» » 83 жастағы бағбан

83 жастағы бағбан

Редактордың тапсырмасымен “Үлгілі аула” айдарына мақала әзірлеу үшін Баймахановтардың шаңырағында болдық. Үй ауласындағы жасыл желекке көмкерілген гүлзарлар мен бау-бақшада жайқалған жеміс ағаштары еріксіз таңдай қақтырады. Онда анар, малина, қарақат, алмұрт, алма және тағы сол сияқты жеміс ағаштарының 15-20 түрі бар. Мұның бәрін Жалағаш топырағына жерсіндірген 83 жастағы Ақберген ақсақал екенін айта кеткен жөн.

Екі мыңыншы жылдары атам­ның жасы тоқсаннан асса да көктем шығысымен үй ауласындағы бақ­шадан шықпайтын. Жеміс ағаш­тарын баптап, түрлі көкөніс егуден бір жалықпайтын еді, жарықтық. Екі-үш айдан кейін әлгі еткен еңбек пен төгілген тердің жемісі шелек-шелек қызанақ пен қияр, дәмі тіл үйірер әңгелек пен қауын болып қайтатын. Одан бері де жиырма жылдан көп уақыт өтіпті, атам да бақилық болды. Ал қазір ауласындағы алақандай жеріне бау-бақша егіп, көкөніс өсіретін жандардың қатары сирегенін кейбір тұрғындардың жұтаң ауласына қарап аңғарасың. Оның үстіне газет редакторы жайқалған бағы бар кент тұрғындары жайлы жазуды ұсынғанда екіұшты ойда болғаным рас. Өйткені «Оңтүстіктен әкелінген базардағы дайын көкөністі тұтынып үйренген кент тұрғындарының ара­сынан бау-бақша күтетін жан­дар бірен-сараң ғана болуы мүмкін» деген ой келді. Алайда әлі де болса есік алды бақшасын үлгертіп отырған жалағаштықтар аз емес екен. Оған еңбек ардагері Ақберген Баймаханұлының жасыл желекке көмкерілген ауласын көріп, көзіміз жетті.
Биыл Ақберген ақсақал 83 жас­ты толтырды. 1937 жылы өмір­ге келген оның жастық шағы сұра­пыл жылдарға тура келіп, еңбе­кке ерте араласты. Соғыс жылдарынан кейінгі кезеңде Жалағаш совхозында мал дәрігер, одан кейін аудан орталығындағы №3 кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім болды. Білікті де білімді маманға сол тұстағы лауазымды кісілер Казселхозтехника меке­ме­сіне қызмет ауыстыруын өтінді. Осында жүріп өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, құрметті зейнет демалысына шықты. Сол тұстан бастап «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген аталы сөзге жан бітіріп, үй ауласын ғана емес, кентті көркейтуге, көшені көгалдандыруға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.

ЖАЙҚАЛҒАН ЖАСЫЛ БАҚ
Кенттің шығысында, яғни Бұқарбай батыр көшесінің бас жағында шамамен бір гектар аумақты құрайтын жайқалған ағаштар алыстан көзге түседі. Бұл саябақтың маңайы кезінде көлшік суға толы қараусыз жатқан жер болғанын, мұнда қоға мен мал жемейтін жабайы шөптен басқа ештеңе шықпағанын сол маңдағы тұрғындар жақсы біледі. Осыдан 20-25 жыл бұрын қойы қоралас, үйі аралас тұрған Қартбай, Жаңаберген, Тасмағанбет және Ақберген ақсақалдар бұл жерді қайта қалпына келтіруге жұмылып, су сағасын аршып, егін егу қамына кірісті. Алдымен жағалай Сыр талы мен терек ағаштарын отырғызып, жерді құнарландырып, кейін бақша өнімдерін көшеттей бастады. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Тынымсыз еңбектің арқасында Жер-Ана да өз несібен төкті. Қазір сол биік-биік еңселі ағаштардың бұтағына құшағың жетпейді. Жаздың аптап ыстығында осы талдардың көлеңкесін саялап барсаң, қоңыр салқын самал жел есіп, көктің керемет исі тынысыңды ашатындай.
Әлі есімде, бала күнімізде жазғы демалыс басталысымен көрші балаларға еріп, «Қисық арық» аталып кеткен каналға шомылуға баратынбыз. Одан шығып Ақберген әкеміздің бақшасындағы жидені жұлмалап, жалма-жан қаша жөнелеміз. Негізінде бұлай ұрланып кіріп, жидені сындырып жемесек те, бақшаға келген балаларға ағамыздың өзі керекті жемісті талдан қағып, қалтаға салып беретін. Бірақ ауыл балалары әлгінде жасаған әдетін жиі қайталап, жеміс талының бұтағын сындырып кетуді қоймады. Осыдан кейін ол: «Қой, балалар, ұрланып келіп жиде жеймін деп, бір күні талдан құлап жазым болар. Жеміс талдың орнына басқа ағаш отырғызайын» деді де, келесі көктемде жиде талдың орнына 1000 түп терек көшетін егіп, бақшаны көркейту-көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырды.
Бағбан ақсақалдың тынымсыз еңбегінің арқасында терек, Сыр талдары тез бой алып, көшеттер тегіс шықты. Қазіргі кезде аула сыртындағы бұл саябақта жайқалған мыңнан аса ағаш кент келбетіне өзіндік көрік беріп тұрғандай.

