» » АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ТЫНДЫРЫМДЫ, ХАЛЫҚ ТА РИЗА

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ТЫНДЫРЫМДЫ, ХАЛЫҚ ТА РИЗА

Жергілікті әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесуі бейсенбіде Мырзабай ахун ауылында жалғасты. Жиында алдымен учаскелік полиция қызметкерінің өткен жылы атқарған жұмысы сараланып, кезек ауылдық округ әкімі Бақытбек Нұрмахановқа берілді. Жылдық жұмысты саралаған әкім баяндамасына сүйенсек, елді мекенде былтыр біршама жұмыс атқарылыпты. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің қоғам қауіпсіздігі жолында атқарған еңбегін жоғары бағалап, әлі де ахун атындағы ауылда қызмет ету мерзімін ұзартуын сұрады.

“Жас келсе іске” деген осы шығар. Ауыл тұрғын­дарының тыныштығын күзеткен тәртіп сақшысының жылдық жұмысына жоғары баға беруге болады. Есепті баяндамада айтылған сөзді жоққа шығара алмайсыз, себебі тұтас бір ауыл аудан әкімінен әлі де осы елді мекенге оның қызмет ету мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Өз ісіңе лайықты әрі жауапты жұмыс жасасаң халық та еңбегіңді бағалайды.
Ахун атындағы ауылдан биыл бюджетке 1 млн теңге салық түскен. Тиісті қаражатқа елді мекенге көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында аудандық бюд­жеттен 1 млн теңге қаржы қаралып, 3 көшенің жарық­тарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған дейінгі облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ауданға жұмыс сапары барысында Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратының ескілігі тұрғындарға да, ақ халатты абзал жандар үшін де қолайсыздық тудырып отырғаны айтылған еді. Аймақ басшысы күзге дейін халықты алаңдатқан бұл мәселе түбегейлі шешімін табу қажеттігін тиісті сала басшыларының назарына салды.
Ауылдың негізгі тыныс-тіршілігі егін шаруа­шы­лығымен тығыз байланысты. Былтыр мырза­байлықтар да алтын дәннен тау тұрғызып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданның облыста көш бастауына өз үлестерін қосты. Шаруашылық басшылары мен ауыл әкімі арасында жасалған әлеуметтік әріптестік меморандум негізінде әлеу­меттік қолдауды қажет ететін тұрмысы төмен отба­сыларға қайырымдылық акциялары жиі ұйымдастырылып тұрады.
Мырзабай ахун ауылының халқы бүгінде кәсіп ашып, өз ісін өрістетуге бейім. Тіпті соңғы жылдары бұл елді мекенде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, табысқа кенелуді көздейтіндердің қатары артқан. Өңірде кәсіпкерлік саласының қанат жаюы екі жақ үшін де тиімді. Себебі одан мемлекетке қыруар салық түссе, кәсіпкер де пайдаға кенеліп, халықты жұмыспен қамтиды. Бұл ауылда бүгінде 58 шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, қазіргі таңда оның барлығы жұмыс жасап тұр. Халықты іскерлікке бейімдеп, оның пайдасы жөнінде ауыл әкімінің насихат жұмыстары жоғары деңгейде жүргенін аңғардық. Шағын кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, техника жөндеу орталығы, кондитерлік тағамдар жасау, тігін шеберханасы және көлік тасымалдары халыққа қызмет көрсету мақсатында жұмыс жасап тұр. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасының екінші бағыты бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 6 адам 10,2 млн теңге несие алып, өз кәсіптерімен айналысуда. Мемлекеттік гранттар бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1 адам 502 мың тенге, Жаңа бизнес-идеяларға арналған мемлекеттік гранттан 5 адам 1 252 мың теңгенің гранттарын жеңіп алып, жұмыс жасауда.

