» » ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Сейсенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қанықты. Алдымен Жаңадария ауылында болған аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, өткен жылы жаңартылған ауыз су жүйесімен танысты.
Жалпы Жалағашта ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту шаралары қарқын алуда. Жыл сайын тозығы жеткен құбырлар мен құрылғыларды жаңалауға бюджеттен қыруар қаржы қаралып, халық оның игілігін көруде. Ауданнан шалғай жатқан Жаңадария ауылында да былтыр «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жаңартылған ауыз су жүйесі пайдалануға берілген болатын. Кездесуде жергілікті тұрғындар соңғы жылдары ауылдық елді мекендерді қол­даудың қарқын алғанын жеткізіп, аймақ басшы­сына алғыс білдірді.
Айта кетейік, Жаңадария ауылында мұнан бөлек қазіргі таңда облыс тайқазанынан қаралған 100 млн теңгеге электр желілерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін жел тұрып, жауын жауса әуре-сарсаңға түсетін ауыл халқы енді бұл мәселеге алаңдамайды. Ауыл ішіндегі орталық көшелердің біріне де толық жарық жүргізілді. Кездесу соңында Қуанышбек Досмайылұлы бірлік пен берекесі қатар артқан жаңадариялықтарға табыс тілеп, ауылдық елді мекендердің жағдайын жақсартуға алдағы уақытта да қолдау болатынын назарға салды.

Білім ошағына күрделі жөндеу қажет

Мұнан кейінгі аймақ басшысының кезекті іс-сапары Аламесек ауылдық округінде жалғасты. Есет батыр ауылындағы №124 орта мектептегі кездесуде де бірқатар мәселе тілге тиек етілді. Мәселен, аталған елді мекендегі білім ордасы 1980 жылдары бой көтеріпті және сол уақыттан бері әлі күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Ауыл ақсақалдарының сөзінше, мектептің жарық, жылуынан бөлек еден мен төбесі де талапқа сай емес. Ақсақалдар үніне құлақ түрген Қуанышбек Досмайылұлы көне ғимараттың ішін аралап, жұмысымен танысты. Аталған нысан ескісіне ескі, бірақ толықтай талапқа сай келмейді деу қисынсыз. Ал жылу жүйесіне келсек, расында мектеп іші балалар үшін салқындау. Қазіргі таңда көне ғимараттың спорт залында Мәдениет ауылындағы спорт кешенінің филиалы жұмыс жасайды.
Кездесуде облыс әкімі Жер-анадан ырыс емген ауылда қашанда береке барын және сол жерді шаруашылықтар тиімді пайдалану қажеттігін назарға салды. Осы ретте ауыл тұрғындары жер дауына байланысты бірқатар мәселені аймақ басшысына жеткізді. Осыдан бірнеше жыл бұрын аламесектік ағайынның жеріне сырттан келген инвестор күріш егеді. Алайда ауыл шаруашылығы бағытындағы жерді пайдалануда ротация сақталмаған. Салдарынан тексеріс нәтижесімен жергілікті халықтың 725 гектар жері мемлекетке өтіп кетеді. Бірақ алқапты инвестордың тиімсіз пайдаланғанынан тексеріс қорытындысына дейін жер иелері бейхабар болған. Енді олар облыс әкімінен өз жерлерін қайта иеленудің жолын сұрады. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мәселе тек заң аясында және жер иелерінің сотқа шағымдануы арқылы ғана шешімін табатынын айтты.
Аймақ басшысы ауыл әкімдерінің негізгі жұмысы халықтың әлеуметтік жағдайын көтерумен бағала­на­ты­нын атап өтті. Жергілікті әкімдік қалайда өз ауылында жұмыссыздық мәселесінің алдын алуды бірінші кезекке қою қажет. Есет батыр ауылында былтыр жұмыссыздар саны 42 болса, биыл олардың саны 26-ға қысқарып отыр. Өткен жылмен салыстырсақ, ауыл әкімі Нұрлан Опабековтің айтарлықтай жұмыс жасағанын аңғарамыз. Алайда Қуанышбек Досмайылұлы 2 мыңға жуық халқы бар елді мекен үшін бұл көрсеткіш те тым көп екенін назарға салды.
– Қазір Президентіміздің тапсырмасы бойынша әлеу­меттің әлеуетін көтеруге жұмыс жасаймыз. Ауыл­дық жерлерде жұмыссыздық деген болмау керек. Алам­есекте өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздар санының едәуір кемігенін байқап отырмыз, бірақ әлі де жұмыс жасау керек. Себебі 2 мыңға жуық халқы бар елді мекенге 26 адамның жұмыссыз болуы тым көп. Жаңа осыған дейін Жаңадария ауылында болдым. Ол елді мекенде былтыр 4 адам жұмыссыз болса, биыл олардың қатары жетіге жетіпті. Ауыл әкімінің негізгі жұмысы – жұмыссыздықпен күресіп, ауылға инвестор тарту, мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында түрлі нысандар құрылысының қалануына атсалысу. Қазір ауыл мен қаланың айырмашылығы болмау керек, біз осыған жұмыс жасауымыз қажет, – деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында ауыл халқы облыс көлемінде қыруар жұмыс атқарылып жатқанын айтып, Қуанышбек Ысқақовтың алдағы жоспарына да сәттілік тіледі.

