Еуропа лигасы: «Вест Хэм» 46 жылдан кейін жартылай финалға шықты
Еуропа лигасының ақтық мәресіне өтетін командаларды анықтайтын ойынның да басталуына аз ғана күндер қалды. Әйгілі «Камп Ноу» стадионында Еуропа лигасының 1/4 финалындағы жауапты ойында каталондық «Барселона» франкфурттық «Айнтрахтты» қабылдады. Тартысқа толы кездесуде 2:3 есебімен франкфурттық клуб жартылай финалға өткен болатын.
Есеп бірінші таймның басында-ақ ашылды. 4 минутта германиялық клубтың жартылай қорғаушысы Филип Костич 11 метрлік айып добын сәтті орындады. 37 минутта шабуылшы Рафаэль Борре есепті еселеп, бірінші тайм қонақтардың айқын басымдылығымен аяқталды. Екінші тайм Барселона үшін шешуші кезең болатын, сол себепті Хави шәкірттері допты толықтай өз бақылауына алды. 67 минутта қарымта шабуылды тиімді пайдаланған франкфурттық жартылай қорғаушы Костич Тер Штеген қорғаған қақпадан тағы бір мәрте саңылау тауып, дубль жасады. Ал алаң қожайындары сапынан екінші таймның қосымша уақытында жартылай қорғаушы Серхио Бускетс мергендік танытты. 10 минуттан кейін «Айнтрахт» қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын Мемфис Депай голға айналдырды.
Еске салайық, екі команда арасындағы алғашқы ойын 1:1 есебімен аяқталған болатын. Қос кездесудің қорытындысы бойынша франкфурттық «Айнтрахт» жартылай финалға жолдама алды.
Лион қаласындағы «Групама» стадионында «Лион» мен «Вест Хэм» арасындағы жауапты ойында 0:3 есебімен англиялық клуб келесі кезеңге өтті. Кездесудің бірінші минутынан бастап Дэвид Мойес шәкірттерінің шеберлігі байқалды. 38 минутта «Вест Хэм» қорғаушысы Крейг Доусон лиондық қақпашыдан айласын асырып, баспен гол соқты. 4 минуттан кейін Деклан Райс алыстан тамаша соққы жасап, командасының есептегі басымдығын екі голға жеткізді. Ойынның 48 минутында шабуылшы Джаррод Боуэн алаң иелерінің қақпасына үшінші голды соқты.
Осылайша, «Вест Хэм» 48 жылдан кейін қос кездесудің қорытындысы бойынша Еуропа лигасының жартылай финалына шықты.
Бергамодағы «Джевисс» стадионында «Аталанта» германиялық клуб «РБ Лейпцигті» қабылдады. Жауапты кездесуде Доминико Тедеско шәкірттері 0:2 есебімен жеңіске жетті. Ойын ә дегеннен тартысты басталды, допты иелік етуде қос клуб та қалыс қалмады, бірақ тактикалық дайындыққа келсек, германиялық клубтың басымдығы байқалды. Кезекті қауіпті шабуылдардың бірінде «РБ Лейпцигтің» жартылай қорғаушысы Кристофер Нкунку 18 минутта есеп ашты. Ал 87 минутта Нкунку 11 метрлік айып соққысын өз пайдасына жаратып, қос голдың авторы атанды. Екі ойынның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен басым түскен германиялық клуб жартылай финалда өнер көрсететін болады.
Глазгодағы «Айброкс» стадионында «Рейнджерс» пен «Брага» арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Экстра-таймға ұласқан ойында шотландиялық клуб 3:1 есебін жартылай финалға берілетін соңғы жолдамаға иелік етті.
Осы аптада англиялық «Вест Хэм» германиялық «Айнтрахтпен» ақтық мәренің жолдамасын сарапқа салса, «РБ Лейпциг», шотландиялық «Рейнджерспен» қос ойын өткізеді. Алғашқы ойындар 27-28 сәуірде, ал жауапты кездесулер 4-5 мамырда өтеді. Осылайша, футбол жанкүйерлерінің көкейіндегі «Еуропаның кубогын кім иеленеді?» деген сұрақтың жауабы одан әрі шиеленіскен секілді, алдағы уақытта тартысты футбол кештерінің куәсі болатынымыз анық.
Жандос Жазкен