Ерлі-зайыптылар Месси мен Роналду үшін айтысып, ажырасып тынды Ресейдің 11 қаласында футболдан өтіп жатқан Әлем біріншілігі аяқталуға жақын. Әу баста додаға кірген 32 командадан 8-і ширек финалға жолдама алған еді. Енді бірер күнде жартылай финал кездесулері де басталмақ, сөйтіп, әр 4 жылда өтетін футбол тойы өзінің мәресіне жетеді. Бұл чемпионатта небір сенсациялық оқиғалар болып жатыр. Мысалы, Әлемнің 4 дүркін чемпионы – Германия құрамасы Оңтүстік Корея футболшыларынан 0:2 есебімен ойсырай ұтылып, ширек финалға да жетпей, еліне қайтты. Сол сияқты әйгілі Португалия, Аргентина, Испания командалары да биіктен көріне алмады. Бүгінде қызуқанды футбол жанкүйерлері де небір оқиғаларды бастан өткеріп жатыр. Бұған қатысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ олардың қай-қайсысы болса да жұртты челябинскілік ерлі-зайыптылардың ісіндей таңқалдыра алмайтын шығар. Ресейдің Челябинск қаласында тұратын, отасқандарына 14 жыл болған Арсен және Людмила есімді азаматтар футбол жұлдыздары – Лионель Месси мен Криштиану Роналду үшін айтысып-тартысып, ақырында ажырасып кетіпті. Бұл жөнінде ресейлік ақпарат құралдарында жарияланды. Аргентина құрамасының ширек финалға шығу жолында Нигерия командасын ұтқаны белгілі. Месси Нигерия қақпасына гол соққан кезде отағасы қатты қуанған екен, сол кезде әйелі Мессиді біраз мысқылдап, сөзбен түйрепті. Ал отағасы оның «сүйіктісі» – Роналдуды жамандаған, оған қоса Людмиланың өзін де оңдырмапты, ол жақсы көретін командалардың бәрін «түкке асырмай» тастаған. Сосын ашуын ірке алмай, керек-жарағының бәрін алып, үйінен шығып кетіпті. Арада көп өтпей ажырасуға арыз түсірген. Ерлі-зайыптылар 2002-жылғы Әлем чемпионаты болып жатқанда Челябинскідегі спорттық барлардың бірінде танысқан екен. Екеуі де қызуқанды жанкүйер болғасын тез тіл табысыпты, арада көп өтпей шаңырақ құрыпты. Бірақ бірі Мәскеудің «Спартагы» мен испандық «Барселона» клубының, екіншісі «ЦСКА» мен Мадридтің «Реалының» нағыз жанкүйері болғандықтан осы командалардың ойыны кезінде ұрысып қала береді екен. Ақыры, міне, осындай өкінішті жайға әкеліп соққан. Н. ӘБДІ.http://www.zamana.kz Спорт 12 шілде 2018 ж. 742 0