Еңбекпен еңсе тіктеген ауыл

Соңғы жылдары бір ғана шаруашылықтың қаржысымен Еңбекте қыруар жұмыс атқарылды. Ауыл жанашыры Шакизатхан Ысқақовтың туған жеріне деген жанашырлығын жасап жатқан қолғабысынан-ақ аңғаруға болады. Ауылға кіре берістегі орталық көшені өз қаржысына асфальттап, тойхана, сауда орталығы мен караоке бар салып, ел игілігіне берді. Жыл сайын мол өнімге қол жеткізуде нәтижелі іс қылған еңбек адамдарына темір тұлпар мінгізетін төраға былтыр бір жылдың өзінде әріптестеріне 72 млн теңге сыйақы үлестірді. Ауылды абаттандырып, әлеуетін арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға оң баға берген облыс әкімін «Әжелер» ансамблі әнмен қарсы алды. Аймақ басшысына алғыс білдірген ауыл ақсақалдары елді мекенде айтарлықтай шешілмей жатқан мәселе жоқ екенін жеткізді. Расында, Еңбекте шешілмеген мәселе жоқтың қасы. Бір ғана шаруашылықпен берекесі артқан ауыл халқын Шакизатхан Ысқақов ешкімге алақан жайдырмайды. Осындай ауыл жанашырынан басқа да шаруашылықтар үлгі алса дейсің ғой. Әкім де лайықты бағасын берді, халық та риза.

Ауылға спорт кешені қажет

Былтыр ғана жыл қорытындысымен үздік ауылдар қатарынан табылған Аққұмда да біршама жұмыс атқарылған. Десе де бұл нәтиже ауылда мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын тіректі елді мекендер тізіміне енген бұл ауылға спорт кешені қажет. Кездесуде аймақ басшысына осы өтінішін жеткізген ауыл ақсақалдары жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануға спорт кешенінің жетіспеуі қолбайлау болып тұрғанын айтты. Қуанышбек Досмайылұлы мұндай мәселелерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шешуге болатынын тілге тиек етіп, ауыл әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Күре жолдың бойында орналасқан ауылда мал шығыны жиі орын алып жатқан көрінеді. Бірақ мұның ешқайсысы ұрлық-қарлық не болмаса ауру-сырқаудың салдарынан емес. Үлкен жолдың жиегінде қоршаудың жоқтығынан ірі қара күрежолға шығып кетіп, көлік апатына сеп болуда. Осыны аймақ басшысының назарына салған аққұмдықтар бұл жағдай кейін адам шығынына алып келе ме деп алаңдайды. Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныстардың ешбірі ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынатынын айтты.
Мақпалкөлдегі ауыл мектебінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Тұрғындардың сөзінше, Кеңес үкіметінің кезінде бой көтерген көне нысанның қазіргі жағдайы талапқа сай емес. Мұнан бөлек осыған дейін жергілікті халықты жарық мәселесі де әбігерге салған көрінеді. Электр бағаналарының ескілігінен ауылда жел тұрып, жауын жауса болды, тұрғындар майшамын әзірлеуге кірісетін көрінеді. Екі мыңға жуық халқы бар елді мекеннің назарға салған назы орынды. Бұл мәселе төңірегінде мақпалкөлдік ағайынмен кездесуде облыс әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Қазіргі таңда электр бағаналарын жаңалау жұмыстары 6 елді мекенде жүріп жатыр. Бұл өңірлерден ақша үнемделіп жатса, кезек осы ауылға да келетіні айтылды.
Кездесулерде аймақ басшысына тұрғындар тара­пынан айтылған тілектердің көбісі көнерген ғимарат­тардың қазіргі ахуалына қатысты болды. Мұндай мәселе Жаңаталап ауылдық округінде де жоқ емес. Аталған елді мекенде ақсақалдар 1960 жылдары салынған көне мәдениет үйінің орнына жаңа ауылдық клуб салынса деген тілегін жеткізді. Мұнан бөлек бұл ауылда арнайы учаскелік полиция қызметкеріне берілген штат та жоқ екен. Көрішілес Мақпалкөл мен Жаңаталаптың қоғам қауіпсіздігі мен тәртібіне бір учаскелік полиция қызметкері жауапты және оның қызметтік көлігі де жоқ. Аймақ басшысы ішкі істер саласы басшылығына бұл мәселенің алдын алуға жұмыс жасауды тапсырды. Жауапты маман халық саны мыңға жетпесе де белгілі бір штат қаралатынын және арнайы қызметтік көлік те берілетінін жеткізіп, ауыл халқын бір қуантты.
Соңғы жылдары ауылға жасалып жатқан қолдауларға аққырлықтар риза. Елді мекенге бұған дейін ауыз су тартылып, электр бағаналарын жаңарту жұмыстары да жүріпті. Енді тұрғындар күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген көне мектепке көңіл бөлінсе дейді. Мұнан бөлек шаруашылық төрағалары мал шаруашылығына қатысты бірқатар мәселені облыс басшысының назарына салды. Мәселен, осыған дейін мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мал азығына арнайы субсидия болған екен. Өкініштісі, соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұл қолдау тоқтап қалған көрінеді. Жергілікті шаруашылық төрағаларының сөзінше, осының салдарынан мал басында да өсім қалыптаспай жатыр. Себебі олар мал азығын алу үшін бірінші кезекте оның төлін сатылымға шығарады. Қуанышбек Ысқақов айтылған ұсыныстардың барлығын таразылап, тиісті жұмыстар жүруі үшін әріптестеріне шешуге болатын мәсе­лелерге қатысты тапсырмалар беретінін жеткізді.

