ТАРИХИ САНАНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
Тарих – дәуірлерден, замандардан, ғасырлардан, жылдардан, айлардан, күндерден, сағаттардан, тіпті қас-қағым сәттерден жасалады. Әрине, тарихи кезеңдерді жасаушы – адамдар. Жер бетінде тіршілік пайда болып, адамзат жаратылғаннан бергі тарихи жәдігерлерді сақтап келе жатқан – музейлер. Көне дәуірлердегі барша тіршілік иелерінің қаңқалары мен адамзаттың тұрмыста тұтынған мүлік-мүкәмалдары бүгінге дейін әлемнің әр бұрышынан қазба жұмыстары барысында табылып жатыр. Біздің құлағымызға музей сөрелеріндегі топырақпен тотыққан сол тарихи құнды дүниелер көне күндердің үнін жеткізіп ой салады, санаңды жаңғыртады.
Біздің ауданымызда да 2000 жылдан бері тарихи-өлкетану музейі жұмыс істеп келеді. Музейдегі жәдігерлердің саны күн санап артып отыр. Бұл біздің ауданымыздың айналасы тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай екенін аңғартып тұр. Олардың көбінің республикалық деңгейде маңызы бар екені анықталып, мемлекет қорғауына алынған. Барлығын тізбелеп шықпай-ақ, "Жент", "Құмақала", "Рабат қатын", "Қара асар", "Сорлы асар", "Көктонды асар", "Моншақты асар", "Домалақ асар", "Мортық" қалашықтары және кесенелер мен көне заман ескерткіштерінің өзі өлкеміздің әр тасына тәспірлі тарих тұнып тұрғанының дәлелі.
Бұл қалашықтардан табылған тарихи жәдігерлер ерте замандарда осы өлкеде өркениет болғанын айғақтайды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталып тұрған жәдігерлердің басым бөлігін осы ескі қалалардан табылған көне заттар құрап отыр. Сол кездегі адамдардың тұрмыста тұтынған ыдыс-аяқтары: күйдірілген қыш құмыралар, бедерлі кеселер, ернеуіне өрнек түскен үлкен керсендер, соғыста пайдаланған қару-жарақтар, ат әбзелдерінің бөлекшері жас жеткіншектерімізді, келешек ұрпақты өз тарихын білуге тәрбиелейді және олар мыңжылдықтарға тамыр тартқан терең де тәлімді тарихымен мақтанады.
Әрине аудандық музейдегі құнды дүниелердің жиналуы – мұндағы қызметкерлердің тынымсыз төккен терінің нәтижесі. Бірақ өкініштісі, көзге көрінбей, көңілге олқы тартып, қоғамнан оқшау, бұйығы жататын осы бір мәдени мекеменің бар-жоғын аудан тұрғындарының көбі біле бермейтін секілді болады да тұрады маған. Өйткені біз журналист ретінде де, музей жәдігерлерімен танысуға барған осы ауданның бір тұрғыны ретінде де күнде болмаса да, ара-тұра бой көрсетеміз. Сондай кездерде музей залынан қызметкерлерден басқа адам көзге шалынбайды. Жоқ, бұл музей қызметкерлері жұмыс жасамайды деген сөз емес, керісінше олар тарихымызды түгендеп, келешек ұрпақтың тарихи танымының кеңеюі жолында дала кезіп, жаһан аралап еңбектеніп келеді. Бұл жерде біз ата-аналар мен мектеп мұғалімдеріне назымызды білдіргіміз келіп отыр. Музейде өтетін шараларды күтіп отыра бермей, әр мектеп аптасына болмаса да, айына екі рет өлкетану сағатын ұйымдастырып, мектеп пен музейдің ортасына соны сүрлеу түсірсе деген ұсынысымыз бар. Музейге жиі бас сұққан бала өз өлкесінің тұмса табиғатымен үндескен тұнба тарихын терең біледі, сонымен бірге ауданымыздың экономикасының, мәдениетінің, руханиятының, спортының дамуына үлес қосқан тұлғаларымызды танып және солардың өнегелі жолдары арқылы өздерінің азаматтық тұлғаларын қалыптастырар еді деген жақсы ойдан туындап отырған тілегіміз бұл. Өйткені театр – адамның мәдени, рухани тәрбиешісі болса, музей – тарихи санаңның шырақшысы...
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында және Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы шеңберінде үстіміздегі жылдың 8-9 қазан күндері аралығында аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Т.Жүргенов және Жаңаталап ауылының тұрғындары мен мектеп оқушыларына «Шежірелі Жалағаштың тарихы» атты көшпелі көрме ұйымдастырды.
Көрмеге аудандық музей қорындағы қару-жарақтар, археологиялық және этнографиялық қор коллекциялары, қолөнер бұйымдары мен жалағаштық және аққырлық қылқалам шеберлері Краснослав Баталов пен Мейрамбек Жайылхановтың әр жылдары майлы бояумен кенепке жазылған туындылары қойылды. Көрме ауыл халқының, мектеп оқушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Бұл елді мекендердің тұрғындары мен ауыл ақсақалдары осынау игі іске ұйтқы болған аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының меңгерушісі Қ.Құлмахан мен музей қызметкерлеріне өз ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты. Айта кетейік, өткен айда да аудандық музей қызметкерлері М.Шәменов, Ақсу, Мырзабай, Таң ауылдарында болып, музей қорының құнды экспонаттарынан тақырыптық көрмелер мен түрлі форматтағы танымдық іс-шаралар ұйымдастырған болатын.
Қуат Ахетов