» » » АУЫЛ СӘНІНЕ АЙНАЛҒАН МУЗЕЙ

АУЫЛ СӘНІНЕ АЙНАЛҒАН МУЗЕЙ


XIX ғасырда патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген Кенесары хан мен оның қасында бірге болған, елге, халыққа белгілі адамдар көп еді. Солардың бірі – Кенесары туралы деректерде жиі айтылатын халық батыры Бұқарбай Естекбайұлы. Бұқарбай батырдың даңқы тек Сыр өңірінде ғана емес, тұтас қазақ сахарасына ерлігімен танымал. Біз осындай батырдың біздің өңірден шыққанын мақтан тұтамыз.

Ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылында баһадүрдің атындағы тарихи үй – музей бар. Бұл ғимарат батырдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға беріліп, Бұқарбай Естекбайұлының туғанына – 200 жыл толғанда жаңадан қайта салынған екен. Онда батырдың ұрпақтары өткізген көне жәдігерлер сақтаулы. Біз осы тарихи үйге барып, ондағы әр жәдігердің, экспонаттың тарихымен таныстық.
Музейге кіреберісте Бұқарбай батырдың ескерткіші қойылған. Ғимараттың бірінші залында картиналар орналасқан. Бұл картиналарды батырдың мерейтойы қарсаңында танымал суретшілер тарту еткен. Майлы бояудан салынған. Бір картинада батырдың бейнесі, біреуінде өмірлік жары Шынар анамыз, тағы бірнеше картинада қазақ батырларының жорық кезіндегі, шайқас кезіндегі суреттері бейнеленген. Батырдың жары ажарлы, қайратты жан болғанын тарихтан білеміз. Шынар анамыздың ерлігін дәріптейтін ел аузында жүрген әңгіме де бар. Біле білсек, «Шынар көлдің» атауы осы кісінің есімімен байланысты.
...Бұқарбай батыр нөкерлерін ертіп, шапқыншылықпен ұзақ уақытқа жорыққа кетеді. Соны естіген қоқандықтар батырдың әйелін өлтіріп, кек алмақшы болады. Бір күні Сыр өңірін, Сырдария бойын жайлап отырған Бұқарбай батырдың ауылына келіп тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сол сәтте «Еркегі жоқ бейбіт ауылды шапқалы тұрғандарың қай сасқандарың, қарапайым халыққа, бала-шағаға тимеңдер, мен керек болсам алдарыңда тұрмын» деп, шапқыншыларға қарсы тұрған екен. Бірақ қоқан шапқыншылары оны қоршап, қыспаққа алады. Ақырында найза түйреп өлтіріп, денесін көлге тастайды. Жаумен шайқас кезіндегі Шынар анамыздың ерлігін көрген ауыл адамдары Шынардың денесін арулап, көлдің жағасына көмген көрінеді. Сөйтіп ел жайлаған көл «Шынар көлі» атанып кетеді. Негізінде батырдың жарының өлімімен байланысты бір-екі аңыз-әңгіме бар. Солардың ішіндегі шындыққа жанасатыны да, көнекөз қариялардың білетіні де осы.
Тарихи үйдегі әрбір экспонаттың тарихымен таныстырған музей қызметкері Мереке Әбілдаева батырдың ерлік істерінен әңгіме қозғап жүрді. «Бұл музейдің алғашқы директоры – Жоламан Алданазаров. Бұл кісі де тегін адам емес. Атақты батырдың тікелей ұрпағы. Қанша жыл осы музейді басқарды» дейді музей қызметкері. Тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлердің ішінде ең алдымен біздің көзімізге түскені – Бұқарбай батырдың бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жорықта пайдаланған қайқы қылышы. Қолымызға алып көрдік. Осыншама уақыт өтсе де, сыны кетпепті. Жақсы сақталған деуге болады. Жүзі әлі де өткір. Қылыштың салмағы да әжептәуір ауыр екен. Қыны ағаштан жасалғанға ұқсайды. Қолымызға алып тұрып «Осы қайқы қылышпен батыр бабамыз ұланғайыр жазиралы даламызға көзін сатқан жауды талай мәрте жер жастандырды-ау. Осы қарумен елін, жерін қорғап бізге бейбіт күннің таңын атырып кетті-ау» деп баба рухына еріксіз алғыс айттық. Мұнымен қоса музейде сонау XVIII-XIX ғасырлардағы темір қалқан, шақпақты аңшы мылтығы және Нұрмағанбет Оспанқұловтың шоқпары тұр. Бұқарбай батырдың шашақты туы, күмістен жасалған мөрі, өзінің қызына дүние есебінде берген оюлы сандығы да осында сақтаулы. Күмістен соғылған мөрдің ортасында араб әріптерімен жазылған сөз бар. Музей қызметкерінен сұрағанымызда, бұл жазудың мағынасы «Бұқарбай баһадүр» дегенді білдіретінін айтты.
Екінші залдың төрінде орналасқан қабырғада батырдың суреті бейнеленген тоқылған кілем ілулі тұр. Оның қасында Бұқарбай батырдың мүсіні орналасыпты. Бұл мүсінді батырдың мерейтойында Тереңөзек ауданының мүсіншісі Жәркен Смағұлов арнайы жасаған екен. Гипстен құйылған, сырты сырланған. Көлемі аса үлкен емес. Батырдың сауыт-сайманын асынып, жорыққа дайындалып отырған бейнесі бейнеленген.
– Жастайынан ел қорғау жорықтарына қатысып, шыңдалып өскен Бұқарбай батыр ержүректілігімен көзге түседі. Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысқан. Ол 1839 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, 1854 жылы Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» қаздырған. Талайды көріп, ұзақ өмір сүрген батыр туған жерінде 1898 жылы дүние салды. Батырдан тараған ұрпақтары бүгінде өзі туып-өскен өңірде өмір сүруде.
Ауыл тұрғындары жиі келеді. Батырдың тұтынған заттарын, қылышын, мөрін көріп, батыр бабаны еске алып тұрады, – дейді музей қызметкері.
Музейде ауылдың ұстасы Мұқтасын Қауқановтың баласы өткізген зергерлік көрік, сонымен бірге үзеңгілер, қырықтық, құранды ер, ас үй, тұрмыстық бұйымдар мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар да тарихтан сыр шертіп тұрады. Бір бөлігінде Сорлыасардан табылған қыш құмыралардың сынықтары, Қарақұмнан табылған қобыз, өгіз соқа орналасқан. Сонымен қатар сол ауылдан шыққан атақты тұлғалар, батырлар, соғыс ардагерлері және басшыларға арналған витрина да тарихи үйге көрік беріп тұр.
Шағын ғана екі залдан тұратын мудейде тарих беттерінен сыр шертетін құнды жәдігерлер бар. Өткенді танып-білмей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Біз музейдегі экскурсия барысында Бұқарбай батырдың өмірінен, ерлік істерінен тағы да мағлұмат жинап, тарихқа көз жүгірттік.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

17 тамыз 2019 ж. 873 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930