» » МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТАДЫ

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТАДЫ

Жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілді. Енді ем алушылар МРТ, компьютерлік томография, стоматология сынды ақылы қызметтерге тегін қол жеткізу мүмкіндігі бар. Ол үшін өз статусын анықтап, ортақ қорға жүйелі түрде ақша аударулары қажет. Бұл жөніңде аудандық аурухана бас дәрігерінің пациенттерді қолдау және ішкі бақылау жөніндегі орынбасары Гүлсім Қаюпова айтып берді.
– Гүлсім Телеубайқызы, МӘМС бойынша қызмет алу тетігі қалай?
– Қызмет көрсету 2 пакеттен тұра­ды: Тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі тізбесі Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 20.06.2019 жылғы №420 Қаулысымен бекітілген. Атап айтқанда, бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, әлеуметтік маңызы бар ауру­ларды (туберкулез, онкология, гепа­титтер, ревматизм, қант диабеті, АИТВ (СПИД), мерез, балалардың цере­бралды параличі және т.б. бар­лығы 13 ауру) диагностикалау мен емдеу жолдарына қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіледі. 2-ші МӘМС пакеті тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 20.06.2019 жылғы №420 Қаулысымен бекітілген, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу, жоспарлы стационарлық көмек, яғни порталмен ауруханаға жату, қалпына келтіру мен оңалту емдері ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы іске асады. Бұған маман дәрігердің кеңесінен бастап, дертті анықтау мен емдеуге қажетті шараның барлығы кіреді. Стационарлық ем алу түрі мен дәрі-дәрмек тізбесі ұлғаяды. Қажетті диагностикалық құрыл­ғылар мен қондырғылар қызметі де қолжетімді болмақ. Яғни қазіргі күні тұрғындар қосымша қаржы шығындап отырған медициналық қызметтердің бар­лығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді.
– Жалпы МӘМС жүйесіне жарна төлеу қалай іске асырылады?
– Қазақстан республикасындағы бар­лық азаматтар 5 топқа шартты бөлінген: 1-ші топ – босатылған азаматтар. Оған ішкі істер бөлімі қызметкерлері, арнайы әскери қызметкерлер мен сарбаздар жатады. 2-ші топ – әлеуметтік осал топ. Бұл мемлекет есебінен жарнапұл төленетін азаматтар, 15 санатқа бөлінген, мемлекет әрбір азамат үшін соңғы 2 жылдың орташа айлық жалақысының 1,4 пайызы мөлшерінде жарнапұл төлейтін болады. Оларға 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, бала жасынан мүгедек баласын күтуші аналар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысушы жұмыссыз аналар, мүге­дектік тағайындалған жандар, мүгедекті күтіп бағатын қамқоршы, зейнеткерлер мен соғыс ардагерлері, көпбалалы (алтын, күміс алқасы бар) аналар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған тұлғалар, сотталғандар, уақытша сот изоляторында қамалғандар, жұмыссыз оралмандар, күндізгі оқу бөлімінде оқи­тын орта және жоғары оқу орындары білім алушылары.
3-ші топ – жұмыс істейтін азаматтар. Олар үшін мекеме есебінен жұмыс бе­руші 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап табыстың 1 пайызы, 2018-2019 жыл аралығында 1,5 пайызы аударылған болатын, ал алдағы жылдан бастап жарна 2 пайыз, 2022 жылдан 3 пайыз мөлшерінде жарнапұл аударылатын болады. Осыған қосымша жұмыс істейтін азамат өз айлық жалақысынан 2020 жылдан1пайыз, 2022 жылдан 2 пайыз мөлшерінде жарнапұл төлеу міндеттелінген.
4-ші топ – жеке кәсіпкерлер. Жеке кәсіпкер өз басына 2017 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсан аралығына төлеуі тиіс, 2018-2019 жылдары жарнапұл төлеуден босатылған, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір жеке кәсіпкер төменгі айлық жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын ай сайын төлеуге міндетті. Жеке кәсіпкер қарамағындағы жұмыскер үшін жұмыс беруші ретінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап табыстың 1 пайызын, 2018-2019 жыл аралығында 1,5 пайызын аударуы керек, ал алдағы жылдан бастап жарна 2 пайыз, 2022 жылдан 3 пайыз мөлшерінде жарнапұл аударуы тиіс.

