ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ
«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деген болатын. Тұңғыш Президентіміздің сөзінен латын әліпбиі білім мен техниканың кілті екенін айқын аңғарамыз.
Латын қарпінің тиімді тұстары хақында ғалымдар бен саясаткерлер тарапынан жүйелі ой айтылып жүр. . Яғни техника мен тіл тұтастығы үшін әліпбидің бұл түрінің ықпалы зор. Осы орайда біз еліміздің болашағы үшін ең тиімді екі бағыт жайында тарқатқымыз келеді. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние келешек ғылымда екенін тайға таңба басқандай анық аңғартып отыр. Ілімін оздырған елдің ертеңі жарқын. Алайда латын әліпбиінің ғылымға әсерінен бұрын алдымен тіліміздің табиғатына әсері жайында айтып өтсек...
Бір қарағанда әліпбидің тілге айтарлықтай әсері жоқтай көрінеді. Алайда дәл таңбаланбаған дыбыс сөзді қойыртпақ етіп жібереді. Қазақтың әуезді айтылу жүйесін сақтап, саф қалпында ұрпаққа табыстау біздің басты мақсатымыз десек, осы мақсатқа жету үшін латыннан артық әліпби жоқ. Мәселен, кириллица арқылы біз орыс сөздерін сол қалпында тілімізге енгізіп жібердік. Яғни орыс тілінде қалай аталса, қазақ тілінде айна қатесіз қайталанып келеді. Дегенмен, бұл Байтұрсыновтың ережесіне қарсы. Қазақ тіл білімінің атасы А.Байтұрсынов «Кірме сөздерді қазақ тіліне жаныштап, илеп, өз заңдылығымызға икемдеп алуымыз қажет» деген ұстанымды айтқан. Әрбір тілдің өз заңдылығы, өз соқпағы бар. Айталық, орыстың кровать, самовар, ящик сөздері қазіргі таңда кереует, самаурын, жәшік деп аталады. Өзге халықтың атаулары өз сөзімізге айналып кеткен. Енді уақыт тұрғысынан алсақ, бұлардың барлығы өткен ғасырдың бас жағында енген сөздер. Яғни қазақ тілі орыс тілінің ықпалына ұшырамай тұрған кезеңде. Ал кейіннен орыс әліпбиі енгізілді де кірме сөздің барлығы айтылу қалпымен алынатын болды.
"Қазақ даласы маған ән салып тұрғандай көрінеді" деген этнограф ғалым Григорий Потнин айтқан атақты сөзінің астарында бәлкім тіліміздің әуезділігі жайындағы ойы жатқан шығар. Міне осы қазақ тілінің саф қалпын қайтару үшін дыбыстарымызды дұрыс таңбалайтын латын әліпбиін қалыптастыруымыз қажет деп білемін. Бұл қайта-қайта мәселе етіп көтеріп жүрген тіл тазалығы, табиғаты жайлы мәселелердің тез шешілуіне ықпал етеді деп ойлаймын.
Күн тәртібінде тұрған әліпбидің тағы бір артықшылығы бұл ілім ізденушілерге жарқын жол сілтейді. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады, ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады.
Латын әрпі уақыт сынынан өткен өміршең графика екені даусыз. Оның дәлелі қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы осы әліпбиді меңгерген. Одан бөлек әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын ескерсек, бұл халықаралық қатынасты жақындастыра түседі деген сөз. Қазіргі таңда халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылады. Сондықтан заман көшіне ілесіп, дамыған елдердің ғылымына ыңғайлану үшін солармен ортақ әліпбиді пайдаланған дұрыс. Бұл өз тілімізді ғылым тіліне айналдыруға, ауқымын кеңейтуге мүмкіндік ашады.
Бүгінде латын әліпбиі төңірегінде толассыз пікір жүріп жатыр. Қолдағандар да, қажет емес дегендер де табылуда. Алайда, тіл білімі төңірегіндегі ғалымдардың басым бөлігі жаңа графикаға көшу мәселесін жеделдету қажеттігін айтады. Сондай-ақ жаңа әліпбиді жас ұрпақтың санасына сіңірсек, айналдырған он жылдың ішінде халықаралық қатынастағы қаріпті игерген буын қалыптасады. Еліміздің ертеңі үшін ең дұрыс шешім осы болса керек. Тағы бір тоқтала кетететін тиімді тұс бұл – түркі халықтарының ынтымағын одан әрі арттыра түсетіндігі. Бүгінде түркі мемлекеттерінің біразы осы желімен жүріп келеді. Одан бөлек өзге елдегі қандастарымыз үшін де бұл қолайлы болмақ.
Талай тар жол, тайғақ кешуден өткен бабаларымыз алып атырапты сақтап, ұрпаққа аманаттады. Уақыт көшінде қазақ халқы аз теперіш көрген жоқ. Соның ішінде тіліміз де тағдыр тезіне түсіп, жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған еді. Өз жерінде өгейдің күнін кешкен кезеңдер де өткен. Алайда, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге қол жеткіздік. Міне, латын әліпбиі сол игі бастамаларға жасалған ең үлкен қадам десек болады. Осы арқылы тіліміздің тағдырын айқындап, тұғырын нығарлап, болашаққа таза қалпында табыстаймыз. Одан әрі ғылым мен білімнің илеуіне түскен ана тіліміз халықаралық қатынастан өз орнын айқындайтын болады.
Бүгінде мемлекет жаңа әліпби төңірегінде бастамалар көтеріп, уақыт оздырмай мектептерде тәжірибе жүргізуді мақсат етіп отыр. Осылайша 2025 жылға қарай жаңа графикамен жазуды бастай беру қажеттігі айтылуда. Бұл – кезең-кезеңімен жүзеге асатын жұмыс. Алайда, бұл жерде халық бірлігі басты рөл атқаратынын ұмытпаған абзал.
Енді жаңағы екі түрлі көзқарастың ішінен қарсы тараптан «Әліпбидің бұл түрі шынымен тиімді болса, неге оны жазу үлгімізге енгізуді жеделдетпейді?» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда бізге дейін латын әліпбиін қабылдаған елдерге қарап жүйелеп, сараптап, соңғы үлгісін жасағанымыз абзал. Ал мұндай сапалы дүниеге қол жеткізу үшін уақыт үнемдеу аса маңызды дей алмаймын. Бастысы келер ұрпаққа жазудың жүйелі түрін аманаттасақ, біз үшін олжа сол болмақ.
К.БАЛҒАБАЙ