» » Көккөз батыр

Көккөз батыр

«Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Тарихи деректерге сүйенсек, кіші жүздің ру-тайпаларынан елін, жерін жаудан қорғаған батырлар мен әділдікті ту етіп, елдің бірлігіне қызмет еткен би-шешендердің көп шыққанын аңғаруға болады. Солардың қатарында Кіші жүз Шөмекейдің Торыбай аталығынан тарайтын Көккөз, Қалша, Меңей батырлардың болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ел басына күн туғанда қазақтың батырларымен бірлесіп атқа қонған батыр бабаларымыз қалмақтардың, қоқандар мен хиуалықтардың шабуылдарына тойтарыс беріп, ерліктерімен ел жадында қалған.

Өткен ғасырда өмір сүрген шежіреші Каммаладин Сәдуақасұлының «Торыбай шежіресі» атты кітабында:
Атамыз Көккөз, Қалша, Меңей өтті,
Өз елін сырт дұшпаннан қорғап өтті.
Қазантайдан туған Маймақ ишан,
Әлемге әулеттің даңқы жетті, – деп жырға қосады.
Қазақ ақындарының жыр-толғауларында Көккөз батырдың жорық жолдары, Қалмақтармен соғысып ерлік көрсеткені айтылады. Ауыз әдебиетін зерттеп, артында көптеген мұра қалдырып кеткен ақын Қуаныш Баймағанбетовтың «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» атты толғауында:
Қарабай, Қарымсақ пен Көккөз батыр,
Тарихтың таңбасындай көп сөз жатыр.
Қамалын Қоқандардың жеті бұзған,
Жасқанбай жауды бұзған ноян батыл, – деген жыр жолдары осы сөзімізді айғақтай түседі. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары елге танымал айтыскер, ақын-жыраулар Әбілда Жүргенбаев, Балқашбай жырау, Сары Рахметовтердің Сыр сүлейлері мен батырлары жайлы айтқан жыр-қиссаларын таңды-таңға атырып, тамсана тыңдағанымыз бар. Сонда жыр кезегі батырларға келіп, Көккөз есімі аталғанда «Бұл торыбай Көккөз батыр» деп анықтама бергендерін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Шамамен ХVIII ғасырда өмір сүрген Көккөз батыр Бақайұлы – қалмақтарға қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалысы қаһармандарының бірі.
Шығыстан шыққан жоңғарлар мен батыстан жортқан құба қалмақтар бірлесіп, қазақ жеріне жиі-жиі шабуыл жасағанын тарихтан білеміз. Олар­дың мақсаты Сырдария бойындағы қалалар мен маңызды сау­да жолдарын басып алып, Жоңғария мемлекетін құру еді. Алайда бас­тарына тықыр таянған кезде қазақтар қарап қалмады. 1710 жылы Қарақұмда батырлар мен билер, сұлтандардың қатысуымен үш жүздің басы қосылған үлкен жиын өтті. Онда халық бірігіп қол жиып, жауға қарсы тұратын болды. Әбілхайыр сұлтан бастаған қазақ қолы жоңғарларды шығысқа қарай түре қуып тастайды. Алайда қазақ жеріне көз тіккен жоңғарлар жорығы тағы да қайталанады.
1723 жылдың көктемінде мал төлдеп жатқанда Жоңғар қалмақтары қазақ жеріне аңдыздап лап қояды. Мұны күтпеген қазақтар мал-жаннан күдер үзіп, босып кетеді. Тарихта бұл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын «Елім-ай» (жоқтау) әні осы кезде дүниеге келген. Әбілхайыр хан табын Бөкенбай батырға үш жүзге сауын айтқызады. Атқа мініп, қару ұстай алатын алаштың азаматтары Қарақұмға жиналады. Қарақұмның теріскей шығысындағы екі-үш көштік Білеуті, Бұланты өзендерінің жағасында Қарасиыр (Қара сері) деген жерде үлкен шайқас болып, үш жүздің батырлары бастаған қазақ қолы қалмақтарды күйрете жеңеді. Бұл «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі алғашқы жеңіс еді. Міне, осы соғыста қазақ батырларымен бірге Көккөз батыр да ерліктерімен көзге түсіп, ел есінде қалады. Көнекөздердің айтуынша, батыр бабамыз жа­уырыны жерге тимеген палуан болған деседі. Семсерлесу өнерін жетік меңгерген батыр өзіне қарайтын ру тайпаларды барымташылардан, сырт жаулардан қорғап, еліне қамқор болған. Жау келгенде бес қаруын асынып, ұрандап жау қолына қарсы шабады екен. Сол кездегі соғыс тәсілі мен дәстүрі бойынша қалмақтың бектерімен бірнеше рет жекпе- жекке шығып, жеңіске жеткен. Батырдың батылдығы мен ерліктері және елдік мәселелерге араласып төрелік айтқан бітімгерлік беделі жайында әңгімелер ел арасында айтылып жүр.
