Арыстағы жарылыс: Көршілес ауылдағы үйге снарядтардың жарықшақтары түскен
Арыста болған жарылыстар салдарынан көршілес ауылдағы үйлердің біріне зақым келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Көршілес жатқан Ақдала аулындағы үй снарядтардың жарықшақтарынан зақымдалған.
Орынхан Арынбаевтың айтуынша, снарядтардың бірі үйінің ауласындағы құрылыстардың біріне зиян келтіріп, жарықшақтары қораға түскен. Абырой болғанда, үйі аман қалыпты.
«Қатты дыбыс шықты... Снарядтар үйіме түссе не болар еді? Немерелерім мен балаларым қорыққаннан жертөлеге тығылды. Ол жерде біраз уақыт отырды да, өзгелермен бірге қашуға кірісті», - дейді ауыл тұрғыны.
Ер адамның сөзінше, төтенше жағдайдан кейін ауыл тұрғындары да эвакуацияланып, Шымкентке жеткізілген. Зейнеткер оқиға салдарынан үйіндегі төрт түлігі жоғалып кеткенін айтады.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды.
Қаладағы жарылыс салдарынан 3 адам көз жұмды.
Stan.kz