» » ӨМІРДІ ЖЫРЛАУ ҮШІН КЕЛГЕН ЖАН

ӨМІРДІ ЖЫРЛАУ ҮШІН КЕЛГЕН ЖАН

Қазақ ақындарының ішіндегі шоқтығы биік тұлғаның бірі – Мағжан Жұмабаев. Оның өлеңдерін оқыған ғалымдар Пушкиннің өзімен теңестіріп жатады. Орыс поэзиясының көш басына шығып, әлемдік деңгейдегі ақындармен иық теңестіретін Пушкиндей ақынның деңгейіне екінің бірі көтеріле алмайды. Мұндай шыңға Мағжан секілді таланттардың таланты ғана шығады.

Қазақ ақындарының арасында Мағжан Жұмабаевқа жететіндері аз. Сол себептен болар, әде­биет­тану­шылар оны бірден апарып Абайдан кейінгі орынға қояды. Бүгінгі ғалымдар Мағжанды ақындығынан бөлек прозайк, публицист, педагог, психолог, философ секілді жаңа қырынан зерттеуде. Оған Мағжанның мектепке арнап “Педагогика”, “Бас­тауыш мектепте ана тілін оқыту жөні” еңбектері мен басқа да ғылыми жұмыстарын негізге алады. М.Жұмабаев Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу жұмыстарын жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға қо­мақты үлес қосты. Қайраткердің пуб­лицистика мен аударма ісінде де қолтаңбасы қалды.
Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы 1893 жылы Солтүстік Қазақстан об­лысының қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында өмірге келген. Мағжанның атасы Жұмабай қажы болса, әкесі Бекен саудамен айналысқан дәу­летті адам екен. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауат ашып, 1905-1910 жылдары Қы­зыл­жардағы медреседен білім ал­ды.­­ Медресе қабырғасында жүріп, 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерімен танысады. Мағжанға Абайдай ақынның өлеңдері ерекше әсер етсе керек. Шығармалары арқылы Абай Мағжанға бағыт беруші, жөн сілтеуші болғанға ұқсайды. Мағжанның өзі де хәкім шы­ғармашылығынан тәлім алып, “Атақты ақын, сөзі алтын хәкім Абайға” деген өлең жазды.
“Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!» – деме.
Артыңда қазақтың жас балалары,
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хәкім ата, тыныш бол, қадірің артар”, – деп жырлайды. Ақын тұңғыш өлеңінен бастап елдік мәселелерге ден қояды.
Жалпы Мағжанның өлеңін жәй оқи салуға болмайды. Оның астарында үлкен мән жатыр. Мағынасын түсіне білген адам Мағжанның өмірді жырлау үшін келген жан екенін ұғады.
“Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгiнде жоқ жалғыз жұлдыз бат­паған,
Түн баласы тәңiрiсiн өлтiрiп,
Табынатын басқа тәңiрi таппаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақ­паған.
Бiлген емес иман деген не нәрсе,
“Қарын” деген сөздi ғана жаттаған”. Мағжанның “Пайғамбар” деп атала­тын осы бір өлеңінің өзі оның поэ­зиядағы арнасы бөлек ақын екенін көрсетеді. Оның өлеңдерінің көркемдігі, поэти­калық сипаты да басқаларға ұқ­­­са­май­ды. Зерттеуші, журналист, әде­­­­биет сын­шысы Б.Майтановтың «Мағ­­­жан Жұмабаевтың поэтикасы» кі­та­­бында ақын өлеңдерінің құрылымы зерт­те­леді. Мағжан Жұмабаевтың поэти­касы сын­шы Б.Кəрібаеваның ең­бек­терінде де талданады.
Мағжанның лирикасы оқыған ада­мын елітіп әкетеді. Бұл жағынан ал­ған­да Мағжандай лирикті табу да оңай емес. Сөзімізге дәлелді ақынның өлең­дерінен іздейік.
“Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бер­меймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына”. Сезім жайлы бұлай жырлау екінің бірінің қолынан келе бермейтінін мықтымын дегендердің өзі мойындайды. Бұл аз десеңіз, жұлдыздың өзін жүзік, айды алқа еткен өлеңіне кезек берейік.
“Келші, гүлім,
Күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, неге сүйдің демейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жі­бек­тей,
Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін”.
Мағжан Жұмабаев “Ғалия” мед­ре­се­сінде оқып, Бейімбет Майлинмен танысады. 1912 жылы Қазан қа­ла­сын­дағы Кәрімовтер баспасында “Шол­пан” атты тұңғыш өлеңдер жи­нағы ба­сы­лады. “Садақ” журналын шы­­ға­руға қатысқан деген де дерек бар. Мағжан Бекенұлы бұл журналға өлең­де­рін жариялаған.
