» » Отандық сорттың орны бөлек

Отандық сорттың орны бөлек

    Ел экономикасын ұдайы дамытуда жаңаша жергілікті жерге бейімделген тәсілдерді оңтайлы қолдану үшін не істеу қажет? Бұл сауал – аграрлық саланың адал ниетті ғалымдарының да бүгінгі таңда  алдына қойған көкейкесті мәселесінің бірі.
   Әрбір мемлекеттің алдына қойған мақсаты – тарихтың төрінен орын ала отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылу болса, басты жетістігі – еліндегі байлықты өз орнымен игере әрі бағалай білуінде. Осындай қажеттілікті қанағаттандыру үшін ел ертеңі – бүгінгі жас мамандарға  саналы тәрбие мен  жүйелі бағыт-бағдар беру, отандық өнім мен инновациялық технологияларды өндіріске енгізу мақсатында озық шаруа қожалықтарымен бірлесіп, тәжірибелер жасап, зерттеулер жүргізіп, нақты нәтижелерін шаруашылықтарға жеделдетіп енгізу мен тарату, ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдардың  үлкен міндеттеріне айналған.
Осы орайда, ­Ы.Жақаев атын­дағы Қазақ күріш шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу инс­титуты мен Қазақтың картоп және көкөніс шаруа­шылығы институты ғалымдары бірлесе отырып, инновациялық әдіс­терді қолдану негізінде жүргізіп жатқан  жұмыстарды айта кетуді жөн көрдік.  
   Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қызылорда облысынан биылғы жылы қаржыландырылған  бюджеттік бағдарлама бо­йынша 7 жобаның иегері атанды. Облыс әкімі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Елбасы Жолдауындағы алдымыздағы бес жылда АӨК-те терең өңделген ауылшаруашылық өнім көлемдері мен еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жолдарын ғылыми негізде жүргізуге қолдау көрсетіп отыр.
Соның ішінде «Қызылорда облысы жағдайында Қазақстан селекциясының картоп сорттарын егудің инновациялық әдістерін қолдану арқылы тауар өндірушілерге енгізу және тарату», «Қызылорда облысы жағдайында   отандық және шетелдік малазықтық асқабақ сорттарын тауар өндірушілерге енгізу және тарату» тақырыптары бойынша бюджеттік бағдарламаның жетекшісі Қанағат Бегалиевтің ауыл шаруа­шылығын дамытуға қо­сып жатқан  үлесі мен жасап жатқан еңбегі  жоғарыда аталған өзекті мәселелерді шешудегі жетекші маман деп айтсақ қателеспеген болар едік.

