8 ҚОЛАМЕН САЙЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫҚ
Күншығыс еліндегі олимпиада да өз мәресіне жетті. Әлемнің 206 мемлекеті бақ сынаған спорт додасында Қазақстан құрамасы өткен жұмада 76 орынға жайғасқан еді. Ал байрақты бәсеке қорытындысымен бүгін 83 орыннан бой көрсеттік.
Токио төріндегі дүбірлі додада спортшыларымыз 8 қолаға қол жеткізді. Өкініштісі қоржынға олимпиада соңына дейін ешқандай алтын түскен жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан ТМД елдері арасында сайыс қорытындысымен соңғы үштіктен бой көрсетіп отыр. Ал ала тақиялы ағайындар ТМД бойынша Ресейден кейінгі екінші орынға жайғасты.
Өзбекстан спортшылары сөз жоқ, жарады. Кеше қоржынында екі алтыны бар өзағамдардың ұлттық құрамасында ақтық мәреде бақ сынайтын әлі де спортшылары бар екенін де айтқан болатынбыз. Шаршы алаңда нәтижелі жұдырықтасқан өзбекстандық былғары қолғап шебері қоржындағы алтындар санында да өсім қалыптастырып, байрағын биіктен желбіретті.
Қарап отырсақ, осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздігін жариялап, өз алдына егемен ел болған Қазақстан 1996 жылдан бері, яғни олимпиада ойындарына қатысқалы алтынсыз қайтпапты. Тіпті өткен санда әлем елдерінің “Бокстан 69 кг салмақтағы жүлдені сарапқа салудың қажеті жоқ. Сөз жоқ, оған қазақтар ие болады” деген пікірін де айтқан болатынбыз. Расында 2000 жылдан бері Қазақстанның былғары қолғап шеберлері бұл салмақта алтынды жарыс сайын ел қоржынына салып отырған екен. Ал биыл ше?..
Биыл отандық спортшылар бұл сайысты оң нәтижемен қорытындылай алған жоқ. Қоржынға бас-аяғы 8 медал түссе, оның барлығы қола болды. “Үштің өзі күш” деген қазекеңнің сөзімен өз-өзімізді жұбаттық.
Қалай ойлайсыз, мұндай нәтижеге не себеп болды? Мемлекеттен қолдау аз болды ма, әлде спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар жанбады ма? Қолдау аз болды дейін десек, кеше әлеуметтік желіде Токиодағы тартысты бәсекеге қатысушы қазақ спортшыларының соңғы 3 жылдағы дайындығына шамамен 100 млрд теңге бөлінгенін жарыса жазып жатыр. Ал бабы келіспеді дейін десек, осы ақтық мәреге дейін барып, ел қоржынына алтын салады-ау деп, өнеріне қарап кейбір спортшыларға да сенім арттық. Бірақ артылған сенім ақталмады. Кім жарысқа жеңілемін деп барады дейсіз, олимпиада шыңын бағындыру кез келген спортшының басты мақсаты ғой. Не де болса 8 қоланы қанағат тұтып біз отырмыз.
Алдағы дүбірлі додаға дейін әлі 4 жыл бар деп арқаны кеңге салуға болмайды. Мына олқылықтың алдын алу үшін кемшілік неден болды, осыны зерттеу керек және сол олқылықтың орнын толтырып, алдағы сайысқа дайындықты осы бастан бастау керек сияқты.
Қалай қылған күннің өзінде 4 жылдан кейінгі жарыста біз нәтижелі өнер көрсетуіміз керек. Бұған дейінгі олимпиадаларда турнирлік кестеде бізден әлдеқайда төмен сатыға жайғасатын ала тақиялы ағайындардай нәтиже шығару отандық спортшылардың да қолынан келеді. Тек осыны жүзеге асыру керек. Бұл додада еліміздің туы тек олимпиаданың ашылуында және жабылуында ғана биіктен желбіреді. Ал алтынға қол жеткізбеген ел құрамасы да, біз де әнұранымыздың шырқалуына куә бола алмадық. Сондықтан қалың жұрттың “Қазақстан спорты қола дәуіріне қадам басты” деп реніш білдіретіндей жөні бар секілді. Енді қоржыны бос қайтпаған 86 елдің ішінде 83 орынға жайғасу оң нәтиже емес қой, соңғы үштіктен бой көрсетіп отырмыз.
Жандос ЖАЗКЕН