» » ЧЕРНОБЫЛЬ ҚАСІРЕТІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ЧЕРНОБЫЛЬ ҚАСІРЕТІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Биыл Чернобыль апатының орын алғанына – 33 жыл. Бұл апатты жоюға 600 мыңға жуық адам қатысты. Химиялық қорғау әскері құрамындағы 32 мың қазақстандықтардың ішінде жалағаштық жауынгерлер де болды. Олар өз денсаулығы мен өмірлерін қатерге тігіп, Украина халқының басына ауыр күн туғанда қол ұшын созды. Біз сол апат зардаптарын жоюға қатысқан жерлесіміз, аудандық Чернобыль ардагерлері кеңесінің төрағасы Серікбай Ыбыраевпен сұхбаттасқан едік.
– Серікбай аға, өзіңізді Чернобыль апатының куәгері ретінде жақсы танимыз. Атом электр станциясында жұмыс жасаған, көрші елдегі апатты ауыздықтауға бар күш-жігерін жұмсаған жансыз. Әңгімені Чернобыль апатынан бастасаңыз.
– Иә! Бұл апаттың өткеніне де 30 жылдан асыпты. Бізде жас болдық. Бала кезде Жалағаштың құмы мен қастерлі топырағына аунап өстік. 1974-1976 жылдары Ресейдің Капустин-Яр қаласында әскери сынақ полигонында 2 жыл әскери борышымды өтеп келдім. Әскери борышты өтеп келген соң, аудандық АТП мекемесіне жүргізуші болып қабылдандым. Содан 1989 жылы қыркүйек айында қайта әскерге шақырылып, Украинада орналасқан Чернобыль қаласындағы атом электр стан­циясындағы жарылыс орнына жі­бер­­ді.
– Бастапқыда Чернобыльге бара­тыныңызды білгенде бойы­ңызды қорқыныш-үрей билеген шы­ғар?
– Алдымен мынаны айтқым келеді. Сол жылдары мені ауылдан қайта әскерге шақырту жібертіп, облыс орталығына алдыртты. 8 күннің ішінде екі вагонға толы қазақ жігіттері атом станциясының апат орын алған аумағына жеттік. Сол қасіретті аймақта қазақ ұлтынан басқа да өзбек, түркімен жігіттерін де көріп қалдық Чернобыль қаласына жеткен соң полк командирі бізге тиісті жұмысымызды тапсырды. Барша денсаулығы жарамды қазақ жігіттері моншаға түсіп, залалсыздандырып, жұмыс орнына бардық. Бос қаңырап қалған үйлер мен қараусыз қалған қалалар. Көше бойы егде жастағы қарттар ғана қалған. Жастар жағы басқа қалаларға көшіп кеткен. Біз сол кезде әлі де болса радияцияның адам ағзасына қаншалықты қауіпті екендігін аңғармаппыз. Әлгі қарттарға барып, «бұл қаладан неге көшіп кетпедіңіздер?» деп сұрақ қойғанымызда олар туған жерін қандай жағдай болмасын тастап кетпейтіндіктерін айтқан еді. Әлі есімде сол қалада Припять деген өзен ағып жататын. Өзендегі судың мөлдірлігі сондай жүзген балықтар мен балдырлар көрініп жататын. Сол қала көшелеріндегі алма бақтар, жеміс ағаштары көздің жауын алатын. Бірақ, мүның барлығы атом сәулесімен уланған, жеуге жарамсыз дүниелер еді. Қаланы бір бағдарлап көріп келген біздер, ертеңіне өз жұмысымызға аттандық. Менімен бірге Қуаныш Андақұлов пен Арал қаласынан келген жерлесім Серік үшеуміз бір ауысымға жұмыс жасауға аттанып кеттік. Ол жердегі негізгі міндетіміз Атом станциясында жұмыс жасап шыққан жұмысшыларды залалсыздандырумен айналысатынбыз. Жарылған 4-ші блок біздің жұмыс орнымыздан 10 метр­дей жерде қызметкерлер ауық-ауық киімдерін ауыстырып жататын. Уға толы жұмыс орнында 15-20 минуттан артық тұруға болмайтын еді. Біз сыртқа кішкене терезеден қарап тұратынбыз. Жұмысшылар киімдерін ауыстырып, залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз атқарып жататын. Кейде жұмыстан жалыққан кездері жасырын Припять қаласын барып көретінбіз. Бұл қаланы негізінен жастар салған екен. Ал, біз барғанда радиация кесірінен барлығы өз үйлерін тастап көшіп кеткен. Сол кезде қаланы барлық жұмысшылар «өлі қала» деп атайтын. Осы қала АЭС-те жұмыс істейтін адамдар үшін салынған екен.
– Жаңа өз сөзіңізде «өлі қаланың» тіршілігін айтып кеттіңіз. Тірі өлместің қамын жасайтыны анық. Сіздер елге аман жету үшін қандай қадамдарға бардыңыздар?
– Жалпы, қазақта өлместің күнін кешу немесе тіршілік ету деген ұғымдар бар. Біз өлі қалада жүргенімізде жердегі қара топыраққа да жақындамаушы едік. Себебі, барлық зат, ағаштар, жеміс-жидектер тұнып тұрған у болатын. Бір күні Целиноград қаласынан келген Борис есімді жігіт көз алдымызда түскі асына тұра алмай екі бүктеліп жатып қалды. Кешке дейін ауырған ол сол күні көз жұмды. Бір үйдің тірегі көз алдымызда өмірімен қош айтысты. Өмірге енген у біздің денсаулығымызды құртып жатқанын біз кейінгі жылдарда ауруға шалдыға бастағанымызда ғана білдік. Екі жарым айдың ішінде бүкіл күш-жігеріміз бен денсаулығымызды соқыр саясаттың құрбаны еттік. Сол кезеңдерде бізде бір ғана мақсат болды – ол Отан алдындағы борышымызды адал атқару. Біз сол жастықтың жалынымен қандай да болмасын ерлік жасадық деп ойлаған емеспіз. Біздің міндетіміз қазақ жігіті екендігімізді әрқашан есте ұстап, Отан алдындағы парызды адал атқару болатын.
– Бүгінде сіздерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
– Елге оралған соң мен денсау­лығыма байланысты еңбекке жарам­сыздық парақшасын алдым. Бұл менің өмірімдегі ең бір өкінішті сәттер болатын. 1992 жылдан бастап мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың санатына­ қо­сыл­­дым. Өз елімде оқып, қызмет атқарамын деген арман-тілегім ой-санамда сайрап қала берді. Денсаулығым мақсаттарымды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюшыларға түрлі әлеуметтік көмек тағайындалды. Дәрігерлік тексерулер мен көмектерді уақытылы алып тұрамыз. Бүгінгі таңда осы апатқа аудан бойынша қатысқан тек 5 жігіт қана қалыппыз. Олар Мансұр Аппазаев, Серікбай Қайыров, Уәлихан Байниязов,­ Дүйсенғали Ишпантаев және мен. Қазіргі таңда Чернобыль апатының орын алғанына 26 сәуірде 33 толады екен. Осы жылдарға дейін Чернобыль апатына 25, 30 жыл толуына орай төсбелгі, ҚР Қарулы күштеріне 20 жыл, ҚР Конституциясына 20 жыл толуыларына орай төсбелгілер мен Облыс әкімінің «Алғыс хаттары» және «Құрмет» грамоталарымен марапатталдым. Жуырда халықаралық Чернобыль ардагерлері және жергілікті соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Рахымберлі Зайт­бек­ұлы­­ өз қолымен Дүйсенғали Ишпантаев­­ екеумізге "Қызыл жұлдыз" орденін тағып, «Чернобыль апатында істеген ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Жыл сайын мемлекет тарапынан сауықтыру-тынығу орындарына тегін жолдама алып оты­рамыз және аудан әкімдігі тарапынан сый-сияпаттар көрсетіліп келеді. Әлеуметтік сала мамандары әлеуметтік қолдау көрсетіп, емхана дәрігерлері қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде. Денсаулығымызды бақылап, арнайы қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысым шексіз!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.

16 сәуір 2019 ж. 809 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930