ЖАСТАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Қазір мемлекет тарапынан спорт саласына жасалып жатқан қолдау қарқын ала бастады. Мұны бүгінгі буын да жақсы біледі. Соның жемісі болар, республикамыздың түкпір-түкпірінен шыққан талантты спортшылар талай додада топ жарып, ел мерейін үстем етуде. Олардың қатарында жалағаштық жастар да бар.
Аудандағы №13-ші спорт мектебіндегі жас спортшылардың жетістіктері тағы бір алтын медальмен толықты. Жуырда Атырау қаласында өткен дзюдодан ҚР чемпионатына еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан барлығы 500-ге жуық спортшы қатысып, осы чемпионатта жерлесіміз Арайлым Оразбай 78 кг салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Мұнан соң, ол Алматы қаласында өткен самбодан ҚР чемпионатында кіл мықтылар арасынан оза шауып, алтыннан алқа тақты.
Самбо күресінен ҚР спорт шебері атағына ие болған Арайлым Оразбай жақында тағы бір жарыстан олжалы оралған еді. Қостанай қаласында қазақ күресінен Қазақстан республикасы чемпионатында 78 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Кентау қаласында белбеу күресінен Қазақстан республикасы чемпионатына 63 кг салмақ дәрежесінде №201 мектептің түлегі Аружан Думан жеңімпаз атанып, алтынан алқа тағып қайтты. Бұған дейін де ол дзюдодан бірнеше дүркін республикалық, халықаралық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанған еді.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді қазақ. Кейінгі буынның осылай өсіп келе жатқанын біз бапкерлерінің тәлімімен байланыстырамыз. Спортшы жастарды жаттықтырған ұстаздары Арман Молдаханов пен Өмірбек Кәлменов, Олжас Талапбекұлы және Жайдарбай Есенов атты белгілі спорт шеберлері екенін айта кеткен жөн.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.