» » » АБАЙЛАП СӨЙЛЕЙІКШІ!

АБАЙЛАП СӨЙЛЕЙІКШІ!


Ауылда өстік. Көпбалалы отбасында ер­жеттік. Әке-анамыз күнұзағына жұмыста болады. Тауық шөжесіндей шүпірлеген өңшең қызыл қарын перзенттерінің ішім-жем, қажетін тауып беру оларға оңайға соқты дей­мі­сіз? Біздің бар тәрбиеміз, жауапкершілік жүгі әкемнің анасы, әжеміздің мойнында. Бала бағудың жеңіл емесі аналар қауымына жақсы мәлім. Қаншама шаршап-шалдығып, бізге кейісе де әжеміздің қарғыс сөз айтқанын бірде-бір рет естімеппіз. Бұл барша әжелерге тән әдет шығар деп ойлаймын.
Әжем марқұмның «Кімге де, әсіресе, бала-шағаға қарғыс, нала болған сөзді айтуға болмайды. Өсетін жастың талабына, өміріне зиян болады» деген сөзі жадымызда қалыпты. Небәрі Саужойдан әріп таныған, шала сауатты ананың өмірге деген көзқарасына қалайша таңданбайсың?! Біздің ауылдың балалары Жанқожа батыр, Ақтан батырдың есімдерін, батырлық жолын естерін білгеннен естіп өсті десек, өтірік емес. Кеңестік жүйенің кезінде де үлкендер қос баба жайлы қызықты әңгімелер шертетін. Алайда «әулиелердің есімдерін тура атауға, жиі айта беруге де болмайды» деп баба, батыр ата деп атайтын. Бұл ұғым қазір де кездеседі.
Енді көңілімде жүрген, көзім көрген жайт­пен бөліссем. Қазалы қаласына бармақшы болып автобусқа міндік. Күз мезгілі. Жауын бүркіп тұрды. Автобус орнынан қозғалар-қозғалмастан аямай боянып, сыланған жас­тау әйел жүргізушіге «Мені Жанқожаның қасынан қалдырып кетші» деді қатқылдау үнмен. Шофер үнсіз басын изеді. Мұны естімеді деп санады ма, келіншек даусын жаңағыдан да қатайтып «Мені Жанқожаның қасынан тастап кет дедім ғой» деді тағы да. Шыдамаса керек, бір үлкен кісі «Балам, ол кісі аса киелі,  әулие адам. Тура атын атамай, баба, болмаса батыр ата дегенің дұрыс» деген еді. Әйел өршелене түсіп, жаңағы сөзін тағы әлденеше мәрте қайталады. Отағасы енді ауыз ашса, ұрыс басталатынын түсінгендей үнсіз қалды. Бабаның кесенесіне жақындап қалғанбыз. Аяқ астынан тарс еткен дыбыс шықты да автобус бір қапталға қарай қисая берді. Салонда шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады. Сырғанап, жолдың нақ жиегіне аялдаған автобустан бәріміз түсуге асықтық. Балоны жарылып, жауынның салдарынан тайғанақтап барып тоқтапты. Жүргізуші болса, «кеше ғана жаңадан салған едім, не болғанын қайдам?» дейді маңдайынан сорғалаған терін сүртіп. Дөңгелекті ауыстырып алып, қайтадан жолға шықтық. Кесір тілді келіншек болса сол жерден қалып қойды.
Арада біршама уақыт өтсе де, аузы көбік­тенген әйел, жарылған балон, бір бүйіріне қарай жантайған автобус жадымнан шығар емес.

27 ақпан 2018 ж. 796 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031