ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОС АЗАМАТЫ


Кеше қала күні қарасаңындағы салтантты шарада аймақ басшысы бірқатар азаматтарға "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағын тапсырды. Солардың қатарында біздің екі бірдей жерлесіміз бар. Әрине бұл жалағаштықтардың мерейін асырып, абыройын асқақтатты.
Мұстафаев Садық Шоңмұрынұлы облыстың спорт саласына зор еңбек сіңірген қайраткер. Қазақ күресінен спорт шебері. Дзюдо күресі бойынша Халықаралық дәрежелі төреші. Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. "Құрмет" орденінің иегері. Садық Мұстафаев Қызылорда облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына басшылық жасаған жылдары Сыр елінен көптеген спортшылар әлем чемпионаттарында және Олимпидаларда жүлдегер атанып, еліміздің атын дүние жүзіне танытты.
Ниязов Мұхтар Мәуленұлы айтыскер ақын. Халықаралық айтыстардың және республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ республикалық ақындар айтысына тігілген "Алтын домбыраның" екі мәрте иегері. Сонымен бірге Мұхтар Ниязов ел руханиятына қапысыз қызмет етіп келе жатқан жастардың бірі. Соның ішінде Сыр бойының рухани-мәдени өміріне белсене араласып, жастар тәрбиесінде де көптеген игілікті істер атқарып жүр. Ендеше, біз де қос азаматты ел атынан құттықтаймыз!
Қуат АДИС