Жалпы ауылдың әлеуметтік жағдайы жаман емес. Халық та кезекті есеп беру жиынындағы ауыл әкімінің атқарған жұмысына жоғары баға берді. Мұнан кейін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспардан хабардар етті. Жиын соңында мырзабайлықтар өткен жылы аудан көлемінде тындырымды іс атқарылғанын, ауылдық округтер бойынша да ауқымды жұмыстардың жүзеге асқанын жеткізіп, Қайратбек Әубәкірұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жалағашта ауылдық елді мекендердің ішінде әсіресе Мәдениет ауылына бөлінгендей қаржы көп бөлінген ауыл жоқ шығар. Бұл ауыл халқының Мемлекетке, облыс пен ауданға ешқандай өкпе-назы жоқ. Ауыл тіректі елді мекендердің қатарынан табылғаны сол еді, құлпырып сала берді. Бір жылда бірнеше әлеуметтік нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Елді мекеннің ауыл ішіндегі бір көшесінен басқа жолдың бәріне асфальт төселді. Жалғыз көшенің жыры кешегі аймақ басшысының сапарында Қуанышбек Досмайылұлының назарына алынғаны сол еді, ол да биыл жыл аяғына дейін шешімін табатын болды.
Бір қуантарлығы, жергілікті шаруашылықтар «Біздің ауыл тіректі мекен, мемлекет өзі-ақ гүлдендіреді» деп қос қолды қусырып отырған жоқ. Ақділда Қыпшақбаев, Самат Сарбасов сынды төрағалар халықтың кәдесіне жұмыс жасап, туған жерге перзенттік парызын өтеуде аянып қалған емес.
«Мәдениет» шаруа қожалығы ауыл мектебінен түлеген екі қарындасымыздың шет елде білім алуына қыруар қаржы бөліп отыр. Мұнан бөлек білім ошағындағы арнайы кабинеттерді қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға да қаржысын аяп жатқан жоқ. Бұл – келешек үшін жасалып жатқан оң қадам. Сондықтан Ақділда Қыпшақбаев алдағы уақытта да жастардың терең білім алуы жолында аянып қалмайтынын айтып отыр. Осындай төрағалармен бірлесіп елдің кәдесіне жарарлық іс қылып жатқан ауыл әкімінің жұмысын да елді мекен халқы жоғары бағалады. Әсіресе спорт саласы бойынша тіректі ауылдың жетістігі таудай. Республикалық, облыстық және аудандық сайыстарда топ жарып жатқан мәдениеттік өрендер бұл сөзімізді қуаттайды. Ауылдық округ бойынша қазірдің өзінде спорт шеберіне кандидаттар саны елуге жетіп, таэквондодан 6 оқушы облыс құрамасы сапында ҚР чемпионатына қатысады. Еркін күрестен ҚР ауыл спортшылары арасында өтетін чемпионатқа 3 оқушы облыс құрамасы сапында қатысу үшін оқу-жаттығу жиынында дайындалуда.
Кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік басым. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген ауыл тұрғындары бүгінде кәсіптің түбінде береке барын жете түсінген. Екі жыл бұрын тіректі елді мекендер арасында өткен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауында Мәдениет ауылы 3 орын иеленіп, 5 млн теңгенің сертификатын жеңіп алған болатын. Тиісті қаражат елдің кәдесіне жарап, «Ренессанс Строй LTD» ЖШС арқылы былтыр ауылдағы Тайшиев және Зарқұм көшелері жарықтандырылды.
Тіректі елді мекен халқы ауылдық учаскелік полиция қызметкері Нұрлан Сенбековтің да жылдық жұмысына баға берді. Бірнеше жылдан бері ішкі істер саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман бүгінде мәдениеттіктердің тыныштығын күзетуді өзінің азаматтық парызы санайды. Соның нәтижесі болар, ауылда соңғы жылдары қылмыстардың орын алуы азайып, керісінше ашылған қылмыстардың саны артқан.
Жиын соңында әдеттегідей аудан әкімі Жалағашта жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап, мәдениеттіктерді алдағы жоспарынан хабардар етті. былтыр аудан бойынша бірнеше ірі жоба қолға алынды. Бұйыртса, халық игілігін көрер күн жақын. Қайратбек Сәрсенбаев биыл да елдің кәдесіне қызмет ететін нысандар салу жоспарда барын жеткізіп, ауыл тұрғындарының бірқатар сауалына жауап берді.
