ӘЙЕЛ БАРДА – ӘЛЕМ БАР
Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың. Бұл сөздің астарында «ана» деген асыл аттың құдіреті жатқандай. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін берген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ардақты аналарды тіршіліктің тірегі деуге болады. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі де тек аналармен ажарлы емес пе?!
Аптаның бейсенбісінде Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте «Әйел барда, әлем бар» атты IV аудандық әйелдер форумы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып, қоғамда әйел-аналардың орны ерекше екенін атап өтті.
– Қазақ қоғамының қиын кезеңдерінде әйелдер қауымының ел үшін сіңірген еңбегі зор. Тарихтан белгілі батыр қыз-келіншектердің ерлігінің өзі көпке үлгі-өнеге. Ауданда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген «алтын құрсақты» аналар да жеткілікті. Бүгінде мыңнан аса көпбалалы ана есепте тұрады. Олардың әрқайсысы қоғамға пайдалы, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай тер төгіп келеді. Даналық пен ізгіліктің, әдемілік пен мейірімділіктің үлгісі саналатын, аяулы жар, ардақты ана, ақжаулықты әжелер мен қырмызы қыздардың басын қосқан бұл форум ауданымызда төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан кейін мінберден орын алған облыстық «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қызылорда қалалық кеңес мүшесі Раушан Сарымсақова «Қазақ қоғамындағы әйел-ананың орны мен рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
– Тарихтан белгілі жайттардың барлығы қазақ халқының өмірінде әйел орнының ерекше болғандығын байқатады. Қазіргі қазақ әйелі – қоғам мен мемлекет көркі. Әйелдер елімізде болып жатқан барлық қоғамдық-саяси өзгерістерге, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Олар бар күш-жігерлерін жұмсап, ерлермен бірге әр салада еңбек етіп, ел болашағының жарқын болуы жолында тер төгіп жүр. Сондай-ақ әйелдер қауымы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуіне өз үлестерін қосып келеді, – деді қалалық кеңес мүшесі Р.Сарымсақова.
Форум барысында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІ республикалық, ауыл әйелдері форумының делегаты, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирманқызы отбасының, елдің берекесі мен баянды бірлігін, тату-тәтті тірлігін, жарасты ынтымағын сақтаушы да – әйел. Әйел – ана, әйел – өмір, әйел – тіршілік өзегі. Өмір бесігінде сәби тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесі екенін тілге тиек етсе, М.Шәменов ауылы мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Алмаш Жүнісқұлова форумның маңызды шаралардың бірі екенін жеткізді.
Бұдан бөлек «Fulcrum Foundation» азаматтық бастамаларды қолдау қоғамдық қорының президенті Ақгүл Асанбаева батыр аналар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, көп жыл түрлі салада абыройлы қызмет атқарған әйелдер қауымын арнайы дипломмен марапаттап, бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Форум соңы аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Нұржан Амандық, Нарбота Серәлі дайындаған әзілге толы ойындар мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