АҚ БОЗ АТТЫ, ТОЗ НАЙЗАЛЫ БӘЙТЕН БАТЫР
Ел басына күн туғанда халықтың басын біріктіріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жасындай жарқырап ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз баршылық.
Еліміздің тарихи деректерін анықтаған сайын біз халқымыздың көрнекті тұлғаларын тани түсудеміз.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің сардары, батыры, саналы ғұмырын халқының бірлігі мен тірлігіне арнаған Бұқарбай батырдың ерен ерлігі жұрт жадында.
Естекбай баласы Бұқарбай атағы алысқа кеткен батыр. Толыбайдың қызын Естекбайға алып беретін де, араға дәнекер болатын да Бәйтен батыр. Бұқарбай батырдың “Найзам Бәйтен батырға, тілім Толыбай биге ұқсаған болар”, – дегені ел аузында жүр.
Қазақ даласында қаншама шайқас болды. “Ақтабан шұбырындының” қасірет іздері Сыр бойын басып өтті. Замана зардабын арқалаған еліміздің таңдаулы ұлдары осынау нәубетке қарсы тұрды. Аты ұранға айналған Сәрке батыр жолы да, жасы да үлкен бауыры Бәйтен батырмен бірге жауға қарсы шауып, оларға тойтарыс беріп отырғанын Камал Бердәулетов өзінің “Бұқарбай батыр”, “Ата жұрт” кітаптарында жазған.
Бәйтен батыр туралы әңгімелерінде Сәрке батыр:
– Мен әртүрлі қиындықтарда, тығырыққа тірелген сәттерде Бәйтенді екі-үш рет паналағанымды жасырмаймын, ал ол менің бір рет артыма шыққан жоқ, – деген екен. Ел басына күн туған кезде есімдері Алашқа белгілі Сәрке мен Бәйтен қол бастап жоңғарларға тойтарыс беру мақсатында “Қарақұм құрылтайына” қатысып, үш жүздің жасағына барып қосылады. Құрылтайда үш жүзден құралған біріккен қолдың бас қолбасшысы болып Әбілхайырхан сайланды.
“Қазақ елінің бейбіт өмірі мен тәуелсіздігі үшін үш жүздің ішкі, сыртқы саяси қарым-қатынасына ұйытқы болған 1710-1711 жылдары Арал өңірінің Қарақұм аумағындағы “Құлжұмыр-Қасқатөбе” жерінде өткен “Қарақұм құрылтайы” қазақ халқының санасының көтерілуіне және жоңғар шапқыншылығына қазақ бірлігінің нығаюына үлкен үлес қосты” деп жазады қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев өзінің “Сыр бойы” газетіне жазған мақаласында. 1728 жылы Сары судың батыс торабындағы Бұланты өзенінің бойында алғашқы айқас басталады. Қалмақ бектері Жоршын мен Тойшы бастаған 35 мың әскер шегінген қазақ қолын өкшелей қуып, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның “Ұлы Құмындағы” ат бауырын жазып шаба алмайтын құмдарға кіріп діңкелейді. Осы сәтті пайдаланған қазақтың 7 мың қолы жеңіске жетіп, бұл жерлерге “Қалмаққырылған” деген ат беріледі. Жеті мың әскерімен тосқауылда қалуына бұйрық берген Әбілхайырхан: “Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам мен де жетермін”, – дейді. Сонда Сәрке: “Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет”, – дейді. Әбілхайыр осы жерде жергілікті молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығарып, елден әскер жинауға аттанады. Сәрке мен Бәйтен батырдың жасағы қиян-кесті ұрысты бастан кешіріп, көбі шейіт болады. Осы шайқаста жау ортасында қалған Сәрке батыр “Ақши” деген жерде қаза табады. Оның сүйегін уақытша былғарыға орап сол жерге жерлеп, қыс түсе мәйітті Қорқыт ата бейітіне жерлейді. Сөзінде тұрған Әбілхайыр қалың қолмен келіп, жоңғарларды талқандайды. Қалмақтардың қазақтарды басынып шабуылдауы осымен аяқталады. Бәйтен батыр қанды көйлек серіктерімен елге оралады.
Сыр бойының белгілі шайыры Шоңбай өзінің “Өмір өрнектері” деген дастанында Бәйтенді батыр адам деп атайды, “Ақбоз ат, тоз найзамен алған жауын” деп жырлайды. Осы бір шумақты біздің бала кезімізде әкелеріміз домбырамен айтып отыратын. Бәйтен батыр тоқсанның үстіне шығып дүние салған.
Батыр дүние салар алдында: “Мен өлімнен қорқып айқайлап жатқаным жоқ. Шырақтарым, көптен иығымда жүрген екі жолбарыс бар еді, солар сытылып мені тастап барады. Байқаймын, өздері Естекбай ауылына қарай беттегендей болды”, – деген екен. Сол жолбарыстар жиені Бұқарбай батырдың иығына қоныпты деген сөз бар.
Шайқаста жаудың бетін қайтарғаннан кейін, хан немесе әскер басылары: “Жаудың бетін кім қайтарды, кімдер қандай ерлік жасады?” – дегенде “Жаудың бетін Ақ боз атты, тоз найзалы батыр қайырды”, – дейтін болған. Осы сөзге наразы болған Бәйтен батыр тоз найзасын тізесіне салып сындырмақшы да болған. Бірақ тоз найза майысып сынбаған. Сонда батыр: “Менің атым шықпай Ақ боз атты, тоз найзалы батыр болып кетемін-ау”, – деген екен. Бәйтен батыр тарихта осылай қалған.
Рысбай Кәрімов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ауданның құрметті азаматы