Tатами төрінде топ жарды
Соңғы жылдары жастардың спортқа деген қызығушылығы артып, үлкен додаларда топ жаруы бізді қуантады. Әсіресе, аудан жастары спорттың қай түрінен болмасын айтулы жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл мемлекет тарапынан спорт саласына жасалып жатқан қолдаудың жемісі деп білеміз.
6-11 ақпан аралығында дзюдодан Тараз қаласында ел чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға еліміздің 15 аймағынан және Астана, Алматы қалаларынан 681 спортшы қатысты. Ел чемпионатында жерлесіміз Тілеген Тынырбай 66 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, Тайпейде өтетін Азия чемпионатына және Алматы қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Екінші спортшымыз Бекарыс Жаныс 46 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болып, алдымызда өтетін Азия кубогіне жолдама алды. Айтулы жарыс Түркияның Анталия қаласында өтеді.
Қос спортшы байрақты бәсекеде көк туымызды биіктен желбіретуге бел буып отыр. Сондай-ақ, бұл жеңісін бапкері А.Молдаханов, Ө.Калменов және Ж.Есеновтердің еңбегімен байланыстыратынын айтты.
– Бір аптаға жалғасқан жарысқа "қайтсем де жеңіс тұғырынан көрінем" деген мақсатпен бардым. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Қарсыластар да осал болған жоқ. Барлық кездесуде де жеңіске жетіп, алдағы дүбірлі додаға қатысуға жолдама жеңіп алдым. Бұл жеңіс тек менің спортқа деген ептілігімнің арқасында емес, бапкерлерімнің де еңбегімен келді. Осынша уақыт мені жаттықтырғандағы мақсатына жеткеніне олар да қуанышты. Артқан сенімді ақтаған мен де ризамын. Енді алдағы байрақты бәсекеге дайындық жұмыстарын бастаймыз. Бұйыртса, ол жарыста да ел намысын қорғауға тырысамын, – дейді Тілеген Тынырбай.
Жалпы, спорт саласында жалағаштықтардың жеткен жетістігі аз емес. Алдағы уақытта осы сабақтастықты кейінгі буын жалғайды деп сенім артамыз. Олар да сенім үдесінен шығып келеді.
Е.СОЗАҚБАЕВ.