ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ АРТА ТҮСТІ
Ел ішіндегі жұқпалы індеттің әлі саябырситын түрі жоқ. Мұндайда тек сақтық пен сабырға жүгінген жөн. Аз шыдасақ, мамырда індетпен күрес толық аяқталады деп болжап отыр мамандар. Лайым солай болсын. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері барлық аймақ карантинге жабылды. Тұрғындар сақтық шараларын сақтап, карантин режиміне бағынуы тиіс. Әрине, халыққа оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, індетпен күресу жолында күн сайын тәж тажалмен бетпе-бет келіп, ауру ошағында жүрген медицина қызметкерлеріне қиын.
Ақ халатты абзал жандарға деген халықтың құрметі бұрыннан да ерекше еді, мына жағдайдан соң дәрігерлерге елдің ілтипаты тіпті арта түсті. Ауру жұқтырғандарды емдеу барысында бастарын тәуекелге тігіп, олармен тікелей қарым-қатынасқа түскен дәрігерлердің еңбегі расында қандай құрметке болса да лайық. Карантиндік жағдайда бақылауға алынғандар мен инфекция жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігерлер бір айдан бері үйлеріне қайтқан жоқ. Оларды отбасында балалары күтіп отыр. Бірақ олар жұқпалы дерттің беті қайтпай, үйлеріне бармайды, оқшауланған орындарда тұрып жатыр. Арнайы киімдермен қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе де, сағат сайын залалсыздандырып тұрса да, індет олардың өмірлеріне қауіп төндіреді. Бірақ соған қарамастан дәрігерлер өздерінің антына адалдық танытып, сын сағатта адамзат баласын ажалдан арашалап қалу үшін жанталасып бағуда. Нәтижесі де жоқ емес, дерттеріне дауа дарып, айығып үйлеріне оралып жатқан жандардың оларға алғыстан басқа айтары жоқ.
Дәрігерлердің осындай жанкешті еңбегін ескерген Үкімет оларға материалдық тұрғыдан жәрдем жасауға шешім қабылдады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу тәртібін бекітіп, медицина қызметкерлері 850 мың теңгеге дейін үстемақы алатын болды. Бұл – дұрыс шешім. Бұған тек дәрігерлер ғана емес, оттың ортасында жүрген абзал жандардың амандығын тілеп отырған қарапайым халық та қуанды. Ресми деректерге сүйенсек, төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі. Олар: "Қауіптілігі аса жоғары" – жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi 850 мың теңге); "Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 10 ең төменгі жалақы 425 мың теңгені құрайды; "Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалар. Үстемақы 5 ең төменгі жалақы 212,5 мың теңгені құрайды. Егер медицина қызметкері коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда оған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңге беріледі, ал көз жұмған жағдайда әлеуметтік төлем көлемі 10 млн теңгені құрайды.
Бір қуантарлығы, біздің ауданда жұқпалы дерт әлі анықталған жоқ. Бірақ сақтық шараларын босаңсытуға болмайды. Сол үшін аудандағы медицина саласының қызметкерлері күні-түні тынымсыз жұмыс жүргізуде. Оларға үкімет тарапынанан да, халықтан да үлкен қолдау қажет. Аудандық емхананың мәліметінше, провизорлық стационарда бақылауда жатқан адамдармен тікелей жұмыс істеп отырған 14 медицина қызметкеріне жоғарыда аталған топтар бойынша үстемақы төленген. Олардың ішінде дәрігерлер, мейірбикелер, санитарлық қызметкерлер және жүргізушілер бар.
Қуат АХЕТОВ