» » СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

"Nur Otan" партиясы аудандық филиа­лында аудандық қоғамдық кеңестің оты­­рысы өтті. Басқосуға кеңес мүшелері, ауыл әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.
Жиынды ашқан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Кенжеғара Сүлейменов күн тәртібінде қаралатын мәселелерді назарға ұсынды. Бірінші мәселе бойынша сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ақтау Ералиев аудан көлемінде заңсыз есірткі егу фактілерін болдырмау, егілуі мүмкін жерлерді анықтау, олардың алдын алуды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.
– Аудан көлемінде соңғы екі жылда, яғни, 2017-2018 жылдары аралығында анықталған есірткі алқаптары жайлы және «Көкнәр-2019» операциясын өткізуге дайындығы барысы туралы айтатын болсақ, есірткінің заңсыз айналымына, марихуананы заңсыз дайындауға, жинауға және әкетуге, құрамында есірткі бар өсімдіктерді баптап өсіруге, қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында бөлімде тәжірибелі қызметкерлер арасында топтар құрылып, бұйрық әзірленіп, арнайы іс шара жоспары бекітілді. 2017-2018 жылдары аралығында аудан көлемінде анықталған құрамында есірткі заты бар өсімдіктердің, егістік алқаптарының тізімі және картасы жасалып, бөлім қызметкерлерімен қайта тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, есірткі егудің алдын алу мақсатында АПБ-ның басшылығымен жедел қызмет саласы және Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларына құрамында есірткі заты бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егіп-өсірудің алдын алу бағытында аудан көлеміндегі әр елді мекеннің әкімдері, жер учаскесінің меншік иелері, жеке шаруашылық және қожалық төрағаларының, аудандық орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен халықпен кездесулер өткізіліп, бейнероликтер арқылы сора өсімдіктерінің түр-түсі көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хаттамалануы жоспарлануда, – деді баяндамашы.
Сондай-ақ, ол есірткі өсімдігін жедел анық­тау мақсатында полиция бөліміне "Дрон" құрылғысы керектігі жөнінде ұсыныс білдірді.
Бұл мәселені жіті талқылаған кеңес мүшелері сора өсімдігіне тосқауыл болатын шараларды одан әрі күшейту қажеттігін назарға салды. "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева орталық алаңға орнатылған "LED экран" арқылы бейнероликтер көрсетіліп тұру қажет екенін жеткізді.
– Орталық алаңдағы үлкен экранды қон­дырғы бос тұр. Соны іске қосып, осындай мәселелердің алдын алуға қатысты көпшілікке бейнероликтер көрсетілуі керек. Өйткені, бұл мәселемен қоғам болып күресіп, нашақорлықты болдырмауымыз керек, – деді ол.
Мұнан соң, кеңес отырысындағылар кент көлемінде атқарылған санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығы аясында жүзеге асқан жұмыстарды талқылады.
– Сенбілік жұмыстарына тартылған мекемелер бекітілген аймақтар бойынша шөптерді шабу, арықтарды тазарту, күл-қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау және шығару жұмыстарын жүргізді. Кент әкімдігі тарапынан 1 тонна 800 кг (90 қап) әк таратылып, барлығы 1500-нан астам талға ақтау жұмыстары жүргізілді. Жалпы, кенттегі көркейту-көгалдандыру жұмыстарының және санитарлық тазалық сақтау жұмыстарының бас мердігері – «Сыр Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кент көшелерінде 74 қатты қалдықтарға арналған және 40 сынап бар жарамсыз шамдар мен химиялық қуат көздерін жинақтайтын арнайы контейнерлер орналастырылған. Биылғы жылы санитарлық тазалық сақтау жұмыстарын күшейту мақсатында 100 контейнер сатып алу көзделіп отыр. Оның ішінде сәуір айында 40 контейнер кент ішінде белгіленген орындарға орнатылады. Сондай-ақ, көктемгі санитарлық тазалық айлығы аясында кент орталығынан 900 метр арық бойына мекемелер арқылы тал егу, қоршау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр, – деді кент әкімінің міндетін атқарушы Мардан Жамалатов.