Тіректі елді мекеннің түтіні түзу

Мәдениет тіректі елді мекендер қатарына қосылғалы әлеуметтік нысан саны артты. Қазіргі таңда бұл ауылда спорттық кешен, мемлекеттік балабақша, ел игілігіне берілген ауылдық клуб халыққа қызмет етіп тұр. Ақділда Қыпшақбаев, Самат Сарбасов сынды шаруашылық төрағалары да туған жерді әлі де гүлдендіруге белсенді атсалысып жатыр. Бір қуантарлығы, бұл ауылда тек 1 көшеге ғана асфальт төселмепті. Қалған ауыл іші кө­ше­­лерінің бәрі толық асфальтталған. Облыс әкімінің сапарында ақсақалдар аймақ басшысынан осы бір көше­нің құрылыс жұмысына көңіл бөлуін сұрады. Осы ретте аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бұл көше биыл жыл аяғына дейін асфальтталатынын жеткізді.
Кездесуде шаруашылық төрағалары тұқым шаруа­­шы­лығына байланысты бірқатар мәселе көтерді. Осы рет­те облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары биылдан бастап тұқым шаруашылығы ережесіне өзгерістер енгенін айтып, жаңа жылдан бастап мемлекет 50 пайыз субсидия беретінін атап өтті. Бұл – шаруашылықтар үшін айтарлықтай қолдау. Бірақ кейбір тұқым экспорттаушылар мемлекеттік қолдауды естіп алып, бағаны тым шарықтатып жіберетін көрінеді. Ақділда Қыпшақбаев егер осындай жағдай биыл да орын алатын болса, онда ол шаруашылық үшін тиімсіз екенін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы тұқымның құнын қымбаттату тек төрағалар үшін ғана емес, мемлекет үшін де тиімсіз екенін тілге тиек етіп, мұндай жағдайға жол бермейтінін назарға салды.

