» » КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕР КҮН ЖАҚЫН

КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕР КҮН ЖАҚЫН

Көгілдір отынды тағатсыздана күткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бүгінде кентішілік газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Кентішілік газ тарту жұмыстарын қолға алған мер­дігер мекеме – «StroyGazCompany» ЖШС. Не­гізінде бұл жоба екі бөліктен тұрады. Біріншісі, «Тереңөзек-АГТС-тен Жалағаш-БГРП-ге дейін 1,2 Мпа жоғары қысымды бұрма-газ құбырын тарту жұмыстары. Жалпы желі ұзындығы 25,2 шақырым болса, бүгінгі күнге 24,6 шақырымы дәнекерленіп, оның 15 шақы­рымы көмілген. Қазір бұл жұмыстардың 90 пайызы орындалыпты.

Ал жобаның екінші бөлігі – кентішілік газбен жаб­дықтау желілерінің құрылысы. Жоба бойынша 2 газ реттеу пункттерін (ГРП), 18 газ реттеу шкафтарын (ГРШ) орнату, 97 шақырым жер астымен, 37 шақырым жер үстімен жүретін газ желісін тарту қарастырылған. Қазіргі таңда 88,9 шақырым жер астымен, 7 шақырым жер үстімен жүретін газ желілері тартылып, құрылыс жұмыстарының 72 пайызы орындалған.

Осы тұрғыда газ тарту (жерді қазу) кезінде көшелердің асфальтына зақым келуде. Көпшілікті мазалаған осы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқан едік. Жауапты мамандар: «Газ желілерін тарту жұмыстарын мердігер мекеме жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес жүргізуде. Жер қазу жұмыстарын жүргізгенде көшенің бүлінуі, асфальттың бұзылуы орын алатыны қалыпты жағдай. Бүлінген көше мен асфальтты мердігер мекеме қалпына келтіреді және кейбір көшелер жоспар бойынша жөндеуден өтеді» деді.

Аталған бөлімнің мәліметіне сүйенсек, мердігер мекеме газ желілерін тарту алдағы тамыз-қыркүйек айларында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұны ескерген тұрғындар газды үйіне кіргізуді де бастап кетіпті.
Айта кетейік, тұрғын үйлердің орталықтандырылған газ желісіне қосылу жұмыстары тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Бүгінде осы жұмыс­тармен айналысатын кәсіпкерлер де көпшіліктің сұранысына сәйкес қызмет көрсетуге кірісті. Соның бірі – «КазЭнергоПроектСтрой» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі.

– Бұған дейін басқа аудандарда болып, тұрғын үйлерге газ құбырын кіргіздік. Қазір Жалағаштағы жекелеген үйлерге газ желісін жеткізіп, есептеуіш құрылғылары мен газ пештерін орнатып келеміз. Бір үйге газ кірзігу жұмыстары 1-2 күнде бітеді. Біздің мекеме тарапынан тұрғындарға барлық жеңілдік қарастырылған. Қаржы мәселесі туындаса, оны да бөліп төлеуге болады, – дейді серіктестік басшысының орынбасары Дүйсенбек Сарбалақов.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


02 маусым 2020 ж. 544 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930