» » Қызылордада ауыл тұрғыны құрама жем шығаратын цех ашты

Қызылордада ауыл тұрғыны құрама жем шығаратын цех ашты


Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жосалы кентінің тұрғыны Людмила Альмерденова құрама жем шығаратын цех ашты.


Қызылордалық кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Дәлірек айтсақ, Людмила «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша курс оқып, кәсіп жасаудың қыр-сырына қаныққан. 

«Біз жолдасым екеуміз тың кәсіптің көзін табуға тырыстық. Үнемі «Бизнес бастау» курсына қатысып, тәжірибе жинап жүрдім. Сөйтіп, жалдамалы пәтер алып, еш несиесіз құрама жем шығару цехын аштық. Әлеуметтік желі арқылы іздестіріп, Ресейден сағатына 400 келі өнім шығаратын құрылғыны тауып алдық», - деді ол. 

Людмила жастайынан мал бағып үйренгендіктен, төрт түлікке қандай азық қажет екенін жақсы біледі. 

«Малға құнарсыз жем-шөп беріп, мол сүт аламын, көп ет жеймін деу бекер әңгіме. Адам ағзасы да күнделікті бір тамақты тұтынғанды қаламайды. Дәрумендер қажет етеді. Ол да сол секілді. Қармақшы ауданында мұндай құрама жемнің жоқтығын біліп, осы кәсіпті қиын болса да қолға алдық. Қоспаларын жинау оңай емес. Әр өнімді жер-жерден алдырамыз. Күнделікті дүкендегі жеммен салыстыруға келмейді мұны», - деді жас кәсіпкер.
   
Құрама жемнің келісі – 80 теңгеден. Бір жем арқылы мал ағзасына бірнеше шөптің құнары барады. Людмила тұрғындарға осыны түсіндіріп әлек. 

«Нәтижесін көрсе, өкінбейтініне көздері жетеді. Кәсібіміз дамыса, бұл мал өсірушіге де, бізге де тиімді. Бидай ұнтағы, жоңышқа, күнжара, 3 кальций фосфаты мен түрлі құнарлы қоспадан дайындалатын жем сүт пен ет бағытында мал өсіріп отырғандар үшін таптырмас өнім. Жалпы, кәсібімізді бастағанымызға көп болған жоқ. Әзірге бір кісіні жұмыспен қамтып отырмыз. Сауын сиырына беріп көргендер жемді күтіп тұрып дайын болғанда дереу алып кетуде. Алға жылжи бастаса, тек аудан емес, басқа облыстарға да жеткізуге жұмыс істейміз», - деді Людмила Владимирқызы. 

Құрама жем шығаратын жаңа цехтың өніміне жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс түсуде.
   
«Мен жылқы бағамын. Құрама жемді беріп көріп ем, үш-төрт күннің ішінде оң нәтиже байқалды. Енді үнемі Людмиланың цехынан жем алып тұрамын. Бағасы да тиімді», - деді жеке кәсіпкер Нұрлан Жалғасбайұлы.  

 
Фото: ашық дереккөз
BAQ.KZ


24 сәуір 2019 ж. 984 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930