5-ші топ – өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бұл топ үшін 2 түрлі төлем қарастырылған. 1-ші төлем төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде 2125 теңгені құрайды, ал 2-ші төлем бірыңғай жиынтық төлем 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, қала тұрғындары үшін – 2651 тг, ауыл тұрғындарына 1325 теңге 50 тиынды құрайды. Бірыңғай жиынтық төлем мөлшері жағынан тиімді және осы төлемнің құрамына 40 пайызы МӘМС жарнасы, 30 пайызы зейнетақы қорына жинақталса, 20 пайызы –әлеуметтік төлемдер, 10 пайызы табыс салығына бөлінгендіктен, төлем жасаған азаматқа еңбек өтілі жүреді.
– Қызметкер үшін міндетті сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер қайтпек?
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде әрбір азамат жарна аударуы тиіс. Егер азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, жұмыссыз болып, өзі айқындалмаса, өз-өзіне жарна аудармаған жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық жүйесінде көмек ала алмайды. Бірақ кепілдендірілген медициналық көмекті ешкім шектемейді. Кепілдендірілген медициналық көмек жарна аудармағандарға да көрсетіледі. Тағы бір айта кететін мәселе, МӘМС жүйесі енгізілді деп, шұғыл түрде медициналық көмекті қажет ететін пациенттерді ысырып қоя алмаймыз. Мысалы бір пациент соқырішек ауруымен түссе, жарнапұл аударып тұр ма, жоқ па оған қарамаймыз шұғыл қызмет көрсетеміз. Онымен қоса жұқпалы, созылмалы ауруы бар науқастарға да қызмет түрі бұрынғыша көрсетіле береді.
– Вакцинациялар медициналық қызмет көрсетулердің пакетіне енгізіле ме?
– Профилактикалық егулер мемлекеттің барлық азаматтарына тегін медициналық кепілденген көмектің пакетіне енгізілген.
– Маусымдық жұмыстарда істейтін тұрақты табысы жоқ азаматтар Қорға жарнаны қалай төлейді?
– Маусымдық жұмыс жасайтын азаматтар жұмысқа қабылданған уақытта міндетті түрде еңбек шартын жасасуға тиіс, еңбек шартының 1 бабы міндетті төлемдер мен аударымдар айқындалуы керек, дегенмен жұмыссыз отырған уақытта медициналық көмектің толық пакетін алуға қол жеткізу үшін әрбір азамат өз-өзін қамтып отырған азамат ретінде жарнапұл төлегені дұрыс.
– Медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін МРТ, УДЗ, онкомаркерлер, гормондарға арналған талдаулар сияқты қымбат тұратын диагностикалық және зертханалық қызметтер қолжетімді бола ма?
– Иә, сақтандырылған азамттарға қымбат тұратын диагностикалық және зертханалық қызметтер көрсетілімдеріне қарай қолжетімді болады және бұл қызметтер МӘМС жүйесінің пакетінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 20.06.2019 жылғы №421 қаулысымен бекітілген.
– Мысалы, адам демалыс немесе іс-сапар кезінде ауырып қалды. Оған елдің барлық аумағында немесе тұрғылықты жерінде қажетті медициналық көмек көрсетіле ме?
– Шұғыл жағдайларда медициналық көмек бекітусіз және жолдамасыз көрсетіледі. 2020 жылдан бастап МӘМС пакеті шеңберінде медициналық қызметтер Қазақстанның барлық аумағында жоспарлы түрде көрсетіледі. Көрінетін медициналық ұйымдар міндетті түрде әлеуметтік медициналық қормен келісім-шартпен жұмыс атқаруы қажет.
– Азамат сақтандыру бойынша елден тыс жерде тегін емделе ала ма?
– Жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген медициналық қызметтерді тек ҚР аумағында төленім жасайды.
– Егер студенттер диплом алғаннан кейін жұмысқа орналаспаса қайтеді?
– Бұл жағдайда оқу орнын бітіргеннен кейін жас маман жұмыссыз ретінде тіркелуге немесе төлеуші ретінде жарна аударуға тиіс.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық жеке зертханаға жүгінген кездегі анализдерге кеткен шығындарды төлей ме?
– Тек қормен келісім-шарт жасаған мекеме болса және анализдерге міндетті түрде емхана, стационардың жолдамасы арқылы, егер қордың дерекқорына енгізіп қойған мекеме болса, онда аймақтық дәрігердің жолдама беруі арқылы емхана ұйымы арқылы қаржыландырады.
– Бір жыл ішінде медициналық ұйымдарға жүгінбейтін жұмыскерлерге төленген аударымдар қайтарыла ма?
– Жоқ, аударылған қаражат басқа сақтандырылған азаматтарға, яғни медициналық қызметке мәжбүр болып тұрғандардың шығындарын өтеуге жұмсалады.
– Пациенттің қандай қызметті тегін ала алатынын қайдан білуге болады?
– Жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігеріңізден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан, тегін желі 1406 бірыңғай байланыс орталығынан, аудандық емхана ғимаратының ішінде регистратурада МӘМС бұрышы ұйымдастырылған, сонымен қатар 21-6-44 телефонына қоңырау шалу арқылы толық мәліметтер мен азаматтардың мәртебесін білуге болады.

Сұқбаттасқан
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

28 қаңтар 2020 ж. 403 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930