Жабық бассейндегі жүзу жарысы
Соңғы жылдары Жалағашта спорттық шаралардың жиі ұйымдастырылуы саламатты өмір салтын ұстанушылар санының артуына сеп болуда. Оның үстіне сала мамандарының тәжірибесін шыңдауға да басымдық беріліп жатыр. Бұған дейін өңірде қазақ күресі, кір тасын көтеру, футбол, футзал секілді бірқатар спорт түрінен дүбірлі додалар ұйымдастырылса, Дәуімбай елді мекенінен жабық бассейн ашылғалы су спортынан да түрлі жарыстар өткізілуде.
Жуырда “Б.Құлтекенов” атындағы жабық бассейнде ауданға қарасты барлық елді мекендердегі спорт нұсқаушылар арасында жүзуден аудандық турнир ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу салтанатында шараның маңыздылығына тоқталған аудандық жабық бассейн директоры Мұхтар Құлболдиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі шарамыз Балалар жылы аясында және “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ” ұранымен ұйымдастырылып отыр. Бұл сайыстың маңыздылығына тоқталсам, турнир спорт нұсқаушылардың тәжірибесін шыңдауға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ ауданда ашылған жабық бассейн өңірімізде кенжелеп қалған су спортының алға басуына үлкен көмек болып отыр. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді жабық бассейн басшысы Мұхтар Құлболдиев.
Турнирге Жалағаш кентінен және барлық ауылдық елді мекендердегі спорт нұсқаушылар қатысты. Олар алдымен 25 метр қашықтыққа жүзуден сайысып, ішінен ақтық мәреге 4 спортшы жолдама алды.
Ақтық мәреде нағыз мықтылар оза шауып, жеңімпаздар анықталды. Бас бәйгені 25 метрді 17,05 секундта бағындырған Еңбек ауылының спорт нұсқаушысы Олжас Қыпшақбаев олжалады. Ал дәл осындай қашықтықты 17,68 секундта жүзіп өткен ақсулық Руслан Қайранұлы ІІ орынға лайық деп танылса, 19,10 секундта мәреге келген Аққыр ауылының спорт нұсқаушысы Нұрбақыт Бодыбай ІІІ орынға тұрақтады. Жағаға төртінші жеткен мақпалкөлдік Жасұлан Байділдаев та жүлдеден құр қалған жоқ.
– Ауылда каналда суға түсіп жүрген бізге спорттың бұл түрі таңсық емес. Мәреге бірінші келіп, бас бәйгені еншіледім. Жалпы суда жүзу өзіме ұнайды. Аудан орталығына келіп, кейде өзім де осы бассейнде жаттығып тұрамын. Сайысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мұндай шаралардың қолға алынуы біздің тәжірибе шыңдауымызға үлкен көмек болары анық. Ал тәжірибелі спорт нұсқаушыларының шәкірттері де жаман болмайды, – дейді жүлдегер Олжас Қыпшақбаев.
Шарада жүлделі орындардан бөлек арнайы номинация иелері де анықталды. Мәселен, осы сайыста өзінің жүзу әдісімен көзге түскен мақпалкөлдік Жасұлан Байділдаев пен аққұмдық Ғалым Көбеков “Үздік жүзуші” және “Еркін жүзуші” номинацияларымен марапатталды. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сайысқа төрелік еткен жабық бассейн директорының іс жүргізу жөніндегі орынбасары Нұркен Базарбай турнирдің тартысты өткенін айтады. Сондай-ақ ол мұнда келушілер бастапқыда жай ғана суда жүзіп, көңіл көтеруді мақсат етсе, соңғы уақытта команда болып жарысуды қолға алып жатқанын жасырмады. Тәжірибелі төреші бұл ауданда су спортының алға басуына үлкен септігін тигізетінін де тілге тиек етті.
– Кез келген турнирдің тартысты өтуі бірінші кезекте қатысушыларға байланысты. Бүгін соған көзіміз жетіп отыр. Нағыз мықтыны анықтау да біз үшін қиынға соққанын жасыра алмаймыз. Себебі олар бүгінгі сайысқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Десе де жарыс болған соң бірі озып, бірі мәреге кейін келіп жатады. Барлық қатысушының жүзу өнерін жоғары бағалаймын. Жалпы жабық бассейнге соңғы уақытта келушілер қатарының артқанын байқадық. Басында олар жай ғана көңіл көтеру үшін келсе, кейін команда құрып, жүзу және сүңгуден жарысуды келушілер де дәстүрге айналдырып жатыр. Спорттың бұл түріне қызығушылар қатарының артқанын осыдан-ақ байқаймыз. Сондай-ақ ол бір жағынан Жалағашта су спортының да алға басуына үлкен сеп болары анық, – дейді бас төреші Нұркен Аманкелдіұлы.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