Дзюдошы Елдос Сметов Гран-приде алтын алды
Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Венгрия елінің астанасы Будапештте өткен Гран-при ойындарында алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz басылымына сілтеп.
2015 жылғы әлем чемпионы болған Сметов 60 келіге дейінгі салмақ санатында 2014 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткен моңғол дзюдошысы Бодбаатар Ганбатты иппонмен жеңді.
66 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақстандық Елдос Жұмақанов күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ол финалдық бәсекеде қосымша уақытта моңғол Керлен Ганболдқа есе жіберіп алды.
Айта кетейік, Гран-при - халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) қолдауымен бүкіл әлем бойынша өткізілетін турнирлер сериясы. Будапештте өтіп жатқан биылғы жарыс 14 шілдеде аяқталады. Келесі Гран-при 26-28 шілде аралығында Хорват Загребінде өтеді.
Stan.kz