» » Мәдениет саласындағы мәйекті жұмыс

Мәдениет саласындағы мәйекті жұмыс

Қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстық-суығына шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады» деген сөзінен мәдениет саласының майталманы болу, өнер әлемінің ішіне еркін бойлау кез келгеннің қолынан келе бермейтінін түсінеміз. Қуантарлығы, қазақ елі өнер майталмандарынан кенде емес.
Жалпы елдегі мәдениет саласы алға қадам басты деуге болады. Соңғы жылдардағы тың өзгеріс, толағай табыс пен жемісті жетістік осының дәлелі. Әйткенмен елдің өзгеден ерекше болмысын, бабалардың бізге жеткен алтын көмбесі – өнер әлеміне қолдау көрсету қашанда артықтық етпейді. Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында дәл осы салаға айрықша көңіл бөлінді.
«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезіліп отыр» деген Президент келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керектігін атап өтті. Әсіресе «Дипломмен ауылға» бағдарламамен мәдениет саласындағы жастарды да қамту мәселесі қолға алынатыны сала қызметкерлерінің ықыласын арттырған еді.
Бұл жылы ауданда да мәдениет саласы бойынша мыңнан аса мәдени-көпшілік шара өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынғаннан бері жөндеу көрмеген аудандық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары мен дербес бу қазандығы құрылысы жүргізілді. Күрделі жөндеу жұмыстарының жоба құны – 54 млн теңге, бу қазандығы құрылысының жоба құны – 24,5 млн теңге. Сонымен бірге мәдениет және өнерді дамыту орталығы ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізуге және Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің төбе жабындысының жәй жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлінді. Биылғы жылы облыстық жобалық кеңсе арқылы екі жоба іске асырылды. Мәселен, Мәдениет және Аққұм ауылдық кітапханаларында коворкинг орталығы, «book café», сондай-ақ кентте, тағы алты елді мекенде «Көше кітапханалары» ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Бұл салада біздің аймақтың жетістігі көп. Бастысы, аудан өнерпаздары кез келген өнер түрінен шыңдалған, кәсіби және дәстүрлі өнердің желісін үзбей келеді. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Осы жылдың басты жаңалығы – «Жастар жылы» аясында ауданымызда мәдени саланың дамуына, халықтың рухани сусындауына үлес қосып жүрген «Яксарт» этно-рок тобының құрылуы. Бұл топ Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген «ETHNO MUSIC SESSION» заманауи этникалық топтардың концертінде өнер көрсетсе, «Алтын-Арай» вокалды-аспапты ансамблі жуырда Қазалы қаласы күніне орай ұйымдастырылған «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» атты облыстық ретро фестивалінде бой көрсетіп, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Сонымен бірге Жаңақорған ауданының Бесарық ауылдық клубында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына орай «Серпінді Жолдау – мәдениетке қолдау» тақырыбы аясында өткізілген «Үздік клуб – 2019» облыстық байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленіп, аудан абыройын асқақтатты.
Ауданның мәдениет саласын тілге тиек еткенде, жарты ғасырлық тарихы бар «Алтын арай» ән-би ансамблінің елеулі еңбегін атап өтпеуге болмайды. Вокалды аспапты ансамбль алғаш рет 1969 жылы “Алтын Арай” халық ән-би ансамблі жанынан Николай Цойдың жетекшілігімен эстрада үйірмесі болып құрылды. 1980-1991 жылдары Бауыржан Қастаев жетекшілік жасаған ұжымда Төребек Бақтыбаев, Орынбасар Әбдібеков, Ақлима Нұрғалиева, Галина Хигай, Ажар Қорғанбаева, Тойған Қалжекенова, Мира Сыздықова, Сақыпжамал Айлауова сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Ал 1991-1995 жылдары ұжымға Мейрамбек Тасжүреков жетекшілік жасап, құрамында Вадим Тигай, Әбдіхалық Мұстафаев, Бақыт Тасболатов, Нұржан Кенжеғараев, Орынбасар Әбдібеков, Сұлтан Нұрмаханов, Гуля Қызбалаева, Гүлжамал Құрманаева, Зейнеп Әбсаттарова, Райкүл Сабытова сынды ауданымызға белгілі музыканттар болды. Ансамбль репертуарындағы “Сын айтпашы”, “Караван”, “Уч кудук”, “Атамекен”, “Қимай сені барамын” секілді сол уақыттағы әндерді көрермендер сүйіп тыңдайтын еді. 1995 жылы өз жұмысын тоқтатқан ұжым Вадим Тигайдың жетекшілігімен аудан мәдениетінің дамуына жаңа серпін беріп, 2014 жылы қайта құрылды.
Түрлі мәдени шараларға қатысып, көрермен көзайымына айналған ұжым 2017 жылы Жаңақорған ауданында өткен «Экспресс» халықтық ансамблінің 45 жылдығына арналған «Бізге қымбат әуендер» атты аймақтық вокалды аспапты ансамбльдер байқауына қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ «Алтын-Арай» вокалды аспапты ансамблі Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен қала әкімінің «Мереке» вокалды аспапты ансамблінің 30 жылдық мерейтойына арналған облыстық вокалды аспапты ансамбльдер байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Қазіргі таңда ауданға танымал Баубек Ахметов, Ержан Кенжеғараев, Руслан Бурабай, Жасұлан Көпжасаров, Бақтияр Есжанов, Расул Байдулла сынды өнерпаздары бар ұжымның жылдан-жылға репертуары түрлі жанрдағы әндермен толығып келеді.
Айта кетейік, аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығынан «Шабыт-Арт» студиясы ашылып, жұмыс жасауда. Студияда дыбыс жазу, балалар ән-би студиялары, үрмелі аспаптар, көркемсурет және декоративті-қолданбалы өнер, би үйірмелері құрылды. Қазіргі таңда бұл үйірмелердің мүшелері республикалық байқау-конкурстарға қатысып, жүлдегер атанды. Жас ақындар үйірмесінің мүшесі Қартбай Мейіржан облыстық мүшәйраларда, жас ақындар айтысында топ жарып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық өнердің түрлі жанрларын дамыту, насихаттау. Алдағы уақытта студия жұмысын ірілендіру арқылы продюсерлік орталыққа айналдыру көзделуде.

Нұр НАУАН

19 желтоқсан 2019 ж. 405 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930