Ел, жер аралап көпті көрген Бодыш Балапанов ақсақал Шөмекейден шыққан би-шешендер мен батырлар жайлы әңгімелерді жиі айтып отырушы еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары сексеннің сеңгіріне келгенде Бодыш көкемнен естіген бір әңгіме есімде қалыпты. Кезінде Торыбайдан тарайтын үлкен бабаларымыз ағайынды Қараша, Көккөз, Сырлыбайлар бір-біріне сүйеу болып, қолдау көрсетіп, тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Жасы үлкен Қараша қарапайым шаруа адамы, Көккөз қайратты, жаужүрек батыр, ал Сырлыбай сөзге шебер, өнерлі, сері жігіт болған екен. Көккөз батыр ағасы Қарашаға арқа сүйеп, әрдайым ақылдасып отырған.
– Жау жоқ деме, жар астында. Азық-түліктеріңді дайындап, қару-жарақтарыңды сайлап отыр. Сәрсенбінің сәтті күні жолға шық, «Қаруына сенген өледі, айла тәсіліне сенген жеңеді» деген ғой. Жорыққа шығар алдында жоспарың болсын. «Ер қанаты – ат, ер тоқымың бүтін болса, астыңдағы атыңа күтім болса, баспайтын тауың, алынбайтын жауың болмас. Құдайым қолдап, жауыңды жеңіп, олжамен оралуыңды нәсіп етсін», – деп өмірлік тәжірибесі мол, болашақты болжай білетін Қараша бабамыз жауды жеңу жол­дарын айтып, бағыт-бағдар беріпті.
Бір күні Көккөз батыр Қарақалпақтармен соғысуға жорық жолына шығатын болып, ауылды ағасы Қарашаға тапсырады. «Елді қорғап, ие болуды өзіңізге аманат етейін. Осы жорықтан аман-есен орал­сам қолыма түскен бірінші олжа сіздікі болады» дейді батыр. Сол жорықта Көккөз батыр Қарақалпақ елін шауып, дүние-мүлкін алып, мол олжамен оралады. Олжаның ішінде ханның қызы Ханбике де бар еді. Елге жеңіспен оралған батыр сөзінде тұрып, Ханбике қызды ағасы Қарашаға қосып үйлендіреді. Салт-дәстүрге сай дүркіретіп той өткізіп болған соң інісінің ерлігі мен мәрттігіне риза болған Қараша құ­шағына қысып тұрып былайша бата беріпті.
Елі сүйген ұлдарың,
Халқы сүйген қыздарың көп болсын.
Ауылдарың бірлікті,
Әр күндерің тірлікті болсын.
Елдің іргесі енді сөгілмесін.
Халықтың көз жасы төгілмесін,
Қайратың қайтпасын,
Қылышыңды тот баспасын.
Азаттық жолында күресіп,
Антыңа адал, еліңе қорған бол.
Әруақ сені қолдап, желеп-жебеп жүрсін.
Әумин!
Қараша ханның қызына үйленген соң шаруасы шалқып, бай-қуатты өмір сүреді. Ханбике әжемізден ұрпақ тарайды. Қарашадан Шегір, Шегірден Мәлін, Мәліннен Меңей батыр туады.
Көккөз батыр Шөмекейдің пірі Ер Сейітпенбет қо­жамен бір дәуірде қатар өмір сүрген. Ауылдың жас үлкен игі жақсыларының ризашылығын алған соң Ер Сейітпенбет қожадан батасын алып барып жолға шығады екен. Әулие бабаның батасын алып жорыққа шықса, жауын еңсере жеңіп, елге жеңіспен оралатын болған. Сол кездегі ру-тайпалар арасындағы даулы мәселелерді де әулиемен ақылдасып, бірлесіп шешіп отырған. Көккөз батыр мен Ер Сейітпенбет замандас дос әрі екеуі түйдей құрдас болған деседі. Ел арасындағы бір әңгімеде былайша баяндалады.