Бейсенбі күнгі жергілікті әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесуі Бұқарбай батыр ауылында жалғасын тапты. Ауылдық мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдымен учаскелік полиция қызметкерінің баяндамасын тыңдап, жұмысына жоғары баға берді. Мұнан кейін ауыл әкімі Сағат Байділдаев ауыл тұрғындарын жыл бойы атқарған жұмысынан хабардар етті.
Бұқарбай батыр ауылы әсіресе егін шаруашылығы бойынша үлкен табысқа кенелуде. Былтыр елді мекенде 3 235 гектар жерге күріш, 546 гектар жерге жаңа жоңышқа, 1 081 гектар жерге ескі жоңышқа, 50 гектар жерге жаздық бидай және 313 гектар жерге мақсары дақылы егілді. Өткен жылы аудандық “Алтын күз – 2019” іс-шарасында “Байтабын” ЖШС үздік бригадир Б.Ділдабековке, үздік сушылар А.Тасбергенов пен Ж.Ниязшаевқа және үздік механизаторлар А.Жылысбаев пен М.Саменовке 5 су жаңа автокөлік сыйға тартты. Бүгінде аталған шаруашылық төрағасы әріптестерінің еш кедергісіз жұмыс жасауы үшін базадағы техникаларды жаңалауға басымдық берген. Былтырдың өзінде “Байтабын” ЖШС “Қаз Агро Қаржы” АҚ арқылы 4 дана “Аxion” тракторын, 1 дана “Кейс” тракторын соқаларымен және “Luxion” комбайын сатып алды. Мұнан бөлек “Даму” АҚ арқылы МТЗ-80 тракторы мен жер тегістейтін (БДМ) алып техникалық базасын жаңартуда.
Бұл ауылда да жергілікті тұрғындар кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Былтыр ауылдық округ тұрғындары арасынан кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар 14 азамат тіркеліп, барлығы “Бизнес – Бастау” және “Бизнес – Кеңесші” жобалары бойынша қысқа мерзімді оқу курстарын аяқтады. Елді мекенде 126 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның 118-і жұмыс жасап тұр. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 25 кәсіп иесі 431,1 млн теңгемен қаржыланды. Атап айтсақ, “Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алуға 23 жоба ұсынылып, оның 16-сы 5 млн 803 мың теңгеге қаржыланды.
Айта берсек, Бұқарбай батырда бір жылда атқарылған жұмыстар төңірегінде тарқатып айтар дүние көп. Білім, медицина, спорт сияқты бірқатар салалар бойынша да ілгерілеушілік бар. Ауданда атқарылған жұмыстар төңірегінде баяндама жасаған Қайратбек Сәрсенбаевқа ауыл тұрғындары бірқатар сауал жолдады. Жергілікті халық тарапынан айтылған жарық пен спорт кешенін салуға қатысты ұсыныстар аудан әкімінің назарына алынды.
Дәл осындай халық алдында есеп беру кездесуі жұма күні Жаңадария ауылында басталды. Әдеттегідей бірінші учаскелік полиция қызметкері мен ауыл әкімінің баяндамасы тыңдалды. Мұнан кейін аудан әкімі жылдық жұмысты баяндап алдағы міндеттермен бөлісті.
Жаңадарияда қазір бұрынғыдай жарық, су, жолға қатысты мәселелер жоқтың қасы. Тек бақша дақылын егу үшін баяғы «Іңкәрдария» каналына қайта қазу жұмыстары жүрсе дейді. Тұрғындар сауалын назарға алған аудан әкімі бұл мәселе алдағы уақытта жұмыс жасайтынын жеткізді.
Аламесекте де айтарлықтай мәселе жоқ. Оның үстіне биыл бұл елді мекенде еңбек пен ауыл ортасын жалғайтын жолға толық асфальт төселеді. Апатты жағдайда тұрған көпір мәселесі де биыл шешімін тауып қалуы әбден мүмкін. Қос әкім мен учаскелік полиция қызметкеріне жоғары баға берген ауыл тұрғындары аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жұма күнгі жүздесу Еңбек ауылында қорытындыланды. Бұл ауылдың жетістігін қайта-қайта айтуға да қысылады екенсің. Бірақ шыны керек, шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов мақтанарлықтай жобаларды ауылында жүзеге асыруда. Нәтиже­сінде қазіргі таңда Аққошқарда айтарлықтай мәселе жоқ. Ауыл әкімі Қайролла Қалданов та шама-шарқынша халықтың кәдесіне жұмыс жасап жатыр. Аудан және ауыл әкімдерінің есебіне жоғары баға берген еңбектіктер ауылда айтарлықтай мәселе жоқ екенін айтты.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

21 қаңтар 2020 ж. 576 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930