ДАМУҒА БЕТ БҰРҒАН ӨҢІР
Өзіміз тұратын өңірдің экономикасының дамып, әлеуметтің әлеуетінің артуы көңілге қуаныш ұялатады. Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жерінде жыл сайын ілкімді істер атқарылып, жақсы бастамалар жүзеге асуда. өткен жылы жоспарланған жұмыстардың барлығы дерлік уақытында орындалып, ел иігіліне берілді. Жол да жөнделді, жаңа нысандар бой көтерді, электр желілері жаңарып, ауыз су мәселесі де шешілді. Жұмысқа орналасқандар саны да әжептәуір өсті. Жағымды жаңалықтың көш басында газдандыру жұмысы тұр. Тарқатайық.
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жұмыссыздар санын азайту. Халықты тұрақты жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасын арттыру, күнкөріс деңгейін жақсарту күн тәртібіндегі мәселе. Бұл ретте ауқымды шаралар жүзеге асуда, атқарылар жұмыс та аз емес. Өткен жылы өңірімізде ашылған жұмыс орындары аз емес. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыс баршылық. Атап айтар болсақ, еңбек нарығына қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуға 79 үміткерге жолдама берілген. Оның 64-і оқу орындарына қабылданған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша өткен жылға қаралған қаржы есебінен 94 адамға 351,1 млн теңге, барлығы 106 адамға 417,1 млн теңге шағын несие беріліп, жоспарлық көрсеткіш 70,7 пайызға орындалып отыр. Бастау-Бизнес жобасы аясында 144 адам оқуды аяқтап, 85 адам қаржылай қолдау тапса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 120 адамға әрқайсысына 252,5 мың теңгеден мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Бұдан басқа халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша 186,9 млн теңге қаржы қаралып, әлеуметтік жұмыс орындарына 53 адам, жастар тәжірибесіне 356 жас маман, қоғамдық жұмыстарға 494 адам жіберілген. Сонымен бірге «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант (505 мың теңгеден) және жастарға микрокредиттер ұсынылатынын, жоба шеңберінде 110 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алғанын жеткізді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шеңберінде де өткен жылы 122 маманға 446 924,9 млн теңге қаржы берілген. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы барлығы 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқандар мемлекеттік қызметтен бастап барлық салаға жіберілген.
Енді салынып жатқан құрылыс нысандарына ойысайық. Биылғы жылдың еншісінде аудан әкімдігінің жаңа ғимараты тұр. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Заманауи үлгідегі әкімшілік ғимаратының құрылысы осы жылы аяқталады деп күтілуде. Құрылысы басталған аудандық аурухананың жалпы құны 4 млрд 57 миллионнан аса теңгені құрайды. Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС қолға алып, межелі уақытында ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр. Осыған дейін М.Шәменов ауылындағы апаттық жағдайдағы білім беру ошағының қайта салынуына қаржы қаралған болатын. Соның ізімен өткен жылдан бастап М.Шәменов ауылында жаңадан мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Құрылысы жүріп жатқан 140 орындық мектептің жалпы құны 689,4 млн теңгені құрайды.
Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да қыруар шаруа атқарылуда. Күрделі жөндеуден өткен нысандардың қатарында аудандық орталық кітапхана бар. Сонымен бірге №201 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кенттегі қуаттылығы 30 МВт, жалпы құны 19 млрд теңгені құрайтын «Күн электростанциясының» құрылысы аяқталды. Бас мердігер – «Metka KZ EGN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Айта кету керек, бұдан бөлек Жалағаш кентіне газ жеткізу құбырларының және кварталішілік желілерінің құрылысы, елді мекендердің электр желілері мен құрылғыларын күрделі жөндеу, жеке қаражат есебінен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, аудандық орталық мешіт құрылысы, орталық монша, қонақ үй кешені, Еңбек ауылын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жол жайына келсек, кентішілік көшелерді жөндеу, асфальттау жұмыстары күн тәртібіндегі басты мәселе болып отыр. Аудан бойынша екі жүзден аса көшенің 66,8 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Осыған орай кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттар әзірленді. Былтыр облыстан 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге бөлінді. Жұмыс жасалды, жол жөнделді. Нәтижесінде Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшелерінің сапасы сын көтерердей жағдайға жетті. Ал «Самара-Шымкент-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымы жөнделді. Ал «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» тас жолының оңтүстік коллектор көпірін жөндеуге 288 млн теңге қаржы бөлінді.
Ауданға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 9 елді мекенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес М.Шәменов, Мырзабай ахун ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынды. Өткен жылы құрылыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осы бағдарламамен 2018 жылы Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күні жұртшылық игілігін көруде. Жүйелі жұмыстар легі биыл да жалғасын табады деп сенеміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