Бір-екі баламен “Батыр Ана”
Жалған құжат жасап “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иеленіп, мемлекеттен жәрдемақы алып келген аналар анықталды.
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында осындай жалған құжат жасатып, заңсыз әрекетке барды деген күдікпен сегіз ана тергеліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, заң органдары аудандағы өзге де ауылдарды тексеруге көшті. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.
Жымысқы жолмен жәрдемақы алып келген әйелдерді ауылдастары аңғарған. Екі баласы бола тұрып, Батыр Ана атанғандарды көріп аң-таң болған жергілікті тұрғындар әкімшілікке шағымданған. Ішінде бір баламен алғандар да бар екен. Ауыл әкімі жалған құжатты аңғармай қалдық дейді. Жетпеген балалар Қытайда тұрып жатыр деп айтты деген соң сеніп қалған. Күйеуінің бұрынғы әйелінің Қытайдағы балаларын да тіркетіп алғандар бар екен.
Қазір тергеудегі сегіз адамның бесеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Құжатты жасап жүрген 2 адам қамауға алынды. Жалған құжатпен жәрдем ақы алып келгендер көп болуы мүмкін деген күдікпен қазір барлық ауылдар тексерілуде.