» » ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН ЕГЕМЕН ЕЛ

ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН ЕГЕМЕН ЕЛ

Тәуелсіздік – расында бізге Тәңірдің берген шексіз байлығы. Бабалардың ұлан байтақ жер мен осынша кенді аманатына адал болу – бізге парыз. Ал оған өскелең ұрпақтың құрметпен қарауы тағы да бізге байланысты. Бірде ақындар айтысында Еркебұлан Қайназаров деген шайыр:
«Қазағым, хал-жағдайың қалай қазір,
Көз жүгіртіп қарашы маңайға бір.
Ұйғырлар өз Отаным деп айтатын,
Бір жапырақ жерді әлі таба алмай жүр.
Африка аш жатқанда қазақ қана,
Диета ұстап, денсаулыққа қарайлап жүр.
Біз әлі мылтық ұстап көрген жоқпыз,
Ауған жақта автоматпен бала ойнап жүр.
Бәзбіреулер итпенен шана айдап жүр,
Біздің қазақ джиппенен мал айдап жүр.
О Жаратқан, көп көрмей бұл күнімді,
Әрбір атқан таңымды арайландыр.
Дәл қазіргі жағдайым қалай болса,
Қияметке дейін де солай қалдыр», – деп бір қайырып еді.
Алла ақынның тілегін қабыл етсін. Рас қой, джиппенен мал айдамасақ та көрген күнімізге шүкір айтамыз. “Отаным” деп қастерлейтін кейбір ұлттардың бір жапырақ жері жоқ екені өтірік емес. Міне, қазаққа шексіз байлықты Тәңір тарту етті деуіміздің сыры осы еді. Біз бұл байлықтың қадірін түсінеміз, құрметпен қараймыз және кейінгі буынды осыған баулуда өзіміздің жауапты екенімізді тағы да сезінеміз. Өткен аптада аудандық кітапханада Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Елбасы және ел шежіресі» атты шара ұйымдастырылды. Тағылымды шараға ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рысбай Кәрімов, халық қалаулысы, ардагер журналист Кенжеғара Сүлейменов, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрайымы Дина Мейірманова, жастар ресурстық орталығының директоры Ерхан Бақберген, ішкі істер саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысты.
Жиында қарымды қаламгер Рысбай Кәрімов жастарға тәуелсіз ел болудың және сол елдің азаматы болудың үлкен байлық екенін айтып, оған құрметпен қарау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол елдің бүгінгідей үлкен жетістікке жету жолында Елбасының рөлі ерекше орын алатынын тілге тиек етті.
– Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бұл – бірнеше жылдың ғана емес, бірнеше ғасырдың жемісі. Бабалар аманатына біз құрметпен қараймыз. Енді оны­ қастерлеру бүгінгі ұрпақ сен­дер­дің мойындарыңда. Қазақ тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де небір қиын күндерді басынан өткерді. Ел болып жұмылып, ауызбіршілікпен іс қылуының ар­қа­сында сол қиындықтың бәрін еңсерді. Қазір шүкір, көңіл бүтін, қарын тоқ. Мемлекет қандай игі бастаманы қолға аламын десең де барлық жағдайды жасап отыр. Бүгінгідей еш қиындықсыз, еш кедергісіз сапалы білім алып жатқандарың да осы тәуелсіздіктің арқасы. Елдің еңсе тіктеп, кемел болашаққа қадам басуында Елба­сының тындырған жұмысы көп. Қиын-қыстау кезеңде әр жылды әр салаға арнап, ол саланың күретамырына қан жүгірту оңай емес. Ал Елбасымыз осындай игі бастамаларды жүзеге асыра білді. Бір жылдары Қызылорда облысына келген сапарында Тұңғыш Президентпен жүздестім. Қаншама халықтың ішінен маған қарап «Ал ауыл әкімі ауылыңның жағдайы қалай?» деп сұрақ қойды. Мен елді мекенде болған жағдайларды баяндадым. Ол кісі бұған дейін де, мұнан кейін де ауылдық елді мекендерге әлі де жағдай жасала беретінін айтты. Содан бері шүкір ғой, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында әлі де мемлекет тарапынан қолдау үзілмей келеді. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан жастар осы шексіз байлықтың қадірін біліңдер, – деді қарымды қаламгер.
Кездесуде халық қалаулысы Кенжеғара Сүлейменов та еңсе­лі елдің әлі де бағындырар белесі алда екенін атап өтіп, ішкі істер саласының қырағыларын жастарға үлгі етті.
– Бұл мереке – жүрегі қазақ деп соғатын барша отандастарға ортақ мереке. Жаңа ардагер ағаларың айтып жатыр, расында бұл үлкен байлық. Шынында қазақ тәуелсіздікке дейін де, кейін де қиын күндерді басынан өткерді. Тіпті бір метр мата таппай қалған күндер де бастан өтті. Бірақ соны ел болып жұмылып еңсердік. Біз жас кезімізде қызмет таңдаған жоқпыз. Тек жұмысқа деген жауапкершілікті бірін­ші кезекке қойдық. «Қайтсек осын­дай қиын күнді артқа тастай­мыз» деген сауалға еңбекпен жауап іздедік. Оның бәрі сіздер­дің болашақтарыңыз үшін бола­тын. Кейінгі буын осындай қиын­шылықты сезінбесін дедік. Алла­ға шүкір, нәтижесіне қол жеткізіп отырмыз. Бүгінгідей бей­біт заманда өмір сүріп жатқа­нымыз – үлкен еңбектің жемісі. Сіздер де осы ортақ Отанға қалтқысыз қызмет ете беріңіздер. Әсіресе тәуелсіздігіміздің ба­ян­ды болуы осы ішкі істер сала­сының мамандарына тікелей бай­ланысты. Қоғам тыныштығы жолында атқарған еңбектеріңізді өзбасым жоғары бағалаймын. Сіздерге қарап кейінгі ұрпақ бой түзесе жаман болмайды, – деді К.Сүлейменов.
Жиында Дина апаймыз да жастардан аналық ақылын аямады. Ата-анадан алған тәлім­мен келешекке қадам басу­да қателікке бой алдырмауға ша­қырды. Сондай-ақ тәуелсіздіктің қадірін толық түсінгенде ғана оған деген құрметтің жоғары бола­тынын жастардың назарына салды. Шара барысында №201 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушы­лары тәуелсіздікке арнаған өзде­рінің өлеңін мәнерлеп оқып,­ қаты­сушылардың ыстық ықыла­сына бөленді.
Аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастырған бұл шарасынан жастар мол тағылым алды. Ақсақалдардың айтқан ақылының өзі неге тұрады, осындай келелі кездесулер алдағы уақытта да жиі жалғасатын болса, ортақ Отанға деген құрмет те жастар тарапынан арта берері сөзсіз. Тәуелсіздігіміз баянды болғай барша Отандастар.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ
19 желтоқсан 2019 ж. 491 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930