ЖЫР АРҚАУЫ – ЖАЛАҒАШ
Бала күнімізде ауылда телеарна қосыла қалса, үлкендер «Бүгін қай күн, сәрсенбі болса «Хабарға» қой, айтыс болады» деп көгілдір экранның бергі жағында елеңдеп отыратын. Тіпті той-томалақта басы қосылса да қарт кісілердің екі сөзінің бірі айтыс жайында еді. Қазір біз өнері былай тұрсын, күніне не ішіп, не жейтінін жатқа білетін эстрада жұлдыздарына қарағанда, оларға деген үлкендердің ықыласы басым еді. Бір жылдары айтыс жабылып қалғанда сол буынның тағы елеңдегені өтірік емес. «Ұлттық өнермен енді келер ұрпақ сусындай алмай ма?» деген сауал көптің ойында жүрді. Аллаға шүкір, арада біраз уақыт өткенде ел ағаларының араласуымен төл өнер қазақпен қайта қауышты. Тіпті жер-жерлерде жас ақындар үйірмесі ашылып, балаларды ұлттық өнерге баулыды. Жалағаш ауданында да «Адырна» жас ақындар үйірмесі жұмысын бастағалы талай талантты жастың өнері шыңдалды. Кешегі ауданның 80 жылдығына орай ұйымдастырылған жас ақындар айтысында аталған үйірмеден тәлім алып жатқан бірқатар талантты оқушының тұсауы кесілді.
«Жаһандағы жұмақ мекен – Жалағашым» атты облыстық оқушылар айтысында Қызылорда қаласы мен аудандардан келген 12 ақын бақ сынады. Айтыс басталмас бұрын үлкендер көрерменнен «Жастар төл өнердің көркін қыздыра алмай жатса, түсіністікпен қарарсыздар» деген тілегін жеткізді. Халық та қазіргі сахнада сақа болып жүргендердің басында өнерге қалай келгенін жақсы біледі. Мамыр Байдаулеттің байыпты бастамасын бірауыздан қолдады. Бірақ оқушылар айтысы деген аты болмаса, өнердегі жастар осал болмай шықты. Тарихты да тереңінен тарқатқан таланттар қалаберді қоғамдағы кейбір мәселелерді де жырына арқау етті.
Айтысты бірінші болып бастаған жалағаштық Дамир Айтбай мен жаңақорғандық Мұхамедали Абуллаев Жалағаштың 80 жылдық тарихымен қоса осы өңірден шыққан батырлар мен ақындарды, би-шешендерді, зиялы қауым өкілдерін жырлап, өлеңмен танымал тұлғалардың жалғасы бола берсін деген тілегін жеткізді. Бұл сөз сайысында Жаңақорғанның ақыны басым түсіп, Сәкен Алдашбаев бастаған қазылар алқасының толық 10 ұпайын қанжығасына байлады. Мұнан кейінгі ақындар да елдікті, ерлікті, бірлікті жырына арқау етті. Тіпті жас ақындардың жан-жақтылығы соншалық тақырыптан тыс бір-біріне араб сөздерінің қазақша қандай мағына беретіні жөнінде сауал жолдап, жауап беріп отырды. Сондай-ақ мемлекеттің ұстаз мәртебесін көтеру жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, алты алаштың басы қосылған жерде төрден ұстазға орын табылу қажеттігі де ақындар жырына арқау болды.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесін қызылордалық жас ақын Сандыбай Піржан жеңіп алды. Ал І орын Шиелі ауданынан келген Елдар Әмірханға бұйырса, ІІ орынды жалағаштық Қартбай Мейіржан иеленді. Үздік үштікті түйіндеген Қазалы ауданының жас ақыны Бекзат Серік пен жаңақорғандық Мұхамедали Абдуллаев та марапат төрінен көрінді. Сонымен қатар айтыстың арнайы жүлдесі қызылордалық Бихожа Нұржігітке бұйырды. Қатысушылар мен жүлдегерлерге Мәдениет және өнерді дамыту орталығының қаржылай сыйлықтары табысталды.
Жыр бәйгесі өз мәресіне жеткенде кейбір жас ақындардың домбыраны толық меңгермеуі де қазылар алқасының назарына алынды. Десе де көш жүре түзеледі. Жастардың талантына қарап болашақ елдің атын шығаратын ер болып қалыптасарына күмән келтірмедік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Сыр еліне арнайы келген ағылшын зерттеушісі қазақтың айтыс өнерін кезекті тақырыбына арқау еткен көрінеді. Өнер өкілдері мұның сырын сұраса, әлгі ғалым «Айтысты зерттесек, біз қазақтың кім екенін толық білеміз» деген екен. Осыдан-ақ біздің барлық болмыс-бітіміміз төл өнермен біте қайнасқанын айқын аңғаруға болады. Тәуелсіз ел барда қазақ бар, қазақ барда айтыс та мәңгі жасай бермек. Бұл өнерді келешек дәріптеушілердің көбі осы буыннан қалыптасарын ел жақсы біледі. Сондықтан мұндай үйірмелерге қолдау білдірген ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
К.БАЛҒАБАЙ