ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Coworking» орталығында аудан әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Жағыпар Тажмахановтың белсенді жастармен бейресми кездесуі өтті.
Кездесуге жас мамандар мен түрлі салада жетістікке жеткен жастар қатысты. Басқосуды жастар ресурстық орталығының директоры Ерхан Бақбергенұлы жүргізіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жастарды өз елінің патриоты болуға шақырып, ой-пікірімен бөлісті. Сондай-ақ жастар алда қойған мақсаттарын айтып, өз идеяларын ортаға салды.
Кездесу соңында Жағыпар Айтбайұлы жастардың жарқын бастамаларына сәттілік тілеп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға көмек қолын созатынын жеткізді.
Айта кеткен жөн, өңірде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биылғы жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн 77 мың теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Ал, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданға жұмысқа тұруға келген жас маманға әлеуметтік қолдау шараларына сәйкес 118 жасқа тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Сонымен бірге «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша 82 жас колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуда. Ресейде 14 жалағаштық өрен білім алуда.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 7 мәдениет үйі мен 8 ауылдық клуб, 21 кітапхана, 1 мәдениет және өнерді дамыту орталығы, барлығы 37 мәдениет және өнер мекемесі, 143 спорт нысаны жұмыс жасайды. Жастар жылы аясында жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаржы бөлініп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылған болатын.
Н.ЖАНҰЛЫ