ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖОБАСЫНА ҰСЫНЫС
Қандай да бір тілдің дамығандық деңгейі үш түрлі белгіге ие болуынан көрінеді. Оның алғашқысы - өзіндік жазу жүйесінің болуы (графикалануы), екіншісі – жалпыға түсінікті әдеби нормасының болуы (стандартталуы) және үшіншісі – осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді болуы (модернизациялануы). Осы тұрғыдан келсек, қазақ тілін әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосу үшін осылардың бәрін ескеру қажет. Өйткені аталған белігерге тіліміз өз мәнінде жауап бере алмайды. Бұл қазақ тілінің кемшілігі немесе кінәсі емес, бұл - тіл дамытудағы кеңестік заманның зардаптары, сондай-ақ қазіргі біздің шалалығымыз. Қазіргі күні осы олқылықтардың орнын толтыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі жазу жүйемізді қайта қарап, латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіне көшуіміз. Бұл бағытта саяси шешім қабылданды, бүгінге дейін үш жоба ұсынылып, жер-жерде талқылаулар өтуде. Бірінші Парламентте талқылауға ұсынылған (11 қыркүйек, 2017) жобаға, Елбасы назарына ұсынылған (9 қазан, 2017) әліпбиге, сондай-ақ Қазақстан «Ғалымдар одағының» мүшелері ұсынған әліпби жобасы бойыша да өз пікірімді білдірген болатынмын, олар баспасөзде жарияланды. Енді міне, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің тағы бір жобасына Елбасы қол қойып, талқылауға, сынақтан өткізуге беріп отыр.
Ұсынылған латыннегізді қазақ әліпбиінің жаңа жобасында 32 әріп бар. Алты әріп дикретикалық белгімен берілген. Олар: Ә –Á, Ғ – Ġ, Ң- Ń, Ө – Ó, Ү- Ú, У – Ý. Бұл әріптер қазіргі кирилл әліпбиінде белінен сызылу арқылы (Ғ, Ұ, Ө) немесе төмен түсірілген (Ң) белгімен таңбаланып жүр. Олар жаңа әліпбиде дикретикамен белгіленген. Сондықтан дикретиканы «Ү-ге» емес, «Ұ-ға» қою керек сияқты.
Сондай-ақ екі әріп диграфпен таңбаланыпты: Ш – SH, Ч – CH. Жалпы «Ч-ны» «Ш» дыбысы ауыстыра алады. Мысалы, чемпион – шемпион, чемодан – шамадан т.б.. Әріптің саны азайған сайын әліпбидің мінсіз бола түсетінін ескерсек, біздіңше «Ч» дыбысын алып тастауға болады.
Ұсынылған әліпби жобасында латынның «С» таңбасы игерілмей қалған. Бұл әріп көптеген тілдердің әліпбилерінде бар, бізде неге жоқ?Жоғарыда айтқан Қазақстан «Ғалымдар одағының» мүшелері ұсынған әліпби жобасында бұл әріпті «Ц» дыбысын беруге қолданған. Сондықтан бұл жағын да ойлау керек сияқты.
Кірме дыбыстар ретінде 4 әріп берілген (Ф - F, И - І, В – V, Х,Һ - Н). Қалған әріптер латын графикасынан өзгеріссіз алынған. Ал енді 2 әріп әліпбиде әрқайсысы 2 дыбысты таңбалайды (Н–Һ,х, І–и,й). Осы екі әріп проблема туғызатын сыңайлы. Жалпы араб тілінен енген «Һ», «Х» дыбыстарын қазақ тілінің «Қ» дыбысымен беруге болады, оларды толық алмастыра алады. Онда әліпбидегі әріп саны да азаяр еді. Ал екінші проблема туғызып отырған дауысты «И» таңбасы мен дауыссыз «Й»-ді жеке-жеке таңбалаған дұрыс. Біздіңше, әліпбидегі «І» таңбасын жіңішке «Й»-ді таңбалауға қалдырып, кірме дауысты «И»-ге басқа таңба беруі керек. Сол сияқты «І» дыбысы мен жуан «И» дыбысының бас әріптері бірдей, екеуі де «І» таңбасымен берілген. Мұны да қайта қарау қажет.
Жалпы жасап отырғанымыз қазақ әліпбиі болатын болса, оны А.Байтұрсынұлының ізімен негізгі әліпиге 28 әріпті қалдырып, жоғарыда айтқан кірме дыбыстарды (F, V, І, Н) негізгі әліпбиге қосымша етіп беруі керек және олардың өзіндік емлесі жасалғаны жөн.
Сөз соңында айтатын тағы бір мәселе, әліпбиді жасаушылар оның арнайы түсініктемесін беріп, жұртшылыққа таныстырылымын жасау керек. Өйткені ғылыми тұжырымдамасыз ұсынылған әліпбиге әркім өз бетінше уәж айтып, өзінше болжам жасап, бір-біріміздің сөзімізді жоққа шығарғаннан басқа пайда таппаймыз.
P.S. Бұл әліпбидің өзіндік емле ережесі жасалмай, оны қолдануға болмайды. Оны әзірге сынақтан өткізіп, кем-кетігіне ұсыныс жасағанымыз абзал.
Аман АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры