БЕЛГІЛЕНГЕН МЕЖЕ: 36731 ГЕКТАР
Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жер облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Төскейінде төрт түлігін түлеткен де осы жұрт.
Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары ел ризығын еселеу жолында қашанда табандылық танытып келеді.
Жалағаштық еңбеккерлердің биылғы атқарып жатқан жұмысын білу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласқан болатынбыз. Жауапты бөлімнің берген мәліметіне сүйенсек, биыл Жалағашта 36731 гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Қазіргі уақытта 21600 гектарға себілуге тиісті күріштің 20648 гектары егіліп, 18 640 гектары суға бастырылды. Сонымен қатар жаздық бидай 507, мақсары 1757, жаңа жоңышқа 3715, ескі жоңышқа 6452, картоп 500, көкөнiс 1000, бақша дақылдары 1200 гектар алқапқа егіліп, күтімге алынды.
Мемлекет тарапынан берілетін көмек те шаруашылықтардың жұмысын оңтайландыруға сеп болуда. Ауданда көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 3300 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл жұмыспен «Нефть-Транс Қызылорда» және «РК-Мұнай» ЖШС айналысуда. Қазіргі таңда дизель жанармайының әр литрі шаруашылықтарға 162 теңгеден жеткізілуде. Мемлекет бұдан бөлек егін шаруашылығын субсиялауға арналған басқа да көмекті беріп, диқан қауымды ынталандыруда. Жан-жақты қолдауды сезінген шаруа қожалықтары жұмыс істеуге қажетті техникаларын да жаңалауда. Биылдың өзінде «ТехноЛизинг» ЖШС және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 9 техника алынған.
Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ретте “Агрохолдинг Қызылорда” ЖШС жұмысын алға тартуға болады. Аудандағы күріш саласының ірі кәсіпорны саналатын мекеме 22 шаруашылықпен 359,8 млн теңге қаржыға фьючерстік келісім шарт жасасып, оның 309,4 млн теңге қаржысы берілген.
Еңбектің ер атандыратынын жан-тәнімен түйсінген жалағаштық еңбеккерлер қашанда көш басында екені белгілі. Несібесін жерден терген диқандар еткен еңбектің еш кетпесін біледі. Жалағаштағы жұртшылық жұдырықтай жұмылғанда ғана жетістікке жететіндіктерін естен еш шығарған емес. Ал біз Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған ағайынның несібесі ортаймасын деген тілек білдіреміз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