ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменовтың төралағымен актив отырысы өтті. Жиында А.Шаменов әріптестеріне 2020 жылдың 9 маусымындағы №33 өкімімен тағайындалған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бакировты таныстырды.
Басқосуда Асылбек Өмірбекұлы аудан әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды бірге жүзеге асыруда Ерлан Әмірханұлына сенім білдірді. Осыған дейін түрлі салада қажырлы еңбек еткен Ерлан Бакиров та артылған сенімді ақтауға күш салатынын жеткізді.
Еңбек жолын 2004 жылы заңгер болып бастаған Ерлан Әмірханұлы 2005-2006 жылдары облыстық табиғи монополиялардың қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасының жетекші маманы, бас маманы, 2006-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтар жұмыстар бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, 2011-2016 жылдары облыс әкімі аппаратының кадр жұмысы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2016 жылдың мамыр айынан бастап осыған дейін облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Ерлан Әмірханұлының осыған дейінгі еңбек жолын саралаған Асылбек Шаменов оның мемлекеттік қызметте, оның ішінде басқарушы лауазымдарда тәжірибесі мол білікті маман екенін тілге тиек етті. Жиында бірқатар сала басшылары сөз алып, жаңа қызметке тағайындалған Е.Бакировтің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«ЖЖ» ақпарат