайдарманда танылған Нұрболхан деген бауырымыз әлгі қызбен байланысып, оның мұндай әрекетке бару себебін сұрапты. Айтуынша, байғұс қыз алданып қалған. Яғни, «Өз ойымның» ұжымы «Осылай деп ел алдында айтсаң, тез танымал боласың, сенің әлеуметтік желіде қаралымдарың көп болады» дейді-мыс. «Жұлдыз қыламын» десе ар былай тұрсын, қазір жастардың көбі жанын беруге даяр-ау. Не керек, қыз келіседі де жұрт алдында осылай дейді. Кейіпкер көшедегі жәй адамның бірі емес, білдей ЖОО-ның талапкері екен. Алла оған разы болсын, жүрегінде иманы бар азамат екен. Оқу орнының басшысы сол замат әлгі қызды оқудан шығарып жіберіпті. Ал, жаңағы сатира саласының өкілі енді қыздың алданып қалғанын айтып, білім ордасында оқуын жалғастыруын университет ректорынан өтініп отыр. Ойлап қараңызшы, сіз мұның қай жерін алданып қалуға жатқызасыз? Телеарна ұжымы өз ойын жасырын түсіріп алып, жариялап жатқан жоқ. Ел алдында не деп айтатынын ашық айтты, қыз да келісті. Яғни, ол мұндай әрекетке саналы түрде барып отыр. Мысал келтіре кетейік, мәселен бір ұрлық жасап қойған қылмыскерді қолға түсіргеннен кейін оның мұндай әрекетке бару себебін сұрайық. Ол әлеуметтік жағдайының төмен екенін айтып ақталды. Байғұс жағдайы болмағасын осылай жасаған екен» деп оны жазадан босата аласыз ба? Бұл кейіпкердің де олардан еш айырмашылығы жоқ. Қолының сұғанағы бар қылмыскердің саған залалы тисе, құрығанда әлеуметтік тұрғыдан шығынға батырар. Ал, мыналар одан да қауіпті. Керісінше, мұндайларды елден аластау қажет. Сонда ғана ұлттық киіміңді жартылай жалаңаш денесімен жариялап қорлайтындар, жалпыға ортақ қоғамда ойына келгенін жасайтындар азаяды. Енді «Өз ойымға» келейік.
Жалпы, бұл бағдарламаның жүргізушілері БАҚ саласына қадам басқан кез келген қаламгер үлгі тұтатын азамат пен азаматша деп білетінмін. Байыбына барсам, олай болмай шықты. Осыған дейін ұлттық арнада «Әйел бақыты» бағдарламасын тізгіндеген Ләйлә Сұлтанқызынан мұндай теріс әрекеттерді насихаттаудың түр-түрін күтуге болады. Себебі, ол сонда жүріп-ақ көгілдірлерді қонаққа шақырып, ұлттың жалғыз арнасының тұнығын лайлаған еді. (Өзінің есімін сол Ләйлә емес, Лайла деп түсінеді-ау) Біз қасқырға қой бақтырып жүр екенбіз. Болмаса, бір кездері «Балапан» арнасының тізгінін де соған тапсырған едік. Ал, Алмас Алтайды өз басым мұндай ұсақ азамат деп ойлаған емеспін. Байқасам, баққаным бақа болыпты.
Қойш не керек, маған дейін де бұл жайтқа қатысты сынның түр-түрі айтылды. Бірақ, бір өкініштісі, бұл қолына қалам ұстап, өзін БАҚ саласының бір мүшесі санайтын барлық азаматқа қаратаңба болды. Оны мойындауымыз керек. Тек, БАҚ өкілдеріне ғана емес, жалпы қазаққа ұят нәрсе. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» тізгіндеген бағдарлама осындай тақырыпты әңгімеге арқау етіп, жалпы жұртпен бөлісті. Мұнан кейін ертең өскелең ұрпақ не ойлайды? Мемлекеттің қайраткері болу үшін осындай жұмыстар жасау қажет деп түйе ме? Әлемдік спортта «допинг» қолданғандарды жарыстан шеттетіп, тіпті, бұған дейінгі барлық атағын алып қойып жатады. Бізде де мемлекеттік атақтарды алып алып, ойына келгенін жасап жатқандар көп. Спорт аренасындағы тәжірибеде бар тәсілді бізге де қолдану қажет. (Қазір көшедегі ішімдікке салынған бір адам мен мемлекет қайраткерімін десе таңқалмаймын).
Кеше әлеуметтік желіде маңдайалды айтыскер ақынның бірі «Алмас Алтайды бұл бағдарламаның қанша қаржымен тартып алғанын білмеймін» деп жамандыққа қиғысы жоқ. Бұл ешқандай шешімі жоқ сауал емес. Әлгі қарындасымыз қалай көнді, бұлар да дәл солай осындай іске барып отыр. Керісінше, бұлар бірінші қадамды жасап, өздерінің дүбаралығымен қоймай жұрттың тұнығын лайлауға шықты. Бұл айтыскер ақын да әлгі қызды ақтап мүсіркейді. Айтып отырмын ғой, оған аянышты көзбен қарайтындай ештеңесі жоқ. Қанша бағдарлама ұжымы үгіттеді дегенмен оның өз ойы сол болды. Болмаса, ұсыныстан кейін де онда таңдау еркі болды ғой.
Қайран әжем, мәңгілік мекенің жұмақ болсын. Бір кездері тәнін сататын қыздарды тұтқындап жатқанын көріп, кірерге тесік таппаған едің. Ал, қазір арын сататындарды жалпыға бірдей жарнамалаймыз. Мұны көргеніңнен көрмегенің де дұрыс шығар деп қалам.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.