ӨНЕР ОРДАСЫ ТАҒЫ БІР СТУДИЯМЕН ТОЛЫҚТЫ

Естеріңізде болса, бұрын аудандарда өнерді дамыту орталықтарын ашу былай тұрсын, сол мәдениет үйінің өзінде кадр тапшылығының орын алуы жастардың талабын шыңдауға айтарлықтай кері әсерін тигізетін. Ал қазір мүлде басқа, талпынамын деген талабы бар жанға мемлекет бар жағдайды жасап қойған. Керісінше, қатары артқан түрлі үйірмелер жастардың шығармашылығын дамытуға оң әсерін тигізуде. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде соңғы жылдары бірнеше үйірме жұмысын бастады. Ал одан түлеп ұшқан жастардың облыстық, республикалық, халықаралық спорт және өнер додаларында топ жаруы мұндағы мамандардың біліктілігін аңғартады. Сейсенбіде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жоғарыда атап өткен мәдениет және өнерді дамыту орталығының жұмысымен танысты. Дәл осы күні аталған орталық «Шабыт-Арт» студиясымен толықты. Салтанатты шарада аудан әкімі шығармашыл жастардың өнерін тамашалап, үлкен додаларда топ жаруына сәттілік тіледі.
– Жалағаш жері ел үшін еңбек еткен нар тұлғалы азаматтарға, қаламының қарымы бар ақын-жазушыларға, күміс көмей әншілерге, байрағымызды биіктен желбіреткен спортшыларға кенде емес. Қасық қаны қалғанша ұлтына адал қызмет еткен кешегі Бұқарбай, Есет, Тоғанас, Сәрке, Байқадам батырлар мен Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов сынды зиялы қауым өкілдері бұл сөзімізді қуаттай түседі. Қазір де біз өнер саласында жүрген Ғани Құлжанов, Елена Әбдіхалықова, Құдайберген Бекішов, Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов сияқты танымал азаматтармен мақтанамыз. Осындай үлкен орталықты ашудың негізгі мақсаты – жастардың талабын шыңдай отырып, өнерге болу. Ертең осынша жастың ішінен танымал өнер адамының шықпасына кім кепіл... Өздеріңдей шығармашыл жастардың өнерге талпынып жатқаны бізді қуантады. Жеткен жетістіктеріңізден де хабарым бар. Сондықтан біз жастарды жан-жақты қолдауды күн тәртібінен түсірмейміз. Себебі, сіздер – мемлекеттің болашағысыздар. Ертеңіміз де сіздерге байланысты. Шыңдап жатқан өнерлеріңізге тек табыс тілеймін. Алдағы сайыстарда да тек жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілекшімін, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, «Шабыт-Арт» студиясында дыбыс жазу студиясы және ұлттық өнерді насихаттайтын «Адырна» жас ақындар үйірмесі, «Көркем» би үйірмесі, «Қылқалам» көркем сурет үйірмесі, «Сыр сандық» көркемсөз үйірмесі, «Әсем әуен» вокалды және «Эстрада» ән үйірмелері жұмыс жасайды. Мұнда 50-ге жуық бала тәлім алуда. Орталық директоры Ғани Сүлейменов бұрын дыбыс жазу үшін мұндағы қызметкерлер облыс орталығына барып әуре болғанын айтады. Ал қазір керісінше көрші аудандардан бізге сұраныс түсіп жатқан көрінеді. Осы ретте өңір басшысы жауапты маманды дыбыс жазуда облысқа танымал азаматтардың тәжірибесін пайдалана отырып жұмыс жасауға шақырды.
Салтанатты шарада аудан әкімі болашақ суретшілер мен бишілердің, айтыскер ақындардың өнерін тамашалады. Мамыр Байдаулетов жетекшілік ететін «Адырна» жас ақындар үйірмесінің мүшесі М.Қартбай арнау айтып, «Көркемсөз» үйірмесінің мүшесі Б.Қайратқызы мәнерлеп өлең оқыды. Жасаған бұйымдарына, салған суреттеріне қарап біз де олардың талабына сәттілік тіледік.
К.БАЛҒАБАЙ