ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС БИЛІК ПЕН БҰҚАРАНЫ БАЙЛАНЫСтырады

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Елбасының жасампаз істерін жалғастырушы Мемлекет басшысы кешегі өткен сайлау науқанында өзін бір ауыздан қолдап, еліміздің қалыптасуының жаңа кезеңінде бір мүддеге жұмыла жұмыс жасаймыз деп өзіне сенім артқан біртұтас Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттырып, елімізді әлемдегі озық мемлекеттермен терезесін тең етуді мақсат етті және бұл айтыла салған сылдыр сөз, құрғақ уәде емес. Оның алғашқы нәтижесіне де халық куә болды.
Халқымызда: "Ханда қырық кісінің ақылы бар" деген сөз бар. Бұның тысын айналдырып, астарын іздеудің еш қажеті жоқ. Елді басқаратын адамның тұлғалық сипатына берген халықтың әділ бағасы. Бірақ осылай бола тұра, тарихымызда қазақ халқын ұшпаққа шығару жолында тақтан емес, күні-түні аттан түспеген хандар елдік мәселелердің барлығын өз ақылымен, өз дегенімен ғана шешкен жоқ, бұл орайда олардың қай-қайсысы да "келісіп пішкен тон келте болмас" деген аталық сөзден аттап кетпей, айналасымен ақылдасты, көппен кеңесті, қалың бұқараның да кеңестеріне құлақ түрді, тіпті кей жағдайларда халықтың ескертпелерін де құп алды. Міне, соның арқасында иен даланы жайлаған кешегі көшпенді халықтың ұрпағы бүгінде өз шекарасын белгілеп, егеменді ел болды.
Жуырда ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Мақаламыздың басына Мемлекет басшысының сөзін бекерге берген жоқпыз. Елдің көкейінде жүрген арман-аңсарды, мақсат-мүддені, талап-тілекті Президент ашып айтты және оны жүзеге асыру жолында өзі де аянбай еңбек ететінін де жеткізді. Бірақ олардың барлығы әлгінде айтқанымыздай, бір адамның қолынан келетін шаруа емес немесе бір ғана адамның мойынына жүктелген жауапкершілік деп түсінбеуіміз керек. Ол айтылғандардың барлығы да қоғамның қуатты қолдауымен, халықтың ынтымағымен, ауызбіршілігімен жүзеге асады.
Қоғамдағы елдік мәселелер төңірегінен жиі бой көрсетіп жүрген қоғам белсенділері мен сарапшылардың пікірінше, қазақстандық азаматтық қоғамның жаңа кезеңінің бастауы деп бағаланған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі еліміздегі қоғамдық ұйымдар мен қоғам қайраткерлерін, сонымен бірге ұлтжанды азаматтарды бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ алаңға айналмақ.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік саясаттың кейбір өзекті мәселелері жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, тұжырымдап, соның нәтижесінде қоғам белсенділерінен бөлек, қарапайым халықты да ел мүддесі үшін әділ де, ашық үн қатып, тонның ішкі бауындай жымдасып жұмыс жасауға қалыптастыру. Яғни бұл – билік пен бұқара арасында ашық диалог орнатудың тың тетігі. Әрине елдік мүдде төңірегінде көтерілген мәселелерге кеңес мүшелері тарапынан әртүрлі пікір айтылуы да мүмкін. Бірақ соған қарамастан, пікірлер алуандығы әр тарапқа тартып алауыздық тудырмай, керісінше, кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен ойы бір арнада тоғысады. Өйткені кеңестің негізгі міндеті де сол, қоғамдағы кейбір күрмеулі мәселелердің түйінін келісіп шешу.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы саны 42 адамнан құралған кеңеске мүше болғандар саяси партиялар мен оппозициялық ұйымдардың, азаматтық қозғалыстардың өкілдері және қоғам қайраткерлері, сарапшылар, құқық қорғау өкілдері. Кеңес құрамы алдағы уақытта Төрағаның шешімі бойынша әлі де толықтырылатыны айтылды. Әрине олар да қоғамның санитары атанып, әр саладағы мәселелер бойынша ой толғап жүрген азат ойлы, ашық пікірдегі азаматтар болуы шарт.
Президент өзінің сайлауалды бағдарламасын насихаттау барысындағы өңірлерге жасаған сапарында елдің жағдайымен етене танысып, халықтың ұсыныс-пікірлерін де қаперге алатынын айтқан болатын. Осыны ескерсек, Мемлекет басшысы айтқан әділетті ашық қоғам құрудың алғы шарты – ұлт мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоятын, мемлекетшіл азаматтардан құрылған Ұлттық кеңес билікке, келешекке деген халық сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.
Қуат АДИС