» » Чемпиондар лигасы: Ақтық мәреге қай команда өтеді?

Чемпиондар лигасы: Ақтық мәреге қай команда өтеді?

УЕФА чемпиондар лигасының жартылай финалындағы алғашқы ойындар өтті. Ағылшындық «Манчестер Сити» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдады. Манчестер қаласындағы «Этихад» стадионында өткен кездесуде футбол жанкүйерлері жеті голға куә болды.

Кездесудің бірінші минутынан бастап алаң қожайындары допты толықтай өз бақылауына алды, Жосеп Гвардиола шәкірттерінің физикалық және тактикалық жағынан дайындығы жақсы екені көрінді. Ойынның 2 минутында «манкуниандықтардың» жартылай қорғаушысы Кевин Де Брюйне корольдік клуб қақпасынан саңылау тауып, алғашқы есепті ашты. 11 минутта шабуылшы Габриэль Жезус алаң иелерінің есептегі басымдығын нығайта түсті. 33 минутта «Реалдың» шабуылшысы Карим Бензема бір голмен жауап қатты.

Екінші таймда «Манчестер Ситидің» ойыншысы Фил Фоден командасының үшінші голын соқты. Екі минуттан соң мадридтік клубтың шабуылшысы Винисиус мергендік танытты. 74 минутта жартылай қорғаушысы Бернарду Сильва «Реалдың» қақпасына төртінші голды соқса, 82 минутта Бензема 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті 4:3-ке жеткізді. Осылайша екі команда да сапалы ойын өрнегімен жанкүйерлерге қызықты спорт кешін сыйлады.

Қос команда арасындағы жауапты ойын 4 мамырда Испания астанасы Мадридте өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы алғашқы ойында «Ливерпуль» «Вильярреалмен» кездесті. Ойын Ливерпульдегі «Энфилд» стадионында өтіп, 2:0 есебімен алаң иелері жеңіске жетті.

Ойынның алғашқы таймында есеп ашылмады, бірақ Юрген Клопп шәкірттері айтарлықтай басымдыққа ие болды. Кездесудің бірінші таймында мерсисайдтықтар қарсылас қақпасына 15 соққы жасаса, испаниялық клуб бір ғана соққымен жауап қатты.

Ливерпуль 53 минутта кезекті қауіпті шабуылдарының бі­рінде өз дегеніне жетті. Джордан Хендерсон пасынан кейін «Вильярреалдың» қорғаушысы Первис Эступинян допты аң­даусызда өз қақпасына енгізіп алды. Екі минуттан кейін «Ливер­пуль» таблодағы есепті еселеді. Голды Садио Мане өз еншісіне жазды. Мерсисайдтық клубтың жартылай қорғаушысы Тиаго Алькантара матчтың үздік ойыншысы деп танылды. Осылайша мерсисайдтықтар екі минут ішінде ойын тағдырын шешіп кетті.

Қос команда арасындағы жауапты кездесу 3 мамырда Испанияда өтеді. Ақтық мәреге қандай командалар өтетіні бірінші кездесулер бойынша айқын анықталмаған секілді, яғни алдағы күндерде футбол жанкүйерлерін қызықты да тартысты кездесулер күтуде.

Жандос Жазкен

04 мамыр 2022 ж. 309 0