ЖИЫРМА ТҮРЛІ ЖЕМІС
Анар, таңқурай, алхоры, қарақат, шабдалы, алмұрт, алма, жүзім, шие, өрік және тағы басқалар. Ақберген ақсақалдың бау-бақшасында жайқалған жеміс түрлерін айта берсең осылай тізбектеліп кете береді. Үй ауласындағы бұл жеміс ағаштарының алды 1992 жылы отырғызыла бастапты. Содан бері жерді құнарландыру бағытында әртүрлі өсімдік егіп, топырақтың бабын келістірді. Бүгінде өңірдің климаттық жағдайына сай келмейді дейтін көпке таңсық жемістерді күтімге алып, оны баптап, біздің жерге тамыр жаюы үшін еңбектеніп келеді.
– Бақшада 15-20 түрлі жеміс ағашы бар. Көбісі өзге өңірден әкелінді. Арасында Ресейден жеткізілген көшеттер де кездеседі. Егілетін жеміс ағаштарының тұқымдары мен сорттарына қарай, жергілікті ауа райы мен климаттық жағдайларын ескере отырып, топырақ құнарлығына мән берген жөн. Ауа райының қолайсыз жағдайына төзімді болуы, егілген ағаштардың көп жасауы, жеміс беру мезгіліне тез жетуінің бәрі ағаштардың күтіміне және дұрыс орналасуына байланысты. Біздің ауа райының құрғақтығы мен жаздың ыстығын ескере отырып, жеміс ағаштарының өсуі және жеміс беруі үшін оларға қолайлы жағдай жасалу керек. Менің күнделікті жұмысым осы бақшада өтеді. Әр талдың жайқалып шығуы ол – еңбектің қайтқаны, – дейді Ақберген ақсақал.
Бақшаны аралап жүріп, бір талдың бойынан түрлі жеміс ағашының бұтақтарын кездестірдік. Сөйтсек соңғы жылдары бағбан әртүрлі жеміс бере алатын ағаш өсіру ісіне ден қойған екен. Ол аналық ағашқа басқа жеміс бұтақтарын өз қолымен қондырған. Нәтижесі де жаман емес. Қазір бір талдан бірнеше жеміс беретін ағаш бой алып келеді. Олардың ішіне алма, шие, алхоры, және өріктің түрлі сұрыптары бар.
– Бір талдан бірнеше жеміс алуға да болады. Бір талға екі немесе үш түрлі жеміс бұтағын өзіндік әдісі бойынша байлап, жалғап көрдім. Қазір жақсы, көктеп тұр, – дейді бағбан.
Жеміс-жидек және жүзім ағаштарына көптеген зиянды жәндіктер мен өсімдік аурулары үйір болатыны белгілі. Оның алдын алудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар екен. Мұны бақшадағы талдарға байланған матадан, әр түпке себілген ақшыл түсті ұнтақтан аңғардық. Зиянды жәндікке қарсы әдісті бағбан бізге былай түсіндірді.
– Бау-бақшадағы өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы күресу үшін түрлі әдістер қолданылады. Байқап қарасаң, әр ағаштың түбіне ақшыл түсті ұнтақ себілген. Бұл кәдімгі қант араласқан құмырсқаға қарсы қолданылатын (муравьиное кислота) сұйықтық. Осыны әр талдың түбіне тастаймын. Жемісті зақымдағыш жәндіктер қантты жейді де әрі қарай жойылады. Одан бөлек әр түптің төменгі бұтағын майлы матамен орап қоямын. Ол – құмырсқаға қарсы қолданылатын әдістің бір түрі. Осылай әр талдың бабын жасап, зиянкестен қорғап отыру керек. Есіктің алдындағы бос жердің бәріне жеміс талын отырғыза бердім. Жүзім, алма, шие, алмұрт, өрік жемісінің 7-8 түрі бар. Олардың ішінде мегіліне қарай, сортына қарай бөлінетін ағаштар да кездеседі. Жалпы жиырма шақты жеміс ағашы өсіп тұр. Жақында Орал қаласынан Ива өсімдігіне ұқсас шие көшетін алдырып ектім. Шығымы жаман емес. Мұның бір ерекшелігі, сабағы төмен қарай өседі. Суыққа да шыдамды келеді екен, – дейді А.Баймаханов.
Көзіміз көргендей табиғатқа аса жанашырлықпен қарайтын еңбек ардагері бақшадағы жеміс талдардан бөлек әсем гүлдердің де түр-түрін күтімге алған. Ал терек, жиде, шырша секілді ағаштар да аула көркін одан әрі айшықтап, үй іргесін жасыл желекке көмкеріп тұр. Сексеннен асқан ақсақалдың бұл еңбегіне сүйсініп, көз тоймас жасыл бақтың кереметіне тамсанбасқа амалың жоқ. Әр өсімдіктің өн бойындағы гүлден шыққан жұпар исі, табиғаттың әсем көріністері еріксіз таңдай қақтырады.
Түйін: Жеміс ағаштары мен өсімдіктер де табиғаттың сыйы. Оны сөз жетпес сұлулыққа, баға жетпес қазынаға, көз тоймайтын әсемдікке, айтып жеткізе алмайтын тамаша көріністерге теңейміз. Кейінгі буынға өзінің еңбексүйгіштігімен, өнегелі ісімен, көркем міне­зімен, ғибратты ғұмырымен үлгі-өнеге болып жүрген Баймаханұлы Ақберген әкеміздің бұл бағбандық еңбегі – табиғаттың осындай сұлулығы мен кереметтілігін көз алдымызға әкеліп, өсімдікке деген өн бойымыздағы мейірімділікті одан әрі арттырғандай сезілді. Еңбегімен елге сыйлы болған батагөй ақсақал жайлы алдағы уақытта жазарымыз да, айтарымыз да көп-ақ. Ал бұл жолы өзгеге үлгі болған бағбандық өнерін, жазық жерді жасыл баққа айналдырған өлшеусіз еңбегін аз-кем сөз етуді жөн көрдік.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


26 мамыр 2020 ж. 605 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930