ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫ – ҒАСЫР ДЕРТІ
Чернобыль апатының орын алғанына – 33 жыл толуына орай сол апат зардаптарын жоюға қатысқан жерлесіміз, аудандық Чернобыль ардагерлері кеңесінің төрағасы Серікбай Ыбыраев аудандық индустриалды-аграрлық колледжінің студенттерімен кездесті.
Басқосуды белгілі тарихшы, №123 мектеп-лицейінің ұстазы Дархан Ілиясов жүргізіп, өткен ғасырдағы ірі апаттың бірі – Чернобыльдегі атом электр станциясы екенін айтты. Осы АЭС-те жұмыс жасаған, көрші елдегі апатты ауыздықтауға бар күш-жігерін жұмсаған Серікбай Ыбыраев өзінің көрген-білгенін жастарға әңгімелеп берді.
– 1989 жылы Украинада орналасқан Чернобыль қаласындағы атом электр станциясындағы жарылыс орынына жіберді. Бар-жоғы 8 күннің ішінде екі вагонға толы қазақ жігіттері атом станциясының орын алған аумағына жеттік. Қаланы бір бағдарлап көріп келген біздер ертеңіне өз жұмысымызға аттандық. Ол жердегі негізгі міндетіміз – Атом станциясында жұмыс жасап шыққан жұмысшыларды залалсыздандырумен айналысатынбыз. Жарылған 4-ші блок біздің жұмыс орнымыздан 10 метрдей жерде қызметкерлер ауық-ауық киімдерін ауыстырып жататын. Уға толы жұмыс орнында 15-20 минуттан артық тұруға болмайтын еді. Кейде Припять қаласына баратынбыз. Сол кезде қаланы барлық жұмысшылар «өлі қала» деп атайтын. Себебі, барлық зат, ағаштар, жеміс-жидектер тұнып тұрған у болатын. Бір күні Целиноград қаласынан келген Борис есімді жігіт көз алдымызда түскі асына тұра алмай екі бүктеліп жатып қалды. Кешке дейін ауырған ол сол күні көз жұмды. Бір үйдің тірегі көз алдымызда өмірімен қош айтысты. Өмірге енген у біздің денсаулығымызды құртып жатқанын біз кейінгі жылдарда ауруға шалдыға бастағанымызда ғана білдік. Екі жарым айдың ішінде бүкіл күш-жігеріміз бен денсаулығымызды құрттық. Сол кезеңдерде бізде бір ғана мақсат болды. Ол Отан алдындағы борышымызды адал атқару болатын, – деді ардагер.
Нақтырақ айтсақ, осыдан 33 жыл бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алған болатын. Бұл – келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандық қатысқан. Оның ішінде, жалағаштық жауынгерлер де бар. Бүгінгі таңда осы апатқа аудан бойынша қатысқан тек 5 ардагер ғана қалды.
Жиын соңында тарихшы Дархан Ілиясов қаншама адамның тәні мен жанына жара салған алапат апаттың салдарын жоюға қатысқан жерлестеріміздің ерлігі туралы сөз қозғап, апаттың салдарынан қаза болған азаматтардың рухына тағзым етті. Игілікті шараны жас өнерпаздар әсем әндерімен әрлеп, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.