Ақерке грант иегері атанды
Білімділер сайысында топ жарып, Жалағаштың мерейін үстем ету №201 мектептің 11 сынып оқушысы Ақерке Жұмағали үшін қалыпты жағдайға айналған. Осыған дейін республикалық пәндік олимпиадаларда бірнеше рет бас бәйгені еншілеген қарындасымыз бүгінде ҰБТ-ға қатыспай-ақ ЖОО-ның грантына қол жеткізген. Осыған дейінгі білім бәйгелерінде біліктілігімен көзге түскен жерлесіміз бүгінде елордадағы «Астана ІТ» университетінен шақырту алып отыр. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Аудан бойынша әзірге мектеп түлектері арасында ҰБТ-ға қатыспай-ақ мұндай жетістікке қол жеткізген Ақеркеден басқа оқушы жоқ.
Ақерке Жұмағали физика пәні бойынша ұйымдастырылған түрлі деңгейдегі сайыстардан осыған дейін құр алақан қайтпапты. Арнайы сараптама жасау мен есеп шығарудың түрлі амалын жетік білетін жалағаштық түлек алдағы уақытта осы білім саласының алға өрлеуіне күш салуға ниеттеніп отыр. Әлден тәжірибелі мамандардай есепті уақытқа шығарудан алдына жан салмаған қарындасымыз Нұр-Сұлтандағы ЖОО берген грантпен шектелгісі жоқ. Яғни ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз бағын сынамақшы.
Иә, жиған білімі мен тәжірибесіне сенімді кез келген адам осындай қадамға барары анық. Осыған дейін республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларда бағы жанған Ақеркенің сараптамалық жұмысы мен бірнеше амалмен шығаруға болатын есепті бір-ақ амалмен шешуі қазылар алқасының да назарын өзіне аударған болатын. Мәселен, осыған дейін аудандық олимпадада бас бәйгені еншілеген мектеп түлегі 4 есептің барлығын да дұрыс шығарып, басқалардан оқ бойы озық келді. Ал сараптамалық жұмысқа келсек, кейіпкеріміз тоққа байланысты кедергілер мен өндіретін қуатын табуда да нәтижелі жұмыс жасай білді.
– Есеп жалпы адамның ой-өрісін дамытуға оң әсерін тигізеді. Мәселен, мен бірден байқауларға қатысып, жүлделі орындардан бой көрсеткен жоқпын. Басында физика пәніне деген қызығушылық болды. Кейін жетекшім, білікті педагог Айгүл Шілдебаеваның сүйемелдеуімен көптеген белесті бағындырдым. Алдағы уақытта ҰБТ-ға қатысу жоспарда бар. Бұған дейінгі жетістіктеріме мән берген елордадағы университет маған жолдама беріп отыр. Кеше олимпиаданың облыстық кезеңінде үшінші орын алдым. Менің алдымда бірінші және екінші орындар болған жоқ. Яғни мұнда ол орындарға белгілі бір бал бойынша қол жеткізесің. Менің қол жеткізген ұпайым оған жетіңкіремеді. Тек менің ғана емес, сол сайысқа қатысушы 20-ға жуық талапкердің балы оған жеткен жоқ. Менен жоғары ұпайға ие болғандар табылмағасын республикалық кезеңге жолдама алдым. Бұйыртса, онда да жоғары орыннан бой көрсетіп, аудан абыройын асқақтатсам деймін. Дайындық жұмыстарын бастап кеттім, ал нәтижесін уақыт көрсетеді, – дейді Ақерке.
Білімді жас олимпиада сайысында әр кезеңнен өткен сайын берілген тапсырмаларды орындауға арналған уақыт көлемі де қысқара беретінін айтады. Алдағы республикалық білімділер сайысы наурыз айының 16-сы мен 21-і аралығында өтеді. Есепті тиімді тәсілмен шығарудың қыр-сырын жетік меңгерген дарынды шәкіртке біз де сәттілік тілейміз.
Кенжетай Қайрақбаев