» » ОТЫЗЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ОЗБЫР САЯСАТЫ

ОТЫЗЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ОЗБЫР САЯСАТЫ

Бұл қазақтың басынан не өтпеді десеңізші?! Қазаққа «Елім-айды» айтқызған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын айтпағанның өзінде, одан кейінгі 1932-1933 жылдардағы аштық пен 1936-1938 жылдардағы репрессия талайдың жүрегіне мұң салды. Ел есін енді жия бергенде 1941 жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Биыл қазақтың үштен екісі жазықсыздан-жазықсыз өмірден өткен ашаршылыққа 88, ел­дің жоғын жоқтап, мұңын айтқан зиялылардың саяси қуғын-сүргінге ұшырағанына 83 жыл толып отыр. Қазақ халқы үшін жүрекке мұң мен шер толтырған, ауыр жылдардағы алапатты зор күрсініспен еске түсіретін Кеңес үкіметінің де келмеске кеткеніне отыз жылға таяды.
Кеңестік дәуірде біз кешіре алмайтын екі нәубет бар. Оның бірі – 1932-1933 жылдардағы ашар­шылық та екіншісі – 1936-1938 жылдардағы сая­си қуғын-сүргін. Мұның барлығы – Ф.И.Голоще­киннің теріс ойынан туындаған, алдын ала ойлас­ты­рылған, қазаққа жасалған қастан­дық. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.Голощекин республи­каның саяси-экономикалық және әлеуеттік жағ­дайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан төңкерісінің ешқандай ықпалы болмады, сондықтан, мұнда «Кіші Қазан» төңкерісін жасау керек» деген қорытынды шығарған. Осылайша Қазақ даласында репрессиялық шараларды жүр­гізе бастайды. Оның жымысқы мақсатты көз­деген құйтұрқы саясаты қазақ халқын өте ауыр қасіретке душар етті.
1932-1933 жылдардағы аштық қарсаңында қа­зақтың саны 7 миллионнан асқан екен. Ал зұлматтан кейін ұлы даланы мекендеген халық 2 миллионға да жетпей қалған. Елдің мүшкіл хәлін, ауыр тұрмысын жоғарыға жеткізбек болып Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов сынды зиялылар 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге хат та жазады. Бұл тарихта “Алтаудың хаты” деген атпен қалды. Аштықтың бүкіл қазақ даласын жайлағаны соншалық, ел үдере көшіп, көрші мемлекеттерге баруға мәжбүр болған. Аштықтан, күшпен, зорлықпен тәркілеуден зәрезеп болған халық шет елге өтіп, босқынға айналды. Қытай асты, ішкі Ресейге өтті, тіпті бейтаныс жанға көршісінің қайда тұратынын айтпайтын өзбектің жеріне де барды.
Бұл нәубет аз болғандай одан соң репрессия деген шықты. 1937-1938 жыл­дары халқымыздың зиялы азаматтары – Шәкәрім қажы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Ай­мауытов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рыс­құлов, Ораз Исаев, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сүгіров сынды арыс­тар, ақын-жазу­шы­лар мен қоғам қайрат­керлері, та­ғы басқа елім деп еңбек еткен небір есіл ер­лер саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Қаламгер Дүкенбай Досжанның «Абақты» атты еңбегі арыстарымыздың темір тордағы жан күйзелісінен, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы мәдени өрлеу кезеңінен мәлімет беретін таптырмас дерек көзі екені аян. Осы кітапта арыстарымызды тергеу ісі туралы мә­ліметтер келтірілген. Онда біз қозғап отырған жайтқа қатысты болғандықтан үзінді келтіруді жөн санадық.
«Дулатов Ташкентке келісімен Қожа­нов­пен тіл табыса кетті. Қожанов Дулатовтай іскер кісі тапқанына қатты қуанып, жаңа газет ашуға тапсырыс берді. Бірнеше күннен кейін «Ақ жол» газеті ашылды. Газеттің жауапты редакторы Қожанов болса да, негізгі ша­руа­ның бәрін Дулатов өз мойнымен кө­терді» (Әділов Дінмұхамедті тергеу ісінен үзінді). Бұл жерден біз бір кездері ұлт­тың болашағы үшін жанұшыра күрескен зиялылардың басын біріктірген «Қазақ» газетінің мұратты ісін жалғаған «Ақ жол» газетінің шығуына сеп болған Сұлтанбек Қожанов пен Міржақып Дулатов екеніне көз жеткіземіз.
Тарихи деректерде 1930 жылдан 1956 жылға дейін Кеңес Одағында 26 лагерь жұмыс істегені айтылады. Оларда 20 миллиондай адам қамауда ұсталды. Осы лагерьлерде 1 миллион адамның өмірі қиылды. Сол қайғылы оқиғалардың бір парасы өзіміздің Сыр елінде де болған. Сыр топырағынан нәр алып, барша Алаш үшін аянбай еңбек еткен, туған халқының тәуелсіздігін аңсап өткен Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов пен Сүлеймен Есқараев та сол қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тарих­шылардың мәліметі бойынша, репрессия уақы­тында 1937-1938 жыл­дары Қазақстанда 118 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңы ату жаза­сына кесілген. 1937-1938 жылдары 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрес­сия зобалаңының құрбаны болып атыл­ды.

Кеңестік кезеңнің тағы бір лағнетті оқиғасы халықты жаппай депортациялау бола­тын. Сол кезде жекелеген партия, кеңес, комсо­мол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық се­німсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқы­зы­лып, тарихи атамекенінен күштеп жер ауда­рыл­­ған. 1920-1950 жылдары тұрғындарды күш­­­теп көшіру сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құ­­рамдас бөлігіне айналды. Кеңес үкіметінде депор­­­тацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жетті. Олардың қатарында немістер, татарлар, украиндар, кавказдықтар, балқарлар, қара­шай­лар, кәрістер секілді сан ұлттың өкілі бар еді.
Қазақтар тарихи Отанынан айырылып келген халықтың бәріне қамқорлық жасады. «Сен бөтенсің» деп өзектен теппеді, сыртқа ысырмады. Үйсізге өз үйінен орын беріп, панасызға пана болды. Жалаңашты киіндірді, ашты тойдырды. Қазақ халқының осындай қасиеті, ілтипаты, қамқорлығы көптеген ұлт пен ұлысқа Ұлы даламызды екінші Отаны етті.

Жоғарыда атап көрсеткен 1932-1933 жыл­дар­дағы аштық пен 1936-1938 жылдардағы репрес­сияны қазаққа жасалған қастандық демеске лажы­мыз жоқ. Тәуелсіздігімізді алғанша кейбір жайларды байыбына жеткізіп айта алмадық. Дегенмен 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қудалаудың құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Содан кейін Елбасының Жарлығымен 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Бүгінде жыл сайын саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алып, олардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа үлгі етіп, рухтарына арнап құран оқылады.

Құдайға шүкір, мыңжылдықтар тоғысында еліміз тәуелсіздік туын биік тұғырға орнатып, берекелі бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп келеді. Ащы өксік алып келген алапат жылдар артта қалды, көз жасымыз құрғады. Алдымызға үлкен мақсаттар қойып, соның жолында аянбай тер төгіп жүрміз. Десе де қаншама тағдырды талқыға түсірген, көп өмірді қыршынынан қиған зұлматты жылдар көңілге қаяу түсіріп, өткенге көз салуға мәжбүр етеді. Сол жылдардың жарасы әлі де жүректе сыздайды...

Азиз БАТЫРБЕКОВ


02 маусым 2020 ж. 647 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930