1/4 Финал: қарымта кездесу қалай болады?
Еуропа біріншілігінің 1/4 кезеңі ойындарында “РБ Лейпциг” өз алаңында Италияның “Аталанта” командасын қабылдады. Джанпьеро Гасперини шәкірттері 1/8 финалда да германиялық клубпен қос ойын өткізіп, “Байерден” басым түссе, “РБ Лейпциг” келесі кезеңге кездесусіз жолдама алды. Себебі оның бұған дейінгі қарсыласы мәскеулік “Спартак” болатын.
Д.Тедесконың тың ойыншылары өз алаңында біз ойлағандай ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Керісінше қонақтар алаң қожайындарының қақпасына кезек-кезек жиі шабуыл жасап, алғашқы таймда-ақ есеп ашып үлгерді. Ойынның 17 минутында колумбиялық шабуылшы Л.Муриэаль әріптесі асырған допты Муссо күзеткен қақпада тулатты. Ал келесі таймда германиялық клуб ойыншыларының біріне қарсы бұзылған ойын ережесінде бас төреші М.Оливер белгілеген 11 метрлік айып добы да есепті теңестіруге көмектескен жоқ. Себебі оны А.Силва сәтсіз орындады.
11 метрлік айып добын Гулачи қайтарса да германиялық клуб шабуылды жалғастыра берді. Нәтижесінде есеп теңесті. Дәл сол уақытта қорғаушы Давиде Дзаппакоста абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Мұнан кейін қос команда сапында қанша ойыншылар алмасса да есеп еш өзгеріссіз қалды.
Қарымта кездесудің қорытындысы әзірге жұмбақ. “Аталанта” өз алаңында дәл осындай ойын өрнегін көрсетсе, жартылай финалдың жолдамасына ие болары сөзсіз. Ал “РБ Лейпциг” де оңай шағылатын жаңғақ емес. Егер келесі кездесуде италиялық клубтан басым түссе, Еуропа лигасының кубогын алуға да мүмкіндік жоқ емес. Себебі “РБ Лейпцигке” қарсы каталониялық клубтан басқа қауіпті қарсылас көріп тұрғанымыз жоқ.
Дәл осы күні түнде “Айнтрахт Ф” өз алаңында “Барселонаны” қабылдады. Бас бапкер О.Гласнердің кездесуге дейінгі сұхбатында айтқан ойынды көрдік. Алайда ол өз алаңында каталониялық клубпен тең тарқасқан “Наполи” мен “Галатасарайдың” күйін кешпеу үшін сырт алаңда мейлінше сақ болуға тиіс.
Алғашқы таймда Ж.Пикенің жарақат алуы каталониялық клубтың қорғанысы үшін қиынға соқты. Десе де есеп еш өзгеріссіз. Алайда келесі тайм басталысымен А.Кнауфф Тер Штеген күзеткен қақпадан саңылау тапты.
Германиялық клубтың дәл мұндай қарқында 1 гол айырмасымен алға шығуы қарымта кездесуде Хави шәкірттеріне қиынға соғары анық. Сондықтан бас бапкер құрығанда есепті теңестіру қажеттігін ойыншыларының назарына салғаны белгілі. Нәтиже де жоқ емес, ойынның 66 минутында Ф.Торрес Де Йонг асырған допты алаң қожайындарының қақпасында тулатты. 78 минутта екінші сары қағаз алған Тута алаңдағы орнын босатқанымен бұл мүмкіндікті каталониялық клуб ойыншылары өз пайдасына шеше алған жоқ.
Осыған дейін Дортмундтық “Баруссия” мен “Црвена Звезданы” жолдан тайдырған “Рейнджерс” сырт алаңда “Брага” қақпасынан саңылау таппады. Десе де португалиялық клубқа 1:0 есеп айырмасы қауіпті. Тіпті мұны шотландиялық клуб үшін үлкен мүмкіндік десе де болады. Себебі “Браганың” сырт алаңда қорғанысы көбіне сыр беретініне талай рет куә болғанбыз. Сондықтан қос команда арасындағы қарымта кездесудің де қорытындысы әзірге жұмбақ.
Өз алаңында “Лионды” қабылдаған “Вест Хем” келесі таймды 10 ойыншымен өткізуге мәжбүр болды. Себебі алғашқы таймның қосымша уақытында қорғаушы А.Крессуелл алаңнан қуылды. Десе де мұны алаң қожайындары месе тұтпады, олай болатын реті де бар. Өйткені алдыңғы жылы Чемпиондар лигасында франциялық клуб “Манчестер Ситиді” де жолдан тайдырған. Ал өз алаңында есе жіберсе, келесі кездесуде “Вест Хемді” П.Бос шәкірттері кешірмейтіні белгілі.
Кездесудің 52 минутында 10 ойыншымен англиялық клуб ойыншылары есеп ашса, “Лион” 66 минутта таразы басын теңестірді. Ал қарымта кездесу қалай өрбиді? Ол жағы әзірге беймәлім.
Біздің ойымызша “Барселона” жартылай финалда. Ал алты команданың қайсысы оның қарсыласы болады және қай үш команда ойынды орта жолда аяқтайды? Бұл жағы тағы да беймәлім. Бастысы ақтық мәреге каталониялық клуб пен “РБ Лейпциг” өтсе деген тілек бар. “Аталанта” – “Барселонаға” лайықты қарсылас. Алайда екеуінің біреуі ойынды қарымта кездесудің қорытындысымен аяқтайды. Ал әлгі 4 команданың біреуі ақтық мәреде каталониялық клубқа қарсы ойнаса, “Барселонаның” еуропа лигасының жеңімпазы болары сөзсіз.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