» » “Қайратқа” қарқын керек

“Қайратқа” қарқын керек

УЕФА-ның конференция лигасында “Қайрат” алғашқы кездесуінде тең тарқасып, 1 ұпайды қанжығалады. Кипрдың “Омония” командасымен арада өрбіген ойында қос команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таппады.

Алдағы кездесулер үшін “Қайратқа” швейцариялық “Базель” ауыр қарсылас болары анық. Кешегі ойы­нында Әзірбайжанға қонаққа барған бұл команда да 1 ұпайды қанағат тұтты. Допқа иелік етуден айқын басымдыққа ие болғанымен “Карабах” ойыншылары австриялық Хайнц Линднерден айласын асыра алмады.

Алматылық клубтың аяқдоп шеберлері “Омонияға” қарсы ойында бірнеше мүмкіндікті пайдасына жарата алмады. Бастысы жеңіске деген ұмтылыс бар. Әсіресе соңғы минуттарда шабуылды үдеткен алаң қожайындары қосымша уақытта қарсыластарынан айласын асыруға тырысып бақты. Бірақ одан нәтиже болған жоқ.

“Қайраттың” да топтық кезеңнен шығуына толық мүмкіндігі бар. Қазір бұл клубтың “Базельді” өз алаңында жеңіп, кестеде сатылауына жол ашық. Ал “Карабахтан” “Қайраттың” 6 ұпайды толық алуына мүмкіндік жоқ емес.

Топтық кезеңнен шыққан жағдайда К.Бердыев шәкірттеріне ақтық мәреге дейін баруына болады. Себебі УЕФА-ның лига конференциясында “Қайрат­тан” айқын басымдыққа ие “Тоттенхэмнен” басқа ко­манданы көріп тұрғанымыз жоқ. Бірақ оған тәуекел керек.

Грециялық “ПАОК”, нидерландық “Витесс”, бел­гия­лық “Гент”, даниялық “Копенгаген”. Бұлардың барлығы алматылық клубтың деңгейіндегі командалар еке­нін жақсы білеміз. Сондықтан отандық клубтың ойы­нына қарқын керек. Биыл ашылған УЕФА-ның лига конференциясының кубогын алмаса да, ақтық мәреге жетудің өзі “Қайрат” жанкүйерлеріне үлкен сый болғалы тұр. Мұны К.Бердыев шәкірттері жақсы біледі деген ойдамыз.

Бұған дейінгі кездесулерінде “Қайрат” бірнеше рет есе жіберген “Маккаби Тель-Авив” те осы лигада. Израилдық клуб қазір өз тобында турнирлік кестенің көш басында тұр. Бұл топта қазіргі таңда соңғы сатыға жайғасқан армениялық “Алашкерттің” де ойынында қарқын бар. Сондықтан алдағы уақытта 3 ұпаймен көш басында тұрған “Маккаби Тель-Авив” пен “ЛАСК-тің” бірі сүрінуі де әбден мүмкін.

“В” тобындағы “Партизан” мен “Генттің” топтық кезеңнен шығары анық. Бұл екеуі де “Қайрат” үшін қауіпті қарсылас. Алайда жеңуге де мүмкіндік жоқ емес. “Генттің” соңғы жылдары өз лигасында да ойыны жүрмей жатыр. Ал сербиялық клубты алматылық команданың сырт алаңда да жеңуіне мүмкіндік бар.

Айтпақшы италиялық “Рома” да осы лигада. Соңғы жылдары Жозе Мауринью шәкірттері қарсылас шақ келтірер емес. Лигадағы кешегі кездесуін жеңіспен аяқтаған италиялық клуб айқын басымдықтың арқасында қазір турнирлік кестенің көш басында. Рас, лигада “Рома” тұрғанда “Қайрат” үшін ақтық мәренің ауылы алыс шығар. Бірақ оған дейінгі ойындарда “Тоттенхэммен” бұл клубты жеребе жолықтырмасына кім кепіл?

Ұмытпасам, бұған дейін “Аз Алкмармен” біздің отандық клубтардың бірі кездесті. Келесі айналымға өтуге ол ойынның айтарлықтай пайдасы болмады ма білмеймін, әйтеуір нидерландық аяқдоп шеберлерінің өз лигасындағыдай көсіліп шабуылдағанын көре алмадық. Кешегі топтық кезеңнің алғашқы ойынында бұл клуб “Раннерспен” тең тарқасты.

“Е” тобында алғашқы екілікте тұрған “Славия Прага” мен “Фейеноорд” та оңай шағылатын жаңғақ емес. Кешегі Нидерландының лигасында “Фейеноорд” сырт алаңда “ПСВ-ны” 0:4 есебімен тас-талқан етті. Ал чехиялық клубтың бұған дейін Еуропа лигасы кубогының иегері “Интер Милан” секілді маңдайалды командалармен тең дәрежеде өнер көрсеткенін жақсы білеміз.

Бастысы “Қайрат” ойынын ширату керек. Әсіресе оларға Кипрдағы кездесудің маңызы жоғары. Кемінде бір ұпайды қоржынға салу керек. Себебі ақтық мәреге бармаса да топтық кезеңнен шығуға толық мүмкіндік бар. Мұны К.Бердыев шәкірттері өз пайдасына жарата алса болғаны.

Е.СОЗАҚБАЕВ



21 қыркүйек 2021 ж. 3 246 0