М.Жамалатовтың баяндамасынан кейін кеңес мүшелері тазалыққа қатысты бір­қатар мәселені ортаға салып, атқарылған жұмыс­тарды талқылады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев қоқыс салатын контейнерді жеке тұрғын үйлердің өздері сатып алуы керек деген ұсыныстың дұрыс еместігін айтып, тазалыққа қатысты істеліп жатқан жұ­мыс­тардың әлі де көңіл көншітпейтінін айтты.
– Контейнерді тұрғындардың өздері сатып алуы керек пе? Бұл ұсыныстарыңыз артық. Өзіңіз айтқан 100 континерді көшеге қояды, қалғандары сатып алады екен. "Сен сатып аласың, ал, саған тегін қойып береміз" деудің кейпі ғой бұл. Олай халықты бөліп, алалауға болмайды. Негізі, тазалыққа байланысты істеліп жатқан жұмыстардың ұстанымы дұрыс болмай тұр. Тазалық – бәрімізге ортақ. Сондықтан, бұл жұмыстарыңызды әлі пысықтаңыздар, – деді С.Әлиев.
Келесі мәселе бойынша оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімше басшысының орынбасары Серік Сығайбаев аудан елді мекендерінің таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі туралы хабарлады.
Оның айтуынша, Жалағаш кенті және Ақсу, Аламесек, Еңбек, Бұқарбай батыр, Жаңаталап, Таң, Шәменов, Қаракеткен, Мырзабай ахун елді мекендеріне тәулік бойы үздіксіз ауыз су таратылуда. Сервистік су жүйесі толық жүргізілмеген Аққұм, Мәдениет елді мекендеріне тәулігіне 8-10 сағат, ал Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендеріне тәулігіне 3-6 сағат ауыз су беріліп отыр. Ал, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес, 2017-2018 жылдары аралығында Қаракеткен, Шәменов және Мырзабай ахун елді мекендерінің ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді. Осы бағдарлама аясында, Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерінің ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталған еді. Ол, осы жылдың шілде-тамыз айларында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.
– Аудан бойынша ауыз су пайдаланып отырғандардың жалпы саны 6461 тұрғын үй болса, оның ішінде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғаны – 4952. Бөлімше тарапынан су есептегіш құралын орнатуға арнайы бригада құралып, бүгінгі таңда қажетті жұмыстарды атқаруда. Жыл басынан бері ауыз суға қарызы қордаланған тұтынушылардан төлемақы өндіру үшін бөлімше мамандары 12 рет рейд ұйымдастырды. Тұтынушыларға берілетін ауыз судың сапасын анықтау мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен келісім шарт жасалып, ай сайын ауыз судың үлгісі алынып, су құрамы тексеріліп отырады. Сонымен қатар, су құбыры және су сақтау қоймаларына көктем-күз мезгілінде жуу және залалсыздандыру жұмыстары қоғамдық ден­саулық сақтау мамандарының қатысуымен өз деңгейінде жүргізілуде. 2018 жылы жалпы сомасы 11829,6 мың теңгеге Жалағаш кентінің Нысанбай жырау көшесі бойындағы ұзындығы 810 метрді құрайтын ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, су қысымы жоғарылады, – деді өндірістік бөлімше басшысының орынбасары С.Сығайбаев.
Кеңес мүшелері ауыз судың қысымы жоқ екенін және тұрғын үйлерге есептегіш құралдарын орнату жұмыстары баяу жүріп жатқанын жеткізді.
– Судың қысымы болмағандықтан насос пайдаланамыз. Соның салдарынан электр энергиясын пайдалану көлемі өсіп, екі еселенген қаржыны жарыққа төлейміз. Сосын, тұрғын үйлердегі ауыз су тетіктеріне есептегіш құралдарын орнату жұмыстары қанағаттанарлықсыз. Сұрасақ, "істеліп жатыр" дейсіздер. Сонда бұл қашан аяқталады? – деген кеңес мүшелері бұл жұмыстарды жеделдетуге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Күн тәртібінде ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының 2018 жылғы іске асыру туралы есебі, мемлекеттік тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлерін белгілеу, үгіттік баспа материалдарын орналас­тыру үшін орындар белгілеу туралы мәселелер қаралды.
Жиын соңында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы К.Сүлейменов жоғарыда аталған мәсе­ле­лерге байланысты кеңес қорытындысымен тиісті ұсыныстар әзірленетінін жеткізіп, судың да сұрауы болатынын еске салды.

Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.
23 сәуір 2019 ж. 470 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930