» » ҮЗДІКТЕРДІҢ ЕЛІ, ОЗАТТАРДЫҢ ЖЕРІ

ҮЗДІКТЕРДІҢ ЕЛІ, ОЗАТТАРДЫҢ ЖЕРІ

Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Мәуелі күз міне, осы қанатты қағиданың биыл берекесін танытты. “Қызылорданың Қостанайы” атанған Жалағаштың диқандары үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Күріштен тау тұрғызған диқандардың ала жаздайғы еңбегінің өтеуі қайтты. Биыл Жалағаш облыс бойынша “Үздік аудан” атанды. Ал мұның бәрі аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс.
Жалағаш ауданы ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласы бойынша жыл сайын то­лайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қа­зынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Егін шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар.
Биылдың өзінде 36 665 гектар жер­ге егін егілді. Соның 21 800 гек­тары Сыр­дың басты дақылы күріш екенін айта кеткен жөн. Ре­кордтық өнім алуды дәстүрге ай­нал­дырған жалағаштық еңбек­кер­лер биыл да көздеген мақсатқа қол жеткізді. Күріштен бөлек 306 га жаз­дық бидай, 3 530 га жаңа жоңышқа, 500 га картоп, 1000 га көкөніс, 1200 га бақша дақылдары, 50 га арпа, 2 200 га мақсары, 6079 га ескі жоңышқа күтімге алынған болатын. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп баптауға 6562 тон­на аммоний сульфаты, 3100 тонна карбамид, 2272 тонна аммофос мине­ралды тыңайтқыштары себілді.
Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жер облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Төскейінде төрт түлігін түлеткен де осы жұрт.
Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белес­терді мойындатудың үлгісін көрсетіп ке­леді.
Мақаланың басында Жалағашты облыста “Үздік аудан” атанғанын жазған едік. Енді Қызылорда қаласындағы сал­танатты шарада марапат төрінен көрінген жерлестерді атап өткенді жөн санап отырмыз. “Үздік аудан” номи­на­циясы бойынша І дәрежелі диплом аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевқа табысталды. «Егінші» ЖШС басшысы Шағдат Жалғасов “Озат шаруашылық” номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, «Бай­та­бын» ЖШС директоры Сапарбек Мыханов І дәрежелі “Еңбек Даңқы” төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ Ермаханбет Оразов ІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” төсбелгісін иеленсе, аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің маманы Ханбибі Асқарова “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” атанды. Үздіктердің қатары мұнымен біт­пейді. «Мирас» ШҚ төрағасы Ер­ділда Рахметұлы “Еңбек ардагері” медалімен мара­патталса, «Рақым-Бек» ШҚ төра­ғасы Әлтай Пірмановқа “Ы.Жақаев” медалі табысталды. Ал «Жігер» ШҚ төрағасы Самат Сар­басовқа ҚР АШМ “Құрмет” гра­мо­тасы берілсе, «Еңбек Жер» ЖШС комбайншысы Данабек Сәрсенбаев «2019 жылдың озат ком­байн­шысы» атанды. Сонымен бірге “Байтабын» ЖШС күрішшісі Алтынбек Тасбергенов «2019 жылдың озат күріш­шісі» номи­нациясын иеленсе, «Ер-Әлі» ШҚ агрономы Нұрбек Ахметов «2019 жылдың озат агрономы» болды. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш озаттардың елі, үздіктердің жері болып отыр бүгінде. Бұл сөзімізге өңір басшысы Қайратбек Сәрсенбаевтың бұрын басқарған Шиелі ауданының құрметті азаматы атанғанын және Садық Мұстафаев пен Мұхтар Ниязовтай жерлестеріміз Қызылорда қала­сының құрметті азаматы болғанын дәлел етіп, алға тарта аламыз.
Еңбектің ер атандыратынын жан-тә­німен түйсінген жалағаштық ең­бек­­­­кер­лер осылайша көш басында ке­­леді. Несібесін жерден терген ди­қан­­дар еткен еңбектің еш кетпесін бі­леді. Жалағаштағы жұртшылық жұ­ды­рықтай жұмылғанда ғана жетістікке же­тетінін естен еш шығарған емес. Ал біз Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті тү­летіп отырған ағайынның несібесі ортай­масын деген тілек білдіреміз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


22 қазан 2019 ж. 546 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930