Ерте заманда ислам дінін түсіндіріп таратушы қожалар болғанын тарихтан білеміз. Ислам дінінің құндылықтарын түсіндірген қожаларға халық пітір садақа беріп, қызмет көрсеткен. Сол уақыттарда мен қожамын деген адамдар көбейіп кетсе керек. Сол себепті көпшілік пітір садақаны қай қожаға берерін білмей бастары қатып ойланып қалады. Ақыры Шөмекейден тараған ұрпақтары “Өзімізге пір сайлап алсақ қайтеді?” деп өзара ақылдасады. Сол кезде Көккөз бабамыз Сейітпенбет қожаға:
– Тоқсан түйеге артқан сексеуіл томарды жағамыз, содан аман қалсаң, сен пір боласың, – деп талап қояды.
Бұған келісіп, тоқсан түйе сексеуіл томардың шоғынан аман қалған Сейітпенбет қожа Шөмекейлердің пірі болады. Содан бастап ол кісінің атына «Ер» деген сөз қосылып айтылатын болған. Ер Сейітпенбет Көккөз батырға: – Сен бекер сенімсіздік білдірдің. Ұрпағың аз болатын болды ғой, – депті. Шынымен әулиенің айтқаны келіп Торыбайдың Көккөз аталығынан тараған ұрпақтары өте аз.
Ертеректе қазақтың кең байтақ жазиралы же­ріне көз тігіп, күш көрсетушілер көп болған. Сырт жау­лар жан-жақтан анталап ауылдарды шауып, аяусыз тонаған. Ел басына күн туғанда қазақтың хас батырлары елге қорған болып, жаудан қорғап өткен. Бірде көрші ауылды жау шауып өзге ауылдарды да әбігерге салады. «Жау шапты» деген хабар жеткен бойда Көккөз батыр бес қаруын асынып, асығыс атқа қонады. Сол кезде бел баласы Байтас он бес жастағы жігіт екен. Баласын шақырып алған батыр: – Сен елге керексің, артымнан келуші болма. Ата жолымен үлкендердің батасын алып, қол жинап жауға қарсы аттанарсың. Елге қорған бол, – деп тапсырады. Содан өзі жау шапқан ауылға қарай шаба жөнеледі. Бірақ сол шайқаста жау қолынан қаза табады. Әкесінің жау қолынан қайтыс болғанын естіген баласы Байтас сабыр сақтап отыра алмайды. Әкесінің айтқан аманатын ұмытып асығыстық та­нытып, ауыл ақсақалдарының кеңесіне құлақ аспай жауға қарсы жалғыз өзі аттанады. Аңдысқан жау алмай қоймайды. Көккөз батырды өлтіріп, енді баласы Байтасты күтіп отырған жау қолы оны да қоршап, алып найзамен түйреп өлтіреді. Сол кезде Байтастың атастырып үйлендірген әйелінің аяғы ауыр екен. Көп ұзамай босанып, өмірге перзент әкеледі. Сәбидің атын Пірімбет қояды. ПірімбеттенКәрібай, Кәрібайдан ағам Ермахан және Бертай, болып тараймыз, – деп айтып отырушы еді соғыс және еңбек ардагері, әкем Бертай Кәрібаев.
Кеуде бір жерді жол қылса,
Шөлен бір жерді көл қылса.
Құрап жанды көп қылып,
Өз алдына ел қылса, – деп бұдан үш ғасыр бұрын Ақтамберді жырау бабалар арманын айтып кеткен екен. Сол арманға, сол мақсатқа ғасырлар тоғысындағы біздің ұрпақ жетті. Биыл Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толады. Тә­уелсіздік біздің ең басты игілігімізге, баға жетпес құн­дылығымызға айналды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бостандық бізге оңай­лықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жо­лында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәу­беттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс» деп қазақтың басына қонған бақ Тәуелсіздіктің қадірін өскелең ұрпақтың білу керектігін айтқан болатын. Шынымен де біздің бабаларымыз қазақтың ұлан байтақ жерін ғана жаудан қорғап қалған жоқ. Ұлт болашағын да қорғап қалды. Демек, бүкіл ғұмырын еліміздің тыныштығы мен өркендеуіне арнаған тарихи тұлғаларымызды ұлықтап, ерліктерін насихаттаудың келешек ұрпақ үшін маңызы зор болмақ.

Серік БЕРТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ардагер журналист



13 сәуір 2021 ж. 3 593 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930