Мырзабай ахунда медициналық амбулатория бой көтереді

Аймақ басшысы ауданға сапарында Мырзабай ахун ауылдық елді мекеніне ат басын бұрып, ауыл халқымен кездесті. 218 отбасы түтінін түтеткен бұл ауылда бұған дейін медициналық амбулатория болмапты. Жергілікті халықтың өтінішіне құлақ түрген облыс әкімі бұл мәселені шешуді тиісті сала басшыларына тапсырып, күзге дейін халық оның игілігін көру қажеттігін назарға салды.
Аталған елді мекеннің қазіргі әлеуметтік жағдайы жаман емес, жергілікті халық та мемлекеттік бағдар­ламаларды пайдаланып кәсіп ашуға бейім. Қазірдің өзінде елді мекенде 60-қа жуық кәсіпкер бар. Мұнан бөлек былтыр 7 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз ісін бастаған болатын. Ахун атындағы ауыл тұрғындары мемлекеттің түрлі бағдарламалармен кәсіпкерлерді қолдауы ауылдық елді мекендердің өсіп-өркендеуіне оң әсерін тигізіп жатқанын айтып, Қуанышбек Досмайылұлына алғыстарын білдірді. Мұнан бөлек ауыл халқы елді мекенде мәдениет үйі де жоқ екенін жеткізіп, ауылдық клуб мәселесін шешіп беруін сұрады.
Шаруашылық төрағасының қолдауымен толайым табысқа жеткен елді мекендер қатарында Таң ауылы да бар. Бұл өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерді. Облыс әкімімен кездесуде ауыл халқы соңғы жылдары елді мекенді көркейтіп-көгалдандыруға көптеп көңіл бөлініп жатқанын жеткізіп, аймақ басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ олар Таңда 1 емхана жұмыс жасайтынын жеткізіп, онда жоғары білімді кадр тапшылығы байқалып отырғанын тілге тиек етті. Оның үстіне мұнда арнайы бөлінген жедел жәрдем көлігінің де әбден тозығы жетіпті. Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жалпы облыс бойынша медицина саласында 205 жоғары білімді дәрігердің жетіспейтінін айтып, мәселені шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді.
Аймақ басшысының кезекті сапары Бұқарбай батыр ауылында жалғасын тапты. Білім ошағына жиналған халық, ауыл ақсақалдары Қуанышбек Ысқақовқа алғыс білдіріп, ауылда айтарлықтай мәселе жоқ екенін жеткізді.

Қос ауылға жауапты тәртіп сақшысының қызметтік көлігі жоқ

Қаракеткеннің негізінен күріш егетін арнайы егіс алқабы жоқ. Осыған дейінгі аудан әкімімен кездесулерде бақша дақылын егу үшін аяқсу мәселесі көтерілген болатын. Облыс әкімімен кездесуде ақсақалдар ауылда жұмыссыздық мәселесі де барын жасырмады. 1962 жылы бой көтерген мәдениет үйі де әбден тозығы жетіпті. Тұрғындар енді орнына жаңадан ауылдық клуб бой көтерсе дейді. Қуанышбек Ысқақов бұған дейінгі ауылдарда да осындай мәселелердің көтерілгенін жет­кізіп, алдағы уақытта шешімін табуға жұмыс жасай­тынын жеткізді.
Қазіргі таңда Қаракеткен мен Далдабай ауылы халқының қоғам қауіпсіздігі мен тәртібіне бір учаскелік полиция қызметкері жауапты және оның астында қыз­меттік көлігі де жоқ. Бүгінгі таңда елді мекенде ахуал тұрақты, десе де алдағы уақытта ауыл халқы учаскелік полиция қызметкерінің көлік мәселесін шешіп беруді де назарға салды.

Жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Мөрәлі Шәменов ауылында биылғы оқу жылында жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Аталған елді мекенде қазіргі таңда 600 млн теңгеге 140 орындық білім ошағының құрылысы жүруде. Бірақ бұл ауылда басқа да мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Ауыл ақсақалдарының сөзінше, ауылдың әлеуметтік жағдайы тым төмен, салдарынан елді мекеннен көшіп жатқандардың да қатары артып жатқан көрінеді. Аяқсу проблемасы ауыл халқын әбігерге салып отыр. Жергілікті тұрғындар насос болса, мәселе шешімін табар еді дейді. Елді мекендегі ғимараты көне мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына да бірнеше жыл қатарынан қаржы қаралмапты. Айтылған ұсыныстарды назарға алған аймақ басшысы қолдан келгенше көтерілген мәселелердің шешімін табуға жұмыс жасайтынын жеткізді және тиісті сала басшыларына тапсырма да берді.
Бір күнге жоспарланған іс-сапар аудан іргесіндегі Ақсу ауылында қорытындыланды. Мұнда ақсақалдар ауылда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, жарық бағаналарын жаңартуға қатысты ұсыныстарын айтты. Ал жас кәсіпкер Толғанай Жұмабекқызы Ақсуда мал бордақылаумен айналысатынын жеткізіп, мұның бәрі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол ауылдан шыққан кәсіпкерлермен бірігіп, мерекелерде ақ жаулықты аналарға, жағдайы төмен отбасыларға сыйақы беріп, көмек көрсетіп тұратындарын жеткзді. Қуанышбек Досмайылұлы жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, ақсақалдар тарапынан көтерілген мәселерде назарға алынатынын жеткізді.


18 қаңтар 2020 ж. 430 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930