» » ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ АКЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ АКЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ



Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановтың қатысуымен аудандық тарихи-өлкетану музейінде 18 мамыр–Халықаралық музейлер күніне орай «Аудандық музейге сый тарту» атты мәдени акция өткізілді.
-Аудандық музей іргетасын қалауға Балғабай Имашев, Комвуз Бердаулетов, Мұхамедияр Әбжанов, Орынбай Сарманов, Ахмет Тілеулиев, Жоламан Алданазаров, Мақсат Қарақұлов және тағы да көптеген азаматтар өз үлестерін қосты. Биыл аудандық музейге 20 жыл толып отыр. Содан бері музей қорында 7019 экспонат жинақталған, - дей келе, Жағыпар Айтбайұлы музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Акция аясында жаңаталаптық ағайынды жауынгерлер Қанатша Төлегенов пен Асан Әлмахановтардың майданнан елге жазған хаттары мен басқа да құжаттары, аудандық Иманқұл мешітінен сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, басқа да құнды экспонаттар сыйға тартылды. 
Сондай-ақ, музей залында ауданымыздың ішкі істер бөлімі тарихына қатысты экспозиция жасақтау жоспарлануда.
Айта кету керек, Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі аудан әкімінің 1999 жылғы 10-шы қарашадағы №144-ші Шешімімен құрылып, халыққа қызмет ете бастады. Музей 1957 жылы салынған бұрынғы Абай атындағы кинотеатр ғимаратында орналасқан.
Аудандық музейде аудан тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал жұмыс жасайды. Экспозицияға қойылған экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылған.
Музейде аудан көлемінің 70-67 млн. жылдан бергі (археозой эрасынан мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы толық қамтылған.
Музей қорындағы жалпы экспонат саны – 7019; Оның ішінде: негізгі қорда – 3532, көмекші қорда – 3487 экспонат тіркелген.
19 мамыр 2019 ж. 775 0