ҮЗДІК ОҚЫРМАН
Есет батыр ауылдық кітапханасында «Үздік оқырман» тақырыбында шара ұйымдастырылды. Шараны Жанат Шаймерденқызы жүргізіп, оқырмандарға кітаптың маңыздылығын атап өтті.
Бенефис негізінде ұйымдастырылған шараға кітапхананың тұрақты оқырманы Мұқан Мұратбай қатысып, кітап оқыған адаммның сауатымен тіл шеберлігі, рухани мүмкіндігі басқалардан әлдеқайда үстем болатынын айтып өтті. «Кітап – білім бұлағы» дегенді бекерден бекер ұран етпейді деп оқырмандарға мына бір жайтты әңгімеледі.
– Бірде біздің бір жазушы ағамыз жолда кездескен балаға «Шыңғыс Айтматовты көрсең танисың ба?» деген сұрақ қояды. Ол бала «Неге танымасқа. Бұл кісі – Қырғыз халқының атақты жазушысы. Мен бұл кісінің барлық кітаптарын оқып шықтым» дегенде әлгі кісінің ырза болғаны соншалық, көзіне жас алып тұр екен. Айға жетпей сол баланың үйіне екі бұзаулы сиыр бергізіпті. Бала 8 сынып оқушысы екен. Сонау 50-60 жылдары аралығында 7 жылдық мектепті оқыған 6-шы класс оқушысы Оразбек Тәжібаев, Арғынбай Ниязов кітап оқу арқылы сол жылғы Октябрь мейрамында ел-елге шығып «Октябрь шуағы» деген тақырыпта баяндама жасап, өздерінің озық кітап оқыған оқырмандар екенін ауданға паш еткен. Арғынбай Ниязов өзгелерден озық таланты бір естігенді жаттап алып, ертеңіне халыққа айтады екен. Сол кездегі жырау Рүстембектің бір күн ішінде айтқанын сол қалпында қайталап айтып жұртшылықты таңқалдыратын еді. Одан тараған ұрпақ Мұхтар алтын домбыраның екі мәрте иегері болды, – дейді оқырман.
– Шара барысында озат оқырман Мұқан Мұратбайдың жыл ішінде оқыған кітаптары 100-ден асқанын Жанат Шаймерденқызы хабардар етіп, үздік оқырманға сый-сияпат тарту етті.
– Бізге батыс пен шығыстың ойшыл және өзіміздің тарихи кітаптарды араластырып оқитыны үлгі боларлық нәрсе. Бүгінгі күн «Дүниежүзілік кітап күні» осы тақырыпқа сәйкес қалам тартып оқырмандармен ой бөліскенді жөн көрдік, – дейді ұйымдастырушылар.
«ЖЖ» ақпарат.