Облыстың егін шаруа­шы­лығы күріш дақылымен тығыз байланысты.  Алайда, ­суармалы жерлер құнарлығының төмендеуі мен суару кезеңінде су тапшылығының өсуі ауыл шаруашылығы дақылдарынан межелеген өнім мөлшерінің алынбау факторлары байқалуда. Осы орайда суармалы жерде күріштің үлесін біршама азайтып, институт ғалымы Камалдин Шермағамбетовтың әзірлеген 8 танапты ауыспалы егістік үлгісіне  әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін өнім мен табысы жоғары басқа дақылдарды ауыспалы егіс құрамына енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Шиелі ауданындағы «Алтын дән» шаруа қожалығының топырағы құнарлы күріштің ауыспалы егіс танабында су қиын баратын жерлерге, суды аз қажет ететін картоп, бақша дақылдарын өсіру арқылы олардың өнімдеріне сұранысты арттыру үшін, «Инновациялық тәжірибені тарту және енгізу жөніндегі қызметтер» аясында отандық картоп және асқабақ сорттарының тұқымдары егіліп, олардың  топырақтық-климаттық жағдайға жерсінуі, бейімделуі мен сапасы және өнімділігін анықтауда ғалымдар мен диқандардың бірлескен жұмыс­тары жүргізілуде.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген ғой дана халқымыз. Сырттан келген дақылдардың жергілікті жерге бейімделмеген сорттарын алақайлап қарсы аламыз деп жүріп, өзіміздің отандық, сенімді, климат пен топырақ ерекшелігіне ыңғайлы төл тұ­қымдарымызды өгейсітіп алғандаймыз.
   Отандық сорттарды өндіріске енгізу мақсатында, бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында, Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында биотехнология әдістері негізінде картоптың бастап­қы материалын вирусты ауру­лардан ұштық ұлпа әдісі арқылы сауықтыру, вирустарды иммуноферментті талдау (ИФТ) әдісі арқылы диагнос­тикалау, аурулардан сауыққан регенеранттарды жасанды қо­ректік ортада жедел көбейту, өсімдіктерден жылыжайда шағын түйнектер өндіру жұмыстары жүргізіліп, шағын түйнек түріндегі бастапқы отыр­ғызу материалы ­Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы  ғылыми-зерттеу  инс­­титутына  беріліп отыр.
   Қ.Бегалиевтің жетекші­лігімен және жас ғалымдар Е.Алпыс, Е.Натишаев, Г.Қазан­ғапов­тардың ғылыми-әдістемелік көмек көрсетуі нәтижесінде «Алтын дән» шаруа қожалығының басшылығымен бірлесіп, 2 гектар егістікке картоп дақылының «Ақсор», «Жанайсан», «Үшқоңыр» атты отандық сауықтырылған сорттарының бас­тапқы материалы отырғызылды.
Тұқым шаруашылығының сұлбасы бойынша болашақта шағын түйнектерден ­супер-суперэлиталық, супер эли­тадан элиталық тұқымдық материалын өндіру жоспарланып отыр. Бұл нәтиже келешекте Шиелі ауданы, Бестам ауылы «Алтын дән» шаруа қожалығына «Картоптың бірегей және элиталық тұқымын өндіруші» статусын алуға,  аймақта  картоптың тұқым шаруашылығы жүйесін жасауға, сонымен қатар шаруа қожалықтары мен жеке секторды дақылдың жоғары репродукциялы тұқымымен қамтамасыз етуге және тұқымды экспорттауға үлкен мүмкіндік бермек. Бұған осы шаруашылықтың бұрыннан картоп дақылын егіп, өндіру тәжірибесі мол, топырақ-климаттық жағдайы да өте сай келеді.
Қызылорда облысы жағда­йында тұрғындарды жергілікті қолжетімді бағада картоп өнімдерімен толық қамтамасыз ету және мал шаруашылығына аса қажетті нәрлі малазықтық асқабақ дақылдарын инновациялық әдістермен өсіруді қолға алу – бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қолдау жасау, оны дамыту, ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен  қамту мәселелерін шешеді. Атап айт­қанда, картоп өнімі бизнестің жылдам, сатылым түрі тез болса, малазықтық асқабақ өнімі мал шар­уашылығының сүт және ет өнімдерінің мөлшері мен сапасын арттыруға толық мүмкіндік туғызады.
   Картоп дақылынан басқа шаруа қожалығының 2,5 гектар егістігіне «Афродита», «Карина», «Мозолеевская 10» сорт­тары бойынша малазықтық асқабақ дақылының тұқымы егіліп, қазіргі таңда жақсы көрсеткіштерімен ерекшеленуде.
   Осы жылы инновациялық тех­нологияларды қолдану ар­қылы отандық асқабақ пен картоп сорттарын отырғызып, жеткен жетістіктерімен, тәжіри­белерімен бөлісу мақсатында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бахытжан Дүйсембековтің жетекшілігімен Шиелі ауданының Бестам ауылдық округіндегі «Алтын дән» шаруа қожалығында дәстүрлі «Дала күні» семинары өтті.
   Аталған жиында ­Қ.Рахман басқарып отырған шаруа қожалығы негізінде картоп дақы­лының «Алғашқы тұқым шаруашылығын ұйымдастыру» жөніндегі бастамаға жан-жақты қолдау білдірілді.
Семинардың негізгі мақсаты – инновациялық технологияларды тауар өндірушілерге енгізу және жеделдетіп тарату қажеттілігін институт басшысы тәжірибе жүзінде іспен көрсетті.
   Білікті ғалым Бахытжан Әлішерұлы көктемгі егістік жұмыс­тарын, тәжірибе танабындағы вегетациялық мерзімдерінде жасалып жатқан жұ­мыс­тарды шаруа қожалығы мен институт ғалымдары бірлесе жұмыс атқарғанда, осындай жоғары табыстарға қол жеткізуге толық мүмкіндік бар екенін баяндады.
   Семинар соңында Қ.Бегалиев тәжірибе танабынан күтетін нәтижені тілге тиек ете келіп, асқабақ дақылының малдың сүт және ет өнімдері сапасын арттыратын құнарлы азық екенін, ал картоп тұқымын өндіру, «Алғашқы тұқым шаруашылығын» ұйымдастыру арқылы ішкі сұранысты ғана қанағаттандырып қоймай, экспортқа да шығу көзі екенін нақты мысалдармен жеткізді. Сондай-ақ, бұл ретте инновациялық технологиялар арқылы егіс даласындағы қол жұмысы 80-85 процентке жеңілдеп, өнім өндіруге кететін шығынды төмендету мүмкіндігі зор екендігін айтты.
Қысқасы, осындай ғалым­дардың еңбегін зерделей келе, Ахмет Байтұрсынов айтып кеткен «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деген сөзі ойға оралады.

Ж.ТОҚБЕРГЕНОВА,
Ә.БАЙТӨРЕЕВА,
Қазақ жеміс және көкөніс
шаруашылығы ҒЗИ және
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ қызметкерлері.
20 қазан 2019 ж. 475 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031