ЖАҢА ЕМЛЕ ЕРЕЖЕсі жат емес
Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника ілгерілеген сайын шет елдерден жаңа сөздердің кіруі арқылы толығып отыратыны табиғи заңдылық. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал, кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің де қазіргі кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп, тез қабылдай қоймауы мүмкін. Ал, латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, осындай келеңсіздіктердің алдын алуға біршама көмегін тигізеді. Сондықтан тілдің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедергі келтіретін ескі әліпбиді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік туды. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латынға көшу.
Мемлекет басшысы да “Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады” – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен болатын.
Апта соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығында аудандық мекеме, бөлім басшылары, сала мамандары мен жас қызметкерлер жаңа емле ережелерінің сынамасына қатысты. Сынаманы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткізді.
Алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бибіәсия Дүйсенбиева латын графикасына көшудің бірнеше себептерін атап өтті. Оның сөзінше, әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен береді. Ол өз кезегінде ыңғайлы әрі тиімді. Мұнымен қоса, әлем елдерінің 80 пайызы осы графиканы қолданады екен. Ал, компьютерлік құрылғылардың тиімділігін арттырып, оның барлық мүмкіндігін пайдалануда латын таңбасының әсері мол. Сондай-ақ, ақпарат кеңістігіне еркін бойлап, заманауи технологияларды еш кедергісіз қолдануға жол ашады. Демек, жаңа әліпби басқа елдермен саяси байланыста, мемлекеттің даму жүйесінде дамыған елдердің іс-тәжірибелерін тұтынуда алаңдатарлық қиындық туғызбайды. Керісінше, өз кезегінде қоғам дамуының ауқымын кеңейтеді.
Сынама барысында қатысушылар өзара пікір алмасты, жаңа әліпби бойынша сөздерді таңбалап көрді. Әрқайсысы өзіне ыңғайлы жазу үлгілерін алға тартып, бір-бірімен бөлісті. Сынама тапсырушылар арасында жаңа қаріппен қазақ тіліндегі сөздерді жазуда аса бір қиындық туындамағанын байқадық. Себебі, әр сала маманы латын әліпбиінің жаңа нұсқасымен бұған дейін де танысып, жазуға жаттығып жүрген. Олар кітапшада берілген тапсырмаларды тез орындап, артынша ұсыныстарын қалдырды. Мамандар өз кезегінде кириллицадан енген ю, э, ц секілді әріптерді латынша қос таңбамен белгілегенін және оның ықшам әрі тиімді екенін жеткізді.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.