Елдік пен бірлікті мақсат ет­кен­ Мағжан ақын 1913-1916 жыл­­да­ры Омбы мұғалімдер се­ми­на­рия­­­сында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұ­мысына белсене араласып, “Ба­ла­пан” қолжазба журналын шы­ғаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұр­сынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қай­­рат­керлерімен байланыс орна­тып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жа­рия­лайды. 1917 жылы Ақпан төңке­рісінен кейін қалыптасқан саяси жағ­дайға сай қоғамдық өмірге белсене араласты.
“Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып “надандық” саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу,
Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді!
Кітап әпер, оқысын, балаң қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей адамзаттың тобына!” деп тебіренгенінен қалай болған күнде де қаламын қару ретінде қолданып, қазақ қоғамына әсер ету жайын көздегенін аңғарамыз. Мұны Мағжанның шығармашылық жолынан да көруге болады. Ол “Бостандық туы”, “Ақжол” газеттерінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында қызмет істеді. Басылымдарда еңбек еткен шағында ағарту жұмысына араласты.
“Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!” деген өлеңі әлі күнге шейін жастардың ұраны іс­пет­ті. Мағжанның өлеңдері жайлы сыр тарқатқанда “Түркістанға” соқпай кету әбестік болар.
“Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кеш­кен”.
Мағжан оқытушылықпен де, ау­дар­ма ісімен де айналысады. И.Гете, Г.Гейне, Әбу Фирас, А.Кольцов, М.Ю.Лер­­монтов, А.Фет, И.Дмитриев, И.Мятлов, А.Блок өлеңдерін, А.Горь­кий, В.Иванов секілді басқа да қалам­гер­лердің әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Ол “Шолпанның күнәсі” атты әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді. Мағжанның поэмаларының өзі бір төбе. “Батыр Баян”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Өтірік ертегі”, “Шын ертегі” секілді жыр-дастандарының қайсысын алсаңыз да көркемдігімен өзіне тарта түсетінін аңғарасыз. “Батыр Баянда” інісін алты алаштың намысы үшін өлтіргенін ерекше көркемдеу арқылы жеткізген. Оқыған адам сол кезеңге барып келгендей әсер алады.
Артына өшпес із қалдырған, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынды патшалық Ресей де, кеңестік үкімет те басынан сипай қоймайды. Бұған дейін де тұтқындалып, абақтының азабын көрген М.Жұмабаев 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Мағжантануға үлес қосқан ғалымдар аз емес. Бір кездері ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кəкішұлымен сұхбаттасып, Мағжан Жұмабаев туралы сұрағаным бар еді. Бұл 2003 жыл болатын. Сонда Тұрсынбек Кәкішұлы: “Мағжанды танығың келсе, алдымен оны оқы. Өйткені Абай – ақылдың ақыны болса, Мағжан – ақынның ақыны” – деді. Сонда Жұмабаевтың шығармаларының бірқатарын оқыдым, мазмұнын, мәнін, мағынасын көңілге тоқыдым деп жүргенде білгенімнен білмегенім көп екенін түсініп, ғалымнан қатты ұялғаным бар. Кейіннен Мағжан жайлы жазылған еңбектердің бірқатарын сүзіп шықтық. Оның ішінде Е.Тілешов, Б.Қанарбаева, А.Ісмақова сынды ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Жазушы Д.Досжанның “Абақты” атты кітабында да М.Жұмабаев жайлы деректер бар.
Қарап отырсақ, жалған жаланың құрбаны болған Мағжан Жұмабаевты екі рет ақтаған екен. Алғашқысында 1960 жылы ақтаған, бірақ шығармаларын оқытуға, насихаттауға рұқсат бермеген. Екінші рет 1989 жылы қайта ақтап, шығармаларын оқытуға рұқсат береді.
Соңғы кездері “Мағжанды ат­пап­ты, оны Бауыржан Момышұлы 1948 жылы Сібірден көріпті” деген әңгімелер айтыла бастады. Бұл аздай ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы, ісімен де, сөзімен де бүгінгі жастарға ой салатын Ардақ Назаров сынды азаматтың аузына салады. Оған ешкім айтқан жоқ, өзі оқығанын жұртқа баяндап отыр де­ген күннің өзінде мен құрмет тұтар Ардақ сынды азамат қателесіп тұр дегім келеді. Осы бір әңгіменің түбіне ешкім жетіп болмайды. Мағжанды зерттеп жүрген ғалымдар Бауыржандай батырдың 1948 жылы оны көруі мүмкін еместігін айтады. Ғалым Бақытқамал Қанарбаева Марғұлан Ақанға берген сұхбатында бұл жайдың ойдан шығарылғанын алға тартады. Журналист: “Мағжан бертінге дейін тірі болған” дейтіндерге айтарыңыз бар ма? Біреулер Магаданнан көріпті деген әңгімелер болды ғой?” деген сауал қойғанда, ғалым: “ – Өтірік сөз. Осы мәселені маған студенттер де жиі қояды. Ол – өтірік сөз. Мағжандарды үкім шықпастан үш күн бұрын атып тастап отырған екен. Алдымен атып тастайды, сосын үкім шығарады. Мұның жай-жапсарын КГБ-ның өз адамдары іздеп, анықтапты. КГБ-ның ішінде де ұлтжанды азаматтар болған. 1960 жылы Мағжан ақтала алмай жатқан кезде Ташкенттен Алматыға ауысып келген жерлестері документтің бәрін көтерткен. Солар бұрыннан КГБ-да істейтін бір орыс шалды табады. «Мағжандарды атып жатқанда мен 17 жастағы жігіт едім. Отырып қағаздарды толтырам. Үкім шықпастан атылып жатқандардың ішінде Мағжан да болған. Бір түнде 37 адам атылды» деп куәлік еткен. Сонда Мағжан Алматының аяқ жағындағы Ынтымақта жатыр деген сөз. Осы туралы мен «Алаш айнасына» сұхбат бергенде айттым. «Мағжанның сүйегін тапқыларың келсе, Ынтымақты қопарыңдар» – дедім. Ол жерде көп адам жатыр” деп жауап береді. Белгілі режиссер Еркін Рақышев журналистерге берген сұхбатында: “Бауыржан ешбір еңбегінде «Мен Мағжанды көрдім» деп жазбаған. Егер Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевты шынымен көрген болса, өзі жазар еді. Бұны Бауыржаннан естідім деп, әркім әртүрлі жазып жүр. Біреулері Бауыржан Мағжанды орманның арасында көрді десе, екінші біреулері Бауыржан маған Мағжанды қаланың ішінде көрдім деп айтты деседі. Бұлар өтірікті өздері айтқандарын қоймай, енді келіп Бауыржан Момышұлы батырымыз айтты деп, Бәукеңді өтірікші қылып, соның артына тығылуда” – деп айтқан. Жазушы Бейбіт Қойшыбайдың өзі айдауда Мағжанмен бірге болдым деген адамның қазақ ақынын біреумен шатастыруы да мүмкін екенін айтқан.
Осындай әңгімелер ел ішін кезе бастағанда жазушы Дүкенбай Досжанға барған болатынмын. Бұл 2010 жыл еді. Ол кезде Дүкенбай аға елордадағы “Мәдени мұра” журналын басқаратын. Сонда жазушыға жолығып: “Аға, Мағжан Жұмабаевты Мага­даннан көрдім деген адам шықты. Тіпті Бауыржан Момышұлы да 1948 жылы Сібірден көрген екен. Сіздің “Абақты” деп аталатын еңбегіңізде Жұмабаевты 1938 жылы қамауға алып, атқан деген дерек бар. Кімнің сөзіне сенеміз?” – деген сұрақ қойған едім. Қаламгер жұмыс үстелінен тұрып, менің жаныма отырды. “Балам, шындық іздегендерің дұрыс. Бірақ Бауыржан Момышұлының ешбір шы­ғар­масында 1948 жылы Мағжанды көрдім деген сөз жазылмаған. Бау­кең қазақтың батыры ғой, ондай адам жұрттан қаймығып, мұндай шын­дықты ішіне бүгіп қалуы мүмкін емес. Ал мен “Абақтыны” қауіпсіздік қызметінің архивіндегі материалдар арқылы жазғанмын. НКВД-ның адам­дары Мағжандай алаш арысын тірі қалдырмайды. Олар берілген бұй­рық­ты орындайды. Мағжанды ату жазасына кескен. Үкім сол мезетте орындалған ” – деп жауап берді. Мен сенетін нағыз шындық – осы.
Кім не айтса да, Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі ре­тінде тарихта қалды. Оның есімі бү­гінгі тәуелсіз ұрпақтың жүрегінде жат­тал­ды, санасында сақталды десек, қате­лес­пейміз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

25 ақпан 2020 ж. 645 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930