ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕГІ АЗАМАТТАР
Киелі Жалағаш топырағынан нәр алып, жастық жалынын, ар-намысын, қажыр-қайратын, білімін туған еліне, оның жарқын болашағына, кемел келешегіне жұмсай білген бүгінгі ел ағаларының өткен өмір жолдары – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Осындай қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің арқасында парасаттылықтың биігінен көрінген бірнеше ардагер ауданның «Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Оның бірі – кент тұрғыны, зейнеткер, саналы ғұмырын білім саласына, жас ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Тұрмағанбет Дәрібайұлы Сығайбаев. Мектеп қабырғасынан кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика және математика факультетінде білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1964 жылы жұмысшы жастар мектебінде оқытушы болып бастаған ол кейіннен мектеп директорының орынбасары, Қазақстан ЛКСМ Жалағаш аудандық комитетінде мұғалімдер бөлімінің меңгерушісі, «Тұрымбет» ағашында орналасқан пионер лагерінің бастығы, совхоз директоры тағы осы сияқты үлкен жауапкершілікті қажет ететін қызметтерді атқарған. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бар білгенін жас ұрпаққа үйретуден аянбаған білікті ұстаздың ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше рет марапат төрінен көрінді, мерекелік медальдардың иегері болды.
Сапарбек Ақмырзаұлы Мыханов та бар. Ол ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азамат. Ол кісі «Бұқарбай батыр» өндірістік кооперативінің директоры, совхоз директорының орынбасары, совхоз директоры қызметтеріне дейін сайланып, ел алдында абыройға бөленген жан. Қазіргі таңда «Байтабын» ЖШС-ның төрағасы. Шаруашылық жыл сайын күзгі егін жинау қорытындысымен облыстық және аудандық «Алтын дән» мерекелерінде үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сапарбек Ақмырзаұлы төрағалық ететін серіктестік осындай еңбекқор, білікті басшының арқасында жұмысы жемісті болып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосуда.
Өңіріміздің «Құрметті азаматы» атанғанғандардың қатарында Кенішбай Әлшоразұлы Әлшоразов та бар. Мәдениет ауылының ізіндегі «Қызыл жұлдыз» колхозында туған ол осындағы 1 Май жеті жылдық мектебін, кейіннен «Мақпалкөл» орта мектебін бітірген. 1958 жылы алғашқы еңбек жолын Жамбыл атындағы колхозда күрішші болып бастаған.
1961 жылы сәуір айында Қазақ КСР Жастар Одағы Орталық Комитетінің ұсынысымен бүкіл КСРО құрамынан жасақталған еңбек озаттарының тобында «Бостандық аралындағы» жас мемлекет – Куба Республикасы еңбекшілеріне күріш дақылын өсіру агротехникасын үйретуге жіберілген. 1973 жылға дейін күрішші, күріш бригадасының бригадирі болып еңбек ете жүріп, сол жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының «агрономия» факультетін аяқтаған. Осыдан кейін бөлімше агрономы, бригадир, бас агроном сияқты жауапты қызметтерді де өзінің білімі мен тәжірибесін және күш-жігерін жұмсай отырып, зейнеткерлік жасына дейін абыроймен атқарған. 1995 жылдың 18 қазынында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша зейнетақы тағайындалып, оған «Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер» мәртебесі берілген.
1977 жылы Жарлықпен «3 дәрежелі Еңбек Даңқы» орденімен, 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен «Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы» беріліп, арнайы диплом мен омырау белгісі қоса тапсырылған.
Нұр